- Advertisement -

Адалдығынан, қарапайымдылығынан еш айныған емес

145

- Advertisement -

— Бөрібай Биқожаұлын зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түскен кезімнен, яғни 1972 жылдан бері білемін. Мен оқуға түскен кезде Бөрібай 3-курста оқып жүр екен. Өзі спортпен айналысады, боксшы болатын. Сұңғақ бойлы, сабырлы, топтан дараланып, ерекше көзге түсіп тұрушы еді. 1974 жылы ол институтты бітіріп, жолдамамен Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарабұлақ кеңшарына бірден бас зоотехник болып барды. Жұбайы сол кеңшарда экономист болып қызметін бастады. Еңбек жолы осылайша өрілген Бөрібай Жексембин 1996 жылға дейін Арқада абыройