Мәдениет

ТАУ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

ТАУ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

қаратау қаласындағы «Авангард» кинотеатрында мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев туралы деректі фильм көрсетілді

Фильм көрсетілімінің алдында фильм режиссері Доқтырхан Тұрлыбекпен сұхбаттасудың сәті түскен.

– Осынау ұлы адам туралы деректі фильм түсіру көптен бергі арманым еді, – деп ағынан жарылды ол, – соның сәті түсіп, өткен жылдың соңында түсірілімді аяқтап, жуырда монтаждаудан өткізіп аяқтадық. Дінмұхамед Ахметұлының бейнесін сомдау үшін мұрағаттардағы бейнебаяндарды, түрлі құжаттарды пайдалануға тура келді. Әсіресе, ол кісімен тікелей қызметтес болған азаматтардың естеліктерін көбірек пайдалануға тырыстым. Ол сөз жоқ шынайылыққа жетелейтін факторлар ғой. Басында бір фильммен шектелемін деп жоспарлағанмын. Қайдан. «Тереңнен тартқан тектілік» және «Естен кетпес кездесулер» деп екі бөлімді деректі фильм шығаруға тура келді. Түсірілім барысында ұлы адамның бізге мәлім, беймәлім сырларының көп екеніне көзім жетті. Сонымен, қала жұртшылығы, ауыл-ауылдан ат арытып келген көрермендер «Авангард» кинотеатрына қарай ағылды. Фильм басталар алдында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Қартабаев осы аудан­ның тумасы, Талас ауданының Құрметті азаматы Кеңес Ахаевқа сөз берді. Кеңес Ахаев фильмнің кейіпкері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бірге қоян-қолтық қызмет жасасып, тәрбиесін көрген азамат. Біраз жыл республиканың тұрмыс қажетін өтеу жөніндегі министрі қызметін атқарған. – Егер, – деді ол кісі, – бойыма имандылық, адамгершілік, кісілік ұяласа, оны Димекеңнің өнегесі деп білемін. Ұлтына ұлы ұстаз болған Димекеңнің ел басқарудағы асыл қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңірсе екен, үйреніп, тәлім алса екен деген ниетпен фильмді жасауға қолдан келгенше көмектестім, оны өзіме парыз, міндет деп санадым. Оның тегінде тектілік жатқанына, сонау Бөлтірік шешен сияқты асылдың сынығы екендігіне көрермендер «Тереңнен тартқан тектілік» фильмінде анық көз жеткізе түсті. Димекең Талас өңіріне атақты шешенге зиярат ету үшін 1974 жылы алғаш ат басын тіреген екен. Бірақ, содан кейін 1992 жылы сексен жылдығын елі тойлаған Ақкөл ауылына соңғы сапарынан басталады екінші фильм. Фильмнің кейбір оқиғалары Қаратау қаласында түсірілгеніне де жүрек толқыды. Сонау өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдары осы өңірдегі қос қала Қаратау мен Жаңатастың іргесі қаланғанынан бастап, атақ-даңқы кен өндіруден әлемге танылғанға дейінгі дәуірде – Д.А.Қонаевтың қол таңбасы жатыр. Өмірде сирек кездесетін ұлы тұлға туралы фильмді түсіргенде Д.Тұрлыбектің көп ізденгені аңғарылады. Көрсетілім аяталған соң біраз көрермендермен пікірлескен едік. – Бұл фильмді телеэкран арқылы жұртшылыққа көбірек көрсетсе дұрыс болар еді, – дейді олар алған әсерлерін жасыра алмай, – жалпы ұлы тұлға жайында көркем суретті фильм түсірсе де жарасар еді. Бұл жағынан Ресейден үйренеріміз көп. Сонымен, ұлы тұлға туралы деректі фильмдердің тұсауы кесіліп, оның авторына ел алғысын білдіріп, сый-сияпат жасалды.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Қаратау қаласы, Талас ауданы.