Денсаулық

Ұлағатты ұлт перзенті

Ұлағатты ұлт перзенті

Еліміздің тағдырлы тарихында халықтың бағы үшін, намысы мен ары үшін аянбай тер төгіп, ғибратты ғұмыр кешкен атпал азаматтар аз болған жоқ. Топырағы текті, жусаны жақұт Әулиеата топырағы да халқымыздың салтын сақтап, даңқын асырған талай кемеңгердің кіндік қаны тамған құтты мекен. Сол таутұлғалардың қатарында аумалы- төкпелі уақытта халқымыздың саяси һәм идеологиялық өмірінде өшпес өнегелі қолтаңбасы қалған, Ұлы далада ерлікпен пара-пар іргелі істері есімімен бірге әлі күнге дейін жаңғырып тұрған, ақтық демі қалғанша Алашының тілеуін тілеп өткен аласармас асқар тау – Асанбай Асқаровтың орны бөлек. Биыл болмысы қайталанбас қадірлі қайраткердің дүниеге келгеніне жүз жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында біз рухы биік ұлт перзентінің қарашаңырақ, алтын бесігі – Меркі жеріндегі Тәтті ауылдық округіне арнайы атбасын бұрдық. 

Саналы ғұмырын елінің әлеуметтік- экономикалық даму жолында сарп еткен, көргені мен түйгені мол, адал ісімен абырой биігіне жеткен қадірлі қайраткер Асанбай Асқаровтың өмір жолы азаматтықтың алтын әліппесі іспетті. Өткенге көз жүгіртіп, еліміздің тарихына назар салсақ, қазақ халқының ата-бабалар аңсап өткен азаттыққа жету жолындағы желтоқсан оқиғасын айналып өту мүмкін емес. Қиын-қыстау заматта ел басына күн туып, ұлт тағдыры шешілер тұста жазықсыз жала жабылып, Алаш арыстарының ізімен ақиқат үшін абақтыға қамалып, небір нәубетті азапқа түссе де ақиқаттың ақ туын төмендетпей, нық сөйлеп, тік жүрген Асанбай Асқаровтың есімі сол дүрбелеңмен бірге халқының жүрегіне жол тапты. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан отты сөзі осындай кезде еріксіз еске түседі. Себебі дәл қазір ортамызда жоқ болса да, сом бейнесі сөнбес сәулеге айналған Асанбай Асқаров халқына адал мінезбен қалтқысыз қызмет еткен жан. Оған ел көзі куә, ғұмыры дәлел. Бекзада болмысы азаматтық асыл қасиеттерге толы таутұлғаның туған ауылына атбасын бұрғанымызда халқының, ауылдастарының оған деген кіршіксіз көңілін, биік құрметін көріп, көңіліміз марқайды. Талайғы жазбаларда қайраткердің туған ауылы ретінде Тәтті ауылы айтылады. Шынтуайтында, тұлға туған ауыл сол Тәтті ауылдық округіне қарасты қасиетті Қарасу ауылы. Біз алдымен қайраткердің өзі топырағына аунап-қунап өскен Ұлы даладағы ұлтарақтай ғана ауылдағы үйге бардық. Қазір мұнда Асанбай Асқаровтың туыстары тұрады екен. Жалпы айтқанда ауыл тұрғындарының қазыналы қариясынан бастап қарасирақ баласына дейін Асанбай Асқаровты «ағамыз», «атамыз» деп мақтануы жүректі елжіретеді. Біз ауыл азаматтарының әрбірімен жеке-жеке сөйлесіп, әрқайсысының құрметін, естен кетпес естеліктерін білуге тырыстық. – Асанбай ата Фрунзеде (қазіргі Бішкек) жазықсыз жала жабылып, істі болып жатқанда әкем екеуміз апта сайын арнайы барып, хал- жағдайын біліп тұрдық. Ол кісі осы Қарасу ауылында туып-өсті. Ауылдың сай-саласында ол кісінің балалық ізі сайрап жатыр. Осы қарашаңырақта балалық шағы өтті. Кейін оқуға түсіп, талай үлкен қызметте болды. Үш облысты басқарды. Құдай қаласа атамыздың жүз жылдығына орай ауыл халқы болып ауқымды іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Осы қарашаңырақта Құран оқытамыз. Ауылдың жастары болып үлкен бәйге ұйымдастырамыз. Бұл ауылдан көп тұлғалар шықты. Еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек еткен атамыздың өмір жолын әрдайым мақтан тұтамыз. Өзіміздің балаларымызға да үнемі айтып отырамыз. Ол