Әлеумет

Қапылыста «сүрініп» кетіп,қаңғыбасқа АЙНАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР...

Қапылыста «сүрініп» кетіп,қаңғыбасқа АЙНАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР...

16 15Қаланың қоқыс төгетін орындарында айналшықтап жүретіндерге көзіміз әбден үйренген. Кәдеге жарайтын заттарды пұл қылатын, үстеріне ілуге жарайтын ескі-құсқы киім-кешекті пайдаланатын ондайлардың саны күн санап өсіп барады. міне, қыс та келді. Енді олар көбіне көп­қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін паналайды. Ал, ол жерден орын тимегендері жылу құбырларының үстіне жата салады. Ескі құрылыс нысандарына «қоныстанып» алатындар да бар. Олардың ажалы көбіне үсіктен және бауыр ауруынан келетін көрінеді. Көбінің құжаты жоқ. Қыс ызғары сезіле бастаған Астана қаласында биылдыққа бірінші рет үсіктен өлген қаңғыбастың мәйіті табыл­ғанын республика­­­лық телеарналар көрсетті.

Мемлекет қоғамның мұндай мұндарларына да жағдай жасаған. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Тараз қалалық белгілі тұрағы жоқ тұлғалардың әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар. Мекеме қызметінің негізгі мақсаты – тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету. – Бүгінде орталықта 120 адам тұрады. Оларға барлығы 51 адам қызмет көрсетеді. 2014 жылдың 9 айында орталықтағы құжаттандырылған азаматтардың 26-сы «Жасыл-Тараз» мекемесіне қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы әлеуметтік бейімделу орталығына белгілі тұрағы жоқ азамат 1 жыл мерзімге келісім-шартпен қабылданады. Орталықта барынша жағдай жасалған. Күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Бір адамның күндік тамағына, дәрі-дәрмегіне, киім-кешегіне және жеке басының тазалығы үшін гигиеналық заттарына 830 теңге қарастырылған. Жылына бір адамға 302 950 теңге жұмсалады. Еліміздегі айтулы мерекелерде мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға арнайы ас мәзірі дайындалып, дәмді тағамдар беріледі. Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, аптасына екі рет киноға барады. Облыстық драма театрдағы қойылымдарды тамашалау да дәстүрге енген. Облыстық өлкетану мұражайына да жиі саяхат ұйымдастырылады. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Тараз қаласындағы «Шейх Зүнін» мешіті қызметкерлерінің қатысуымен өткен имандылық шарасының да тағылымы зор болды. Мұндай игі шара аптасына екі рет өтетін болып келісілді, – дейді мекеме директоры Ержан Аманбаев. Мекемені аралай жүріп, директордың айтқандарына өзіміз де көз жеткіздік. Тап-таза жайда жайлы төсек-орын, асханадағы дәмді тағам, демалыс бөлмесінде шахмат, дойбы – бәрі бар. Орталық тұрғындарынан бүгінге дейін 11 азамат құжатын қалыпқа келтіріп, психологиялық тұрғыда саламатты өмір салтына бейімделіпті. Атап айтқанда, Б.Усенбаев, С.Нұрымов, З.Бектұрғанова, З.Калиниченко, В.Зрянов, және Д.Жума өз беттерінше өмір сүріп жатыр екен. Ал, Б.Ибраев пен Ж.Сапарбекова отбасын құрып, мүгедектігіне байланысты берілген пәтерге шығыпты. 2014 жылдың 18 қыркүйек күні «КТК» телеарнасынан орталық тұрғыны М.Бекбосыновтың жақындары мен туыстарын іздеген хабар көрсетілді. Алайда, әлі күнге қарияны ешкім іздеп келмепті. Биыл мекеме белгілі тұрағы жоқ 259 адамды қабылдап, оның 49-ын құжаттандырған. Барлығы 34 адамның жұмыспен қамтылуына көмектесіпті. 17 адам қарттар мен мүгедектер үйіне орналастырылса, 9 адамға мүгедектік жәрдемақысын алуға ықпал еткен. Ресейдің «Жди меня» және республикалық «Хабар» телеарнасының «Бармысың, бауырым?» бағдарламалары арқылы 14 адамның туған-туыстары мен жақындарына іздеу салынған. Орталықта 2014 жылдың 1 ақпанынан жұмысын бастаған «Ұтқыр әлеуметтік патруль» қызметіне 85 рет қоңырау түсіп, 69 адамды орталыққа әкеліп орналастырған. 6 адам ауруханаға жатқызылған. Мұнда 117 адам бірінші рет түссе, 94-і екінші, ал, 48-і үш рет және одан да көп түскен. Әлеуметтік мекемелер – 11, ішкі істер органдары – 12, патруль қызметі – 69, денсаулық сақтау мекемелер – 73 адамды орналастырса, өз беттерінше келгендер саны – 92 адам. Түрмеден бостандыққа шыққан 2 адам да осында тұрып жатыр. Биыл бөлімге келген 259 адамның 209-ы ерлер болса, 50-і нәзік жандылар екен. Тұрақты мекені жоқтар үшін ашылған мекемеде тұрып жатқандардың 85-і жергілікті ұлттың өкілдері болып шықты. Тіпті, тепсе темір үзетін 30-40 жас аралығындағы 27 адам осы жерді мекен еткен. Заманауи үлгідегі техникамен жабдықталған «Ұтқыр әлеуметтік патруль» қызметінің көлігімен қаланы аралауға біз де шықтық. Мекеме қызметкерлерінің мәдениеттілігіне, инабаттылығына риза болдық. Қоқыс маңында жүргендермен адамгершілік тұрғысында сөйлеседі. Өздеріне арналған мекеме барлығын айтып, онда бір жылға дейін тегін тұрып, денсаулықтарын түзей алатындарын, құжат алып беріп, жұмысқа орналастыруға жағдай жасайтындарын жеткізіп жатыр. Есімін Серік деп айта салған жігіттің қоқыс теріп, күн көріп жүргеніне екі жыл болыпты. Кезінде «мен» деген құрылысшы болған азамат екен. «Мұндай күйге қалай түстің?» – дедім. «Жүз жас көрем деген жасым ба еді, быламық ішем деген асым ба еді» деген екен, бір бейбақ. Осындай жағдайға ұшыраймын деп ойлаған емеспін. Әкем де, шешем де болды. Ол кезде не ішем, не киемін демедім. Екеуі де өмірден өтіп кетті. Бұрын науқандық құрылыс жұмыстарына шығып, нәпақа табатынмын. Бір аяғымнан жарақат алып, кемтар болып қалдым. Құжатымды жоғалтып алғам. Ешкім жолатпайды. Отбасым бар еді, қазір әйелімнің де, балаларымның да қайда екенін білмеймін. Бар пәле ішкіліктің салдарынан болды. Қызып келіп, әйеліме қол жұмсадым. Содан ол балаларымды алып, кетіп қалды. Пәтер жалдап тұратын едік. Төлемақыны бере алмаған соң «қожайын» қуып шықты. Содан қаңғыбасқа айналдым». Сөз саптасына қарасаң – көзі ашық, көкірегі ояу. Кезінде мықты жігіт болғаны жүзі қанша солғын тартса да білініп тұр. Ешкімді кінәлап жатқан жоқ. Тағдырының талапайға түскеніне өзін ғана кінәлі санайды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген. Шіркін, демеп, сүйеп жіберсе қатарға қайта қосылып кетер ме еді. Бірақ... Әлеуметтік бейімделу орталығының қызметкерлеріне «ойланайын» деп барудан бас тартты. Жанарының нұры сөне бастаған жігіт қоқыс арасынан тауып алған әлдебір затты қолтығына қыстырды да жөніне кете барды. Екінші кейіпкеріміз – егделеу тартқан еуропалық нәсілді әйел адам. Аты-жөнін айтуды жөн көрмеген ол да тағдырына риза емес. Күйеуінің бақилық болғанына оншақты жыл болыпты. Екі баласы да аяқтанып, үйлі-жайлы болып кетіпті. «Бір балаңыздың қолына кіріп алмайсыз ба?» дедім аяушылық білдіріп. «Мені кім құшағын жая қарсы алайын деп отыр? Ішкенім – арақ, монша көрмегеніме жылдан асты. Өткенде немерелерімді бір көріп қайтайыншы