Саясат

Пікірталаста жеңіске жетті

Пікірталаста жеңіске жетті

Қазан айының 24 және 26 күндері аралығында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің «Үш би» залында партияның ауыспалы кубогын сарапқа салған ХІІ республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Оған республиканың барлық өңірінен командалар қатысты.

Жастар арасында өте кең тараған пікірсайыстың бұл жолғы бәсекесінде жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті. Атап айтсақ, «Жаңару коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Серікбол Берікқожа мен Байзақ аудандық «Жастар орталығының» директоры Ернұр Мадияров турнирдің бас жүлдесін жеңіп алып, ауыспалы кубокты қанжығаларына байлады. Тараздан барған орыс лигасы да бірінші орынды еншіледі. Сөйтіп, тараздықтар Астанадан 4 кубокпен оралды. Естеріңізге сала кетсек, былытыр Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Жұмағазы Әсет және Ықлас Жеткер Қостанай қаласында өткен осы турнирдің кубогын иеленіп, келесі бәсекені өткізу құқығын Астана қаласына әкелген болатын. Енді міне, жерлестеріміздің жеңісі арқасында келесі жылғы турнирді өткізу құқы Тараз қаласына бұйырды. Турнирдің мақсаты – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы жастардың рөлін айқындау, олардың азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттыру.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Альберт Әлмұқанов.