- Advertisement -

Гюйгенс немесе сағат қалай пайда болды?

1 107

- Advertisement -

Күнделікті өмірдің заңдылықтары уақыт өлшемімен бағамдалады. Ал сол уақытты өлшейтін аспап – сағаттың қай кезде, қалай өмірге келгендігін көпшілік біле бермейді. Ең алғашқы Күн сағаттары – вавилондықтарда шамамен 3,5 мың жылдар бұрын ойлап табылған екен. Кейіннен Еуропа мен Қытайда ол «отты сағаттар» деп аталып, уақыт бөліктерін шамшырақтармен бөлу арқылы көрініс тапқан. Құмның сағаттары шамамен мың жыл бұрын ойлап табылған.
Механикалық сағаттар жөніндегі алғашқы деректі ғалымдар ежелгі византиялық қолжазба нұсқалардан табады. Бұл кезең 578 жылмен тұспа-тұс келеді. Алғашқы механикалық сағаттардың тек бір ғана сағаттық тілі болған екен. 1404 жылы Мәскеуде Кремльде тұңғыш мұнара сағаты орнатылады. Көп кешікпей мұнара сағаттары басқа да көптеген қалаларда пайда болады. Шамамен, мұнан жүз жылдан кейін Еуропада алғашқы қалта сағаттары өмірге келе бастайды.
Ғылым мен техниканың қарыштап дамуымен ғалымдардың ізденісі де арта береді. Сондай еңбектің нәтижесінде голландиялық ғалым Х. Гюйгенс 1657 жылы маятникті сағат ойлап тапты. Маятник (ұзынша салмасы бар ұзын шыбықша) бірқалыпты тербеледі. Яғни, оның әр тербелісі бірдей уақыт аралығында қайталанады. Маятниксіз сағаттар күніне уақыттан 15 минут артта қалып, немесе озып кете берген. Ал қазіргі маятникті сағаттардың дәл уақыттан ауытқуы бір секундтан аспайды. Маятник сағаттың жүрісін реттеп отырады. Соңғы бірнеше жылдарға дейін барлық сағатқа тән маңызды тетіктер – сағаттық, минуттық, секундтық уақыт бірліктерін көрсететін тілдері болып келгені белгілі. Ал бүгінгі таңда мұның басқа да түрлері кең тарай бастады, яғни, уақытты көрсететін тілі мен сандық межелері жоқ сағаттар да шықты.
Қазіргі заманғы ғылым мен техника сағаттан механикалық маятниктің мүмкіндігі жетпейтін анағұрлым жоғары дәлдікті талап ете бастады. Осыған орай кварц сағаттары жасалды. Мұнда «маятниктің» қызметін электр тогының әсерімен тербеліске келетін кварц пластинкасы атқарады. Кварц «маятникті» сағаттар отыз жыл ішінде бір секундқа ғана қателесуі мүмкін. Уақытты бұдан да дәлірек көрсететін «маятниктер» іздеу барысында ғылым өте күрделі тербеліс қимылдарын жүзеге асыратын молекулалар мен атомдарға назар аударды. Қазіргі кезде уақытты ең дәл көрсететін де осы атомдық және молекулалық сағаттар.
Сағаттық белдеулер туралы да көп нәрсе айтуға болады. Астрономияда Гринвич деген ұғым бар. Дүниежүзілік уақыт өлшемі осы Гринвичке тастай қатып бағынады. Атақты Гринвич обсерваториясы орналасқан бұл нөлдік меридиан мекені Лондонның нақ түбінде. Ал Корольдік Гринвич обсерваториясының негізін 1674 жылы король Карл ІІ қалаған. Ағылшындар өздерінің обсерваториясын құрып, әлемдегі ең басты нөлдік меридианды анықтап алды. Бірақ оны бүкіл әлемге мойындату үшін бақандай 200 жыл керек болды. Сағаттық белдеу орнықпай тұрғанда, жұрт әсіресе темір жол кестесін пайдаланған кезде уақыттан шатасып, талай рет жаңылған. Бұған біржола нүкте қою үшін АҚШ 1883 жылы қалыпты сағаттық белдеу жүйесін пайдалануды бастады. 1884 жылы Вашингтонда жоғарыдағы жүйені бүкіл әлемге тарату үшін халықаралық меридиандық конференция болып, дүниежүзілік уақыт Гринвич меридианындағы жергілікті орташа күн уақытымен анықталатын болды. Сөйтіп, Жер 24 белдеуге бөлініп, әрқайсысы 15 градустық бойлыққа ие болды. Бұл табиғи бөлуге сәйкес еді. Себебі Жер сағатына 15 градустық жылдамдықпен айналады.
Егер Гринвичте талтүс болса, шығысқа қарай бірінші белдеуде (Берлин) сағат 13, ал батысқа қарай бірінші белдеуде сағат 11, ал Гринвичтен батысқа қарай бесінші сағаттық белдеуде жатқан Нью-Йоркте таңғы сағат 7, Мәскеуде сағат 15, Астанада сағат 17 болады. Гринвичке дейін әр ел уақытқа өзінше иелік етіп, француздар нөлдік меридиан ретінде Парижді, итальяндықтар Римді, португалдықтар Лиссабонды, бразилиялықтар Рио-де-Жанейроны санап келген. Англиядан кейін уақытты Гринвич бойынша анықтауға алдымен Швеция, АҚШ, Канада, Сербия кіріседі. Санкт-Петербург түбіндегі Пулково обсерваториясын басшылыққа алып келген Ресей халықаралық уақыт стандартына 1919 жылы барып қосылды.
Америка Құрама Штаттары 75, 90, 105 және 120 меридианды 4 сағаттық белдеуге бөлінген. Бұл сағаттық белдеулер Тынық мұхит уақыт белдеуі, Таулық уақыт белдеуі, Шығыс және Орталық уақыт белдеулері деп аталады.

Фариза Жорабекқызы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support