Құқық

Қаржылық бұзушылық – қатаң бақылауда

Қаржылық бұзушылық – қатаң бақылауда

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің облыс бойынша инспекциясы мемлекеттік өкілетті орган ретінде, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен оларға бағынысты бөлімшілеріне республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың мақсатты әрі уақтылы пайдаланылуына, бюджет қаражаты есебінен жүргізілген мемлекеттік сатып алулар барысында ҚР Мемлекеттік сатып алулар заңнамаларының талаптары сақталуына бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізеді.

Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде бақылаумен қамтылған 264 нысанның 227-сінде жалпы көлемі 10 655 930,7 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бюджеттік және қаржылық есептіліктің ережесін бұзушылықтар ішінде материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі – 3 187,2 мың, бюджет қаражаттарын негізсіз пайдалану – 4 884 683 мың, бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалану – 123 629,9 мың, салықтан тыс төлемдердің тиісті бюджеттерге белгіленген уақытта төленбеуі немесе мүлдем төленбеуі – 4 474,1 мың, бюджеттік есеп пен қаржылық есептіліктердің жүргізілу ережесінің бұзылуы 5 526 255,5 мың теңгені құраған. Бақылау барысында және қолданылған шаралар нәтижесінде анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы көлемінен қайтарылуға тиіс 7 860 289,1 мың теңгенің 7 399 714,2 мың теңгесі қайтарылып, қалпына келтірілді, яғни орнын толтыру – 94,1 пайыз. Одан басқа мемлекеттік сатып алу бойынша 694 844,1 мың теңгені құрайтын құқықбұзушылық айқындалған. Мемлекеттік сатып алулардың 10 материалы бойынша қорытындыларының күші жойылды. Анықталған қаржылық бұзушылықтардың басым бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерде орын алған. Мәселен, «Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» КММ-де жүргізілген тақырыптық бақылау барысында жалпы көлемі 5 376 842,7 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде, атқарылмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін мердігерге 823 380,7 мың теңгеге алдын ала негізсіз төлем жасалынған, өткізілген мемлекеттік сатып алу іс-шарасынан түскен 2162,6 мың теңге бюджетке аударылмаған, 4 551 299,4 мың теңгеге бухгалтерлік қаржылық есеп дұрыс жасалынбаған. Келесі бір мекеме – «Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Нұрғиса Тілендиев атындағы көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүргізілген кешенді бақылау нәтижесінде 10 309,2 мың теңгеге қаржылық кемшіліктер анықталған. Мұнда мұғалімдерге біліктілік санатының дұрыс анықталмауынан 172 мың теңге еңбекақы артық есептеліп төленген, 2014 жылға қаржыландыру 838 мың теңгеге артық жоспарланған. Сонымен қатар интернат жатақханасына жөндеу жұмыстарының 224,9 мың теңгеге сапасыз атқарылуы, бюджеттік есеп жүргізу ережесінің 6634 мың теңгеге бұзылуы және 2440,3 мың теңгеге дебиторлық және кредиторлық қарыздардың қалыптасуы сынды заңсыздықтарға жол беріліпті. Мемлекеттік сатып алудың қорытындысына әсер ететін 379 мың теңгеге бұзушылықтар да осында орын алған. Ал, енді «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» КММ-ге жүргізілген тақырыптық бақылау барысында мемлекеттік сатып алудың қорытындысына әсер ететін 334 760,6 мың теңгенің бұзушылықтары анықталған. «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» КММ-ге бақылау барысында анықталған бұзушылықтың жалпы көлемі – 1 075 528,9 мың теңге. Оның ішінде, мердігерге атқарылмаған қызметтері үшін аударылғаны – 129 000 мың теңге және құрылыс бөлімінің қаржы есебі 946 528,9 мың теңгеге қате жасалынған. Келесі бір тексерілген «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» КММ-де қаржылық бұзушылықтың жалпы көлемі – 39 978,4 мың теңге. Атап айтқанда «мемлекет мұқтажына сатып алынған мүліктер үшін төлемдер» бюджеттік бағдарламасы бойынша қаржыландыру жоспары 987,2 мың теңге артық жоспарланған және жер телімдері мемлекет мұқтажына алынған адамдарға 38991,2 мың теңге тиісті өтемақылары уақтылы төленбеген. Мұндай бұзушылықтардан аудандар да ада емес. Айталық, «Меркі ауданы әкімдігінің ветеринариялық қызметі» шаруашылық жүргізуге құқылы мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында жүргізілген бақылауда анықталған қаржылық бұзушылықтың жалпы көлемі – 25851,6 мың теңге. Мысалы, мекеме қызметкерлеріне жұмыс атқармаған мерзіміне және орташа жалақыны есептеуде 237,3 мың теңге артық есептелінген. 25403,6 мың теңгенің негізгі құрал-жабдықтары пайдаланылмай тұрған. Салықтан тыс түсімдеріне таза табыс есебінен 210,0 мың теңге бюджетке қосымша аударылған. Ал, «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 44554,8 мың теңгеге, «Сарысу ауданы әкімдігінің білім бөлімі» КММ-де 31534 мың теңгеге мемлекеттік сатып алудың қорытындысына әсер ететін бұзушылықтар анықталды. Үстіміздегі жылдың үш тоқсанында анықталған қаржылық бұзушылықтардан әртүрлі себептермен өндірілмей қалған қаржы инспекцияның тұрақты және қатаң бақылауында.

Алмас Дүйсенбаев, облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысының міндетін артқарушы.