Стратегиялық даму жоспары талқыланды
Стратегиялық даму жоспары талқыланды
Алматыда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми кеңес отырысы өтті. Онда ғылыми бөлімдер мен зертханалардың 2015-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары талқыланды. Осы жиынға институттың облыстық филиалы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ерлан Күлкеев бастаған жамбылдық агрономдар да қатысты. Даму жоспарын талқылау барысында еліміздің аграрлық саладағы даму сипатына басымдық берілді.
Оның ішінде негізінен ауылшаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілетті етіп өсіру, молайту, егіс жағдайларының мәдениетін жақсарту, еңбек-су ресурстарын үнемдеу үшін жаңа технологияларды өндіріске кеңінен әрі тезірек енгізу жағы да сөз болды. Сонымен қатар, экологиялық жер жағдайына байланысты ауылшаруашылығы дақылдарының жоғары әрі сапалы өнім беретін, суыққа, ыстыққа, шөлге шыдамды будандарын, сұрыптарын аудандастыру, оларды әртараптандыру технологияларын зерттеу, жемшөп базасын жасау, жайылымдық, пішендік, сүрлемдік және жемдік түрлерін өндіріске енгізу сияқты өзекті мәселелер де үлкен әңгіменің арқауына айналды. Ауылшаруашылығында соңғы уақыттарда қалыптасып, қордаланып қалған проблемалар мен кемшіліктер де шет қалмады. Ғылыми кеңес отырысы барысында Жамбыл филиалы тарапынан 2015-2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының 7 жобасы ұсынылды. Бұл жобалар болашақта еліміздің, оның ішінде облысымыздың да агроөнеркәсіп кешенін дамытуда, ауыл шаруашылығын әртараптандыруды анықтау технологияларын жетілдіру бағытында көп үлес қосары сөзсіз. Берік БАЙҰЛЫ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының аға ғылыми қызметкері, агроном.