кісінің көзі тірісінде Алматыдағы үйіне де талай бардым. Өмірде өте байсалды кісі еді. Өзі жазықсыз тар қапаста азапталып, қанша қиындықты көріп жатса да қабағын шытпай, жымиып, маңдайымыздан сипап, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Шымкенттік ағайындар 75 жасына үлкен той жасап берді. Ол тойдың да басы-қасында болдық. Ол кісінің әр қуанышында жанынан табылдық. Өзі туып- өскен осы Қарасу ауылының кіреберісіне өзіміз атамыздың ескерткіш-бюстін салсақ деген ниетіміз бар. Ауыл маңынан өткен-кеткен әрбір адам Асанбай Асқаровтың ауылы деп айтып өтеді. Сондықтан сол кісінің рухына бас иіп, ауылының кіреберісіне осындай ескерткіш орнатсақ деп отырмыз. Алдағы уақытта да атамыздың мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттайтын игі істерді ел болып, жұрт болып жұмыла атқаруға әрдайым дайынбыз, – дейді Асанбай Асқаровтың туыс інісі, Қарасу ауылының тұрғыны Ербол Ұлықпанов. Алаштың аяулы һәм айбынды перзентін тербеткен алтын бесік, аядай ғана ауылда қайраткердің ғибратты ғұмыр шежіресін жолымыздан әрбір жолыққан жан жатқа айтып, тайлы-тұяғымен сөз тізгіндеуі көңілімізге керемет әсер сыйлады. – Асекең осы ауылдың мақтанышы. Еңбек жолы да осы туған жерінде басталды. Бұл кісінің тәрбиесі, өмір жолы ауылға үлгі. Қай кезде де бала-шағамызға Асекеңнің өнегесін айтып жүреміз. Біздің ауыл – аруақты ауыл. «Аруақты ауылдан ат үркеді» деп еліміз бекер айтқан жоқ. 1982 жылы Пятигорскте болдым. Сол жердегілер мені қырғыз деп танитын. Қалай айтсам да оларға қазақ екенімді дәлелдей алмай жүрдім. Сол уақытта Асекең Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Көзін оған дейін көрмесек те сыртынан қатты мақтанып жүретінбіз ол уақытта. Сол күні жанымда біраз жолдастарыммен ресторанға барып, Асекеңнің атын атап құрмет көрсеттім. деді. Ол кісімен бір ауылда туғанымды мақтанышпен баяндап бердім. Сөйтсем ол адамдар да Асекеңнің жақсылығын көрген кісілер екен. Қазақ деген елдің бар екенін білмейтіндер сол кезде Асанбай Асқаровты танитын. Елге қайтарда сол кісілер шығарып салды, қайраткерге, оның туған ауылына дұғай сәлем айтты. Мені қырғыз деп жүргендер ерекше көзқараспен қарап, құрмет көрсете бастады. Атышулы желтоқсан оқиғасынан кейін Асекең солақай саясаттың құрбаны болып, жазықсыз жазаланып, қамаққа алынды. Бірақ «аққа Құдай жақ» демекші, ол кісі ақыры ақталып, аман-есен бостандыққа шықты. Сол кезде қасында қырғыздың ақындары бар, барлығы осы өзі туған ауылға келді. Ауданның азаматтары болып күтіп алдық. Ол уақытта мен ауылдағы бас зоотехник маман болып жұмыс істейтінмін. Үй тігіп, дастарқан жайып, астына ат мінгізіп шығарып салдық. Қай ауылдансың деп біреу сұраса, Асекеңнің ауылынанбыз деп қайда жүрсек те мақтанып жүреміз, – дейді қайраткердің ауылдасы Медербек Зүбайдаев. Қазіргі таңда Қарасу ауылының кіреберісінде ескерткішке арналып тас төгілген екен. Десек те ауыл халқының талай жылдан бері айтылып келе жатқан бұл жоспардың осы жүзжылдықта орындалса деген тілегі бар. Қажет болған жағдайда қолдан келгенше өздері де қолұшын созып, аянбай атсалысатындарын алға тартып отыр. – Өмір жолын 17 жасында мектеп мұғалімі болып бастаған Асекең, 1942-1946 жылдары әскер қатарына шақырылып, батальон, полк деңгейінде әскери-саяси ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң, саяси және идеологиялық жұмыстармен айналысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Жамбыл облысының Красногор және Меркі аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, екі жылдан кейін аталған облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Облыстың экономикасын, мәдениетін дамытуға зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орындары бой көтерді, ғылыми- зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашылды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүлденген қалаға айналды. Халықтың мәдениеті мен тұрмысы жақсарды. Асекең алғаш көзге түсіп, омырауына қадаған Ленин орденін 1947 жылы небәрі 25 жасында алыпты. Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып күндіз-түні тыным көрмей, сол жылдары салынып жатқан теміржол құрылысына белсенді араласып, тусырап жатқан далаға қызылша еккізіп, мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығын дамытып, мол өнім алғаны үшін абырой биігіне көтерілген. Кейінгі алған марапаттарының бәрі, атап айтқанда Социалистік Еңбек Ері атағы, бес Ленин ордені, «Октябрь революциясы» және екі «Еңбек Қызыл Ту» ордені, 20-ға жуық медаль және ондаған мақтау грамоталарының барлығы өзінің ерен еңбегінің жемісі. Осындай алып тұлғаны осы ауыл өсірді, 1929 жылы Құлназар деген ағасы Шудағы Макаренко мектебіне оқытып, сол жерден қара таныды. Өз еңбегімен бағындырған әрбір белесіне өзінің туған жері алтын баспалдақ болды. Өкінішке қарай жазықсыз жаланың кесірінен төрт жарым жыл өмірі абақтыда өтіп кетті. Абақтыда азап көрсе де төрт кітап жазыпты. Соңғы сәтіне дейін қоғамдық жұмыстардан қалған жоқ. Өмірден өткенше халқым деп ғұмыр кешті. Сол жазықсыз жаланың кесірінен істі болған кезде атамызға сөз бергенде өз басын арашалап, ақталмастан, ең алдымен ауылдастарынан «Халқым аман ба?» деп сұраған екен. Өзінің тағдыры қыл үстінде тұрса да елін ойлағаны әрдайым жүрек тебірентеді. Кішіпейіл, кеңпейіл, кісілігі бір төбе, өте сауатты азамат еді. Абақтыдан шыққанда бірінші біздің шаңыраққа келді. Батасын беріп кетті. Биыл сол қаранарымыздың жүз жылдығы. Басында сол кісіге ескерткіш орнатамыз деген кісілердің барлығы өмірден өтіп кетті. Десек те ауыл жастары, халық осы жоспарды жалғастырамыз деп отырмыз. Мерейтойы қарсаңында жергілікті билік тарапынан қолдау болса, ел болып біз де қарап отырмаймыз, – дейді туысы Мақсұт Ұлықпанов. Ұлт перзентінің ұлағатты істерін ұрпаққа ұлағаттап отырған ауылдың да келешегі күннен күнге кемелденіп келеді. Шағын да болса шаңырағы биік, шаруасы шырайлы, тіршілігі тынымсыз. Қайраткердің қыркүйектегі айтулы мерейтойына орай Қарасу халқы көгілдір Жат елде жүріп жалпақ әлемге жар салып мақтандым. Содан ертеңінде бір кісілер келіп «кеше Асанбай Асқаров туралы айтыпсыз, кімі боласыз?» отынның игілігін көреді деп те жоспарланып отыр. – Қазіргі таңда Тәтті ауылдық округінде жеті елді мекен бар. Онда 2700-ге жуық халық тұрады. Бала күнімізден Асанбай атамыздың кітаптарын оқып, өнегесін санаға сіңіріп өстік. Білім қуып, оқуға түскенде де сол кісіге ұқсағымыз келді. Елге танымал сондай үлкен тұлғаның ауылында туып-өскенімізді әрбіріміз мақтаныш көреміз. Ауылымыз да жылдан жылға, күннен күнге көркейіп келеді. Ауызсу, балалар алаңшасы, медициналық қызмет те талапқа сай жұмыс істеп тұр. Таяуда ғана ауылымыздан дәріхана ашылды. Ауыл халқы бір орама дәке үшін бұрын аудан орталығына баратын болса, қазір ауылдан-ақ қажетті дәрілерін ала алады. Енді алдағы атамыздың туған күні қарсаңында Тәтті ауылынан 9 шақырым Қарасу ауылына дейін республикалық бюджеттен газ тартылады. Жұмыстар күзде басталып, жыл аяғына дейін