Денсаулық

Айтматовты асқақтатып,Манас-ордоны жырға бөледі

Айтматовты асқақтатып,Манас-ордоны жырға бөледі

21 22 23 24 25Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қырғыз Республикасы Талас облысының жұртшылығы өткен сенбіде өңірдің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Мереке аясында Талас қаласының орталығында «Адамзаттың Айтматовы» атанған жазушы Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Манас-Ордо кешені аумағында 70 киіз үй тігіліп, ұлттық ат спорты ойындары өткізілді. Республикалық ақындар айтысы мен манасшылардың сайысы да үздіктерді саралады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған, құрамына 50 адам қамтылған жамбылдық делегация Қырғыз еліндегі осынау дүбірлі думанның құрметті қонағы болды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегімен бөлісті.

– Кеше ғана облысымыз 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Талас облысының делегациясы сол тойымыздың құрметті қонағы болды. Енді міне, Талас облысының 70 жылдығына біз келіп отырмыз. Бұл, бірлігі мен тірлігі жарасқан бауырлас халықтардың арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге артуын білдіреді.

Біздің тамырымыз тереңде жатқан, тағдырымыз ортақ, алыс ғасырлар қойнауында бір ата, бір анадан өскен үлкен жұрттың екі перзентіміз. Көршілес жатқан Жамбыл мен Талас облыстары жұртшылығының достығы әрдайым арта берсін! Қырғыз елінің гүлденуін, барлық тұрғындарына денсаулық, бақыт, бейбітшілік тілей отырып, достық қарым-қатынасымызды нығайтуда табыстар тілеймін. Той тойға ұлассын, ағайын! – деді өз сөзінде Ерқанат Нұрбапаұлы. Негізінен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдеи бірлестіктердің жетекшілері, осы бірлестіктер жанындағы жастар ұйымдарының көшбасшылары, ардагерлер, ғалымдар, өнерпаздар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған делегация Талас облысында ауқымды шаралар атқарды. Осы күні облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Достықта жоқ шекара» атты шекаралық әріптестік фестивалі қоса жүрді. Фестиваль аясында «ҚХА: Тарих. Тәжірибе. Даму көкжиегі» тақырыбында Талас облысындағы этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесу өткізілді. Өзара пікір алмасылды. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясына келер жылы 20 жыл толғалы отырса, Қырғызстандағы мұндай құрылымның өмірге келгеніне – 12 жыл. Айырқалпақты ағайындардың бұл тұрғыда бізден үйренетін тұстары аз емес. Сонымен қатар шара барысында облыс Қазақстан халқы ассамблеясы жастар лигасының көшбасшылары да қырғызстандық әріптестерімен жүздесті. Мұнда да мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Ал «Ата жұртты аңсау» тақырыбындағы шара барысында «Әулиеата» қазақ этномәдени орталығының өкілдері Талас қаласында тұрып жатқан қандастарымызбен кездесу өткізді. Негізінен Талас өңірінде 14 ұлттың өкілі тұрады екен. Соның ішінде қазақ диаспорасы іргелі істерге ұйытқы болуда. Әсіресе, салт-дәстүрді сақтау, туған тіліміз бен мәдениетті өркендету мақсатында әралуан шаралар өткізіледі. Қазақ ұлттық этномәдени орталығының жетекшісі, Қырғыз мемлекеттік заң академиясы Талас филиалының деканы Әлия Дүйсенбекқызының айтуынша, бір ғана Талас облысында 3 мыңнан астам қазақ тұратын көрінеді. – Қазақ- қырғыз бір туған деп жатамыз. Салт-дәстүрлеріміз де ұқсас. Қыз беріп, қыз алып, құда-жекжат, туыс болып кеткенбіз. Осында тұратын қазақ бауырларымыздың арасынан еңбек сіңірген дәрігерлер, білім беру ісінің үздіктері, өзге де еңбек озаттары көп шыққан. Кешегі Кеңес Одағының тәрбиесімен қанаттанып өскен бүгінгі орта буын өкілдері, біздер, осында сіңіп кеттік. Ал жастар жағы Қазақстанға барып, қызмет етуде. Біз туған еліміздің әрбір жеткен жетістігіне қуанып отырамыз, – дейді Әлия Дүйсенбайқызы. Мерекелік шаралар кешқұрым гала -концертпен түйінделді. Онда жамбылдық өнерпаздар да әннен шашу шашты. Күйшілер кең даланы күмбірге бөледі. Мың бұрала билеген бишілеріміздің өнеріне де дүйім жұрт дүркірете қол соқты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Қырғыз Республикасы, Талас қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.