Ер қанаты - ат
Ер қанаты - ат
Жиынға келген қонақтарды ауыл өнерпаздары сырнайлатып, кернейлетіп әсем әнмен әуелетіп, №4 шағын орталықты орта мектебінің ауласында қарсы алды. Кеш қонақтарына айрықша әсер қалдырған бұл қарсы алу рәсімі одан әрі ауылдың қадірлі ақсақалы ақын, күйші, аңшы, атбегі Жорабек Әбдікерімовтің арнау жырымен әрленді. Ауылдың сыйлы әжелері, көп жыл ғұмырын ұстаздық етуге арнаған Мейрамкүл Өскембаева, Бақыт Жаңабаева және Зина Қазыбаеваның үштігінен құралған «Ақ кимешек» әжелер тобы да кеш ажарын аша түсті. Олар белгілі композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Ескендір Хасанғалиевтің әндерін құйқылжыта шырқады. Семинар екі бөлімде жүргізілді. Бірінші бөлімде танымдық пікірлер легі ортаға салынды. Онда Жорабек Әбдікерімұлы атбегілік өнердің ежелден сақталған қыр-сыры жайлы айтып өтіп, жүйрік атты қалай баптау керектігі туралы толыққанды түсіндіріп келелі ой қозғады. Жиынның екінші бөлімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертте әуезді ән шырқалып, күмбірлеп күй тартылып, бишілер мың бұрала биледі. Әсіресе театрландырылған көрініс көрерменді бір серпілтіп тастады. Қысқа ғана көріністе қазақтың сал-серілік өнерінің көш басында тұрған Ақан серінің өзі өмір сүрген заманда ауыл-аймақты аралап, халықтың жұтаң көңілін әнмен жұбататыны әсерлі айшықталды. Өз теңіне қосыла алмай, көңілі шерге толған хас сұлу Балқадишамен Ақанның бір сәттік кездесуі, Ақанның сол мезетте «Балқадиша» әнін шырқауы осы туындының шығу тарихымен әдемі сабақтасты. – Семинарды өткізуде ауыл халқының күнделікті күйбең тіршіліктен бір демалып, рухани азық алуын мақсат тұттық. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, сахнада өнер көрсеткен де өз ауылымыздың қара домалақ балалары мен жалынды жастары, қазыналы қарттары. Барлығы өзіне тиесілі образды сәтті сомдап шыға білді, – дейді Әбжапар ауылдық клубының мәдени іс- шараларын ұйымдастырушысы Өтеген Жорабекұлы.
Нұрперзент ТУҒАНБАЙ,
Тараз өңірлік
университетінің студенті.
Т.Рысқұлов ауданы.