тұрғындар көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарлануда. Оған қоса құнан бәйге, тай бәйге, футболдан жарыс өтеді. Мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Атамыздың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді Тәтті ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ерлан Қалымбетов. Өз сөзінде ауыл ақсақалы Сағымбай Салғараевта Асанбай Асқаровтың мерейтойына орай жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жастарға батасын беріп, әрбір ұрпақты қайраткердің рухы қолдап жүрсін деген тілегін жеткізді. Одан кейін біз таутұлғаның Меркі ауданының орталығында тұрған үйіне де бардық. Асанбай Асқаров көшесі №33 мекенжайындағы бұл шаңырақ мерейтой қарсаңында мұражайға айналмақ. – Бұл үйдің 1920 жылы іргетасы қаланған. Сол кезде орыстың кулагы тұрған екен. 1955- 1958 жылға дейін Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етіп жүргенде Асанбай ағамыз отбасымен бірге осы үйде тұрды. Жалпы осы шаңырақ бірқатар қайраткерлер мен атақты кісілердің көзін көрген үлкен есік. 1978 жылы аудандық соттың судьясы зейнетке шығып, әкем осы үйді сол кісіден сатып алды. Содан бері осы шаңырақта өзіміз тұрып келе жатырмыз. Қасынан жаңа жай салғаннан кейін осы шаңырақ босады. Сондықтан осы үйді мұражайға айналдыруды жөн көрдік. Асанбай ағамыздың өзі туып-өскен Меркі ауданының тарихына тікелей қатысы бар. Киелі шаңырақ болғандықтан өзіміздің қолымызда бар жәдігерлерді жинақтап қойдық. Д.Қонаев, Ж.Қуанышбаев секілді ел тарихындағы ірі тұлғалармен түскен суреттерін, ер-тоқымынан бастап өзі қолданған заттарын, киімдерін, барлығын орналастырдық. Тек енді бізге мұражай ретінде ашуға рұқсат керек. Оған қоса осы үйдің ауласына «Бұл үйде Асанбай Асқаров тұрған» деген тақтайшаны демеушілер есебінен жасатайық десек, оған да рұқсат керек екен. Аудан әкімдігі осы іске араласып, қолдау білдірсе осы жүзжылдық туған күнінде мұражайды ашсақ деген ниетіміз бар. Отызға жетпей орда бұзып, сол заманда Ленин орденін алу оңай емес. Біздегі ағаның жазбаларының арасында орыстың мықтылары жазған мінездемелері бар. Олардың барлығы ағамыздың жауапкершілігін, үнемі өзін-өзі шыңдап жүретінін және азаматтық асыл қасиеттерін айрықша атап өткен. Енді біз ағамыздың көзі тірісінде жарық көрген ақпараттық жазбаларын жинақтасақ деп отырмыз. Үйге өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Десек те сәулеті, қаңқасы дәл сол кездегі қалпында сақтаулы. Мұражай ашылса, жәдігерлерді жинақтау жұмысын жан-жақты жалғастыратын боламыз, – дейді туысы Бақытқали Ыдырысов. Қайраткерге Саддам Хусейн сыйға тартқан асыл қанжары және осы тақылеттес бірқатар құнды жәдігерлер Меркі аудандық тарихи- өлкетану музейінде де сақтаулы тұр екен. Біз Асқаровтың ел-жұрты айтқан өтініш пен талап-тілекті аудан әкімдігіне жеткіздік. Аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев таутұлғаның туған күніне орай ауданда ауқымда шара өтетінін, халықтың ой-ұсынысы ескерілетінін және игі шараға ауданнан шыққан атпал азаматтардың келетінін, қазір жүзжылдыққа орай қызу дайындық жүріп жатқанын жеткізді. Қорыта айтқанда, қайраткердің қасиетті қарашаңырағы, мерейі үстем Меркі жері ғасыр тойына дайындықты бастап кеткенін көрдік. Халықтың өз перзентіне деген риясыз құрметі шексіз екенін байқадық. Дархан даланың дара перзенті дүниеге келген күнге дейін әлі екі ай уақыт бар. Ендігі нәтиже сол екі айдың еншісінде.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Меркі ауданы.