деп үлкен баламның үйіне барып қайтқам. Үйде ұл жоқ екен. Келінім үйдің есігін ашпақ түгілі аулаға да жолатпай қойды. Бес жасар немерем жүгіріп келіп, бетімнен сүйіп жатып, «не боп кеткенсіз?» деп жылап жіберді. Қоңырсық иістен өзім де әбден жиіркеніп біттім. Тұрағы жоқ адамдарға арналған орталыққа баруға бел буып отырмын. Арғы өмірді тірі болсақ көре жатармын» дейді. Біз пікірлескен үшінші кейіпкеріміз жастау көрінді. Отыз жастың о жақ, бұ жағында сияқты. «Аты-жөнімді сұрап әуре болмай-ақ қойыңыз. Бәрібір шынымызды айтпаймыз. Өзіміз де азан шақырып қойған атымызды ұмыттық. Бір-бірімізді Толик, Малик, Алик, Саша, Надя және Аня деп атай береміз. Түрме сияқты бұл жердің де жазылмаған заңы бар. Бөтен «бомжды» бұл маңға жолатпаймыз. Түнде жататын жерімізге де келе алмайды. («Ол қай жерде?» деген сауалымызға біршама ойланып тұрып, басын шайқады. Айтқысы келмегенін сезе қойдық та, одан әрі әңгімені басқа арнаға бұрып, жалғастырдық). Негізінен мына көпқабатты үйлерде бақуатты отбасылары тұрады. Оны біз есік алдындағы автокөлік тұрағына сыймай тұратын шетелдің неше түрлі маркалы машиналарынан-ақ аңғарамыз. Бай болған соң ішіп-жемі мол болады. Олар кейде жап-жаңа заттарын да қоқысқа әкеп тастай салады. Соны базарға апарып өткен бағасына беріп кетеміз. Кейде сондай заттан түскен тиын-тебенге нан, басқа да азық-түлік аламыз. Ет қайнатып, сорпа ішпесек те ас-ауқатымыз болып тұрады. Қол жайып, қайыр сұрамаймыз. Сонда да кейбір мырза адамдар азын-аулақ ақша беріп қояды. Ол – ортақ «қазынаныкі». Бізде басқа кәсіп жоқ. Жалданып жұмыс істемейміз. Өз басым үй-жайы жоқ біз сияқтыларға арналған орталыққа бармаймын. Мен «қайғысыз-мұңсыз» осы өмірге әбден үйренгенмін» дейді. Қаңғыбастар қоқыс төгетін орындарда ғана жүрмейді. Ірі дүкен және көпшілік тамақтанатын кафе, асханалар маңайын да торуылдайды. Базарларда, автокөлік және теміржол бекеттерінде, басқа да қоғамдық көпшілік орындардың маңында аз жүрмейтіндіктен олардан түрлі жұқпалы аурулар тарап кетпесіне кім кепіл? Бұған да көпшіліктің көзі үйренгендіктен селт етіп жатқан ешкім жоқ. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елміз. Сондықтан қарттар үйіндегі балалары мен немерелерін бір иіскеуге зар болған қамкөңіл қариялардың, балалар үйлеріндегі шешелерін зарыға күткен қаракөз бүлдіршіндердің тағдырларына алаңдайтын ізгі-ниетті адамдар «қарттар мен балалар үйлері болмаса екен» деп тілейді. Ал, қаңғыбастар тағдырына көбіміз алаңдай бермейміз. «Қолымен істегенді мойнымен көтерсін» деген пейіл танытамыз. Оларды өмірге қайта бейімдеу тек қана мемлекеттің міндеті деп ойлаймыз. Алайда, бейімделу орталығының қызметкерлері де, полиция да оларды күштеп орналастыра алмайды. Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет болғандықтан бас бостандығы азат адамды мәжбүрлеп ұстауды заң көтермейді. Адам болған соң, қоғамның «тастандысы» болса да, олар да сол қоғамның мүшесі. Ине жоғалса да іздейміз. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, отбасының ойраны шықса, бірге туған бауырлары, ет жақын туған-туыстары бар шығар. Алыс-жақын шетелден келгендерді айтпағанда, кейбір ресми емес деректерге қарағанда қаңғыбастыққа салынғандардың көбі ауылдан келгендер. Ақыл-есі дұрыс адам болса қаңғытып жібермей, ауыл болып жөнге салса болмас па? Әр ауылда да елге сөзі өтімді, сыйлы қариялар болады. Қыңыр-қырсық болса солардың тезіне салып көрсе қалай болар еді? Ал, жүйке ауруымен ауыратындар туралы сөз басқа. Сағындық Ордабеков, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор: – Дәрігер ретінде олардың денсаулығы туралы осы жерде бірер сөз айтайын. «Жаны саудың – тәні сау» демей ме, дана халқымыз. Күнделікті күнін әупірімдеп, әрең көріп, аш-жалаңаш, күтімсіз, үй-жайсыз «ұшарын жел, қонарын сай білетін» жанның денсаулығы қандай болады? Ол барлығымызға белгілі емес пе? Дәрігерлер мен социологтар тарапынан арнайы зерттеу жүргізілген де болар, бірақ қолымызда деректі мәліметтер жоқтың қасы екенін мойындауымыз керек. Бірақ, біздің көп жылғы тәжірибемізге сүйеніп пайымдауымызша қаңғыбастар арасында әртүрлі тері аурулары (қотыр, дерматиттер, іріңді жаралар, тағы басқа) жыныс қатынастары арқылы таралатын венерологиялық аурулар (мерез, гонорея, трихоманоз, СПИД) паразиттік және инфекциялық аурулар (педикулез, энтеробиоз, аскаридоз, вирустық гепатит, ішек инфекциялары) кең таралған. Олардың кейде әртүрлі қауіпті ауруларды қоғамда таратуға себепкер болып жататыны тағы бар. Қыстың қытымыр суығында аяғы мен қолдарын, саусақтарын үсікке шалдырған талай қаңғыбастар ауруханадан табылады. Олардың біразының аяғын, қолын ампутация жасауға (кесуге) тура келеді. Сөйтіп, олар жығылғанға жұдырық, демекші өмір бойы мүгедектікке шалынады. Сөйтіп қаңғыбастың мүшкіл халі одан сайын қиындай түседі. Тіпті, тіршілік етудің өзі қиямет-қайымға айналады. Көп уақыт өтпей о дүниеге аттанып кетіп жататындары да аз емес. Мына жарық дүниеге адам болып келіп, әртүрлі себептермен қаңғыбастыққа салынып, тентіреп күн көріп, егесіз, бейберекет, сандалып жүрген итше өмір сүріп, ескерусіз, елеусіз, сұраусыз көз жұмып жатқан әлгі жандарды көргенде жүрегің сыздайды. Олардың да дүниеге әкелген ата-анасы болды емес пе? Бала болып олар да анасының кеудесінде еркелеп, өмірге талпынып өспеді ме? Бірақ, олардың мынадай мүшкіл халге жеткені бір жағынан адамды терең ойға қалдырып, ренжітсе, екінші жағынан қорқыныш-үрей туғызады. ...Көше бойында қолын жайып, қайыр сұрап жүрген жандарды (олардың арасында кіп-кішкентай балалар да жүр) көргенде еріксіз ойға шомасыз. Бүгін біз қоғамымыздың асқынған әлеуметтік ауруының біріне айналған осы бір маңызды мәселені соңына дейін шеше алмаймыз-ау деген ой жиі мазалайды. Қоғамымыздың жегі құртына айналған осы мәселеге көпшіліктің пікірі керек-ақ. Абай Омаров, Тараз қалалық ішкі істер бөлімі қабылдап-тарату орны басшысының орынбасары, полиция майоры: – Біздің орталыққа биылғы 9 айда 561 адам жеткізілді. Оның 275-і cот қаулысымен қамауға алынды, 26-сы әйел. Жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 199 адамның Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен келгенін ескерсек, мәселенің күрделі екенін аңғару қиын емес. Бізге түскен әрбір адамның дерегі толықтай анықталады.Түркия мемлекетінің бір азаматы да «қонақта» болды. Үш адам бұрын жасаған қылмысынан құтылу үшін Тараз қаласына қашып келген. Қазақстандық 75 адамның құжаты жоқ. Компьютерлік база бойынша орталықта болған азаматтардың аты-жөнін анықтау барысында 41 қылмыстық оқиға ашылды. 287 адам сотқа тартылып, оның 70-ін қамауға алуға қаулы шығарылды. Осылайша қаладағы қаңғыбастардың қатарын алыс-жақын шетелдерден келгендер де толықтырып жатыр. Биылдың өзінде өздерінің келісімдерімен құжаты жоқ 19 адамға әлеуметтік бейімделу орталығына жолдама бердік. Жоғарыда сөз болған 41 қылмыстық оқиға да қаңғыбастар тарапынан жасалса, оның ішінде бір кісі өліміне дейін соқтырған ауыр қылмыс бар. 9-ы алаяқтық, қалғандары бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары. Жеке автокөлікті ұрлап кету қылмысы да орын алды. Мына бір алаяқтық қылмыстық оқиға жаға ұстатты. Бұрын әскери қызметте болған, Ресей азаматы аты-жөнін өзгертіп, Тараз қаласында өзгелерді алдап, арбау арқылы 50 миллион теңге олжалаған. Осының бәрі қаңғыбастар арасынан шығып отыр. Олардың ішінде мылқаулары да кездеседі. Олардың тегін саусақ таңбалары арқылы анықтаймыз. Облыс бойынша бірден-бір қабылдап-тарату орны 60 адамдық болғандықтан, бізге жеткізілгендер сыймай жатады. Қазір біздегі 76 адамның 26-сы қаңғыбас болса, 50-і cот қаулысымен уақытша қамақта отырғандар. «Ақ жол» газеті қоғамның көп айтыла бермейтін өзекті мәселесін көтеріп отыр екен, енді осы проблемаға әлеуметтік саланың немесе полиция қызметкерлерінің жұмысы деп қарамай, бүкіл қоғам болып айналысқанда ғана мәселе шешілуі мүмкін. * * * Жұрт «бомж» атап кеткендердің арасында бұрын тәп-тәуір қызмет атқарған азаматтар да кездеседі екен. Құқық қорғау органдарында, жоғары оқу орындарында, шағын және орта бизнесте, басқа да толып жатқан салаларда еңбек еткен қызметкерлер сондай күйге түскеніне қайран қаласың. Қаңғыбастар ұлтына, жынысына, жеріне қарай бөлінбейді.Үш-төрт немесе бес-алты адамнан топтасып күй кешетін көрінеді. Облыс аудандарында оларды құл ретінде пайдаланған оқиғалар да орын алғанын полиция майоры қынжыла жеткізді. ...Есімін атауды жөн көрмеген жігіттің «мен «қайғысыз-мұңсыз» осы өмірге әбден үйренгенмін» деген сөзі ойымнан кетпей қойды. Қанша серпіп тастайын десем де, санама сіңіп қалғандай. Мынадай шат-шадыман заманда неге қоқыс теріп жүр? Қаңғыбастар қоғамның «тастандысы» болса да адам өміріне бір-ақ рет берілетін мына жарық жалғанда адамша өмір сүруге қайта бейімдеу үшін бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, әлеуметтік бейімделу орталығы ашылып, жан-жақты жұмыс жасап жатқанына жоғарыда кеңінен тоқталдық. Сол мекемедегі мерзімді уақыты біткен соң, жасы келгендер мен мүгедектер өмір сүруге біршама бейімделіп қарттар мен мүгедектер үйіне барар, ал тепсе темір үзетін жігіттер мен қыз-келіншектер қайда барады? Жоғарыда атап өткен азаматтар сияқты өмір сүруге бейімделіп кетсе жақсы. Олай болмаған жағдайда қайтадан қаңғыбасқа айналмай ма? Орталыққа жолағысы келмейтін әлгіндей «қайғысыз-мұңсыз» жігіт бар, басқасы бар, қақаған қыстан қалай шығады? Үйсіз-күйсіз әрі аш-құрсақ жүрген адам аурушаң келетінін еске түсірсек, қаңғыбастыққа ұрынғандардың дені сауы жоқ шығар. Қоқыс теріп, қоғамдық орындарда тентіреп жүргендердің арасында жергілікті ұлттың өкілдері де бар. Бұл – көз жұма қарайтын мәселе емес. Не істеу керек? Біздің пікірімізше, «мұндай қаңғыбастар зайырлы, өркениетті елдердің бәрінде бар» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Тағы бір түйткіл – құжаты жоқ жүздеген шетелдік шекара асып, ел аумағына қалай кірген? Қапылыста «сүрініп» кетіп, қаңғыбасқа айналғандар мәселесі әрбір адамның жеке шаруасы деп жылы жауып қоюға болмайтын шығар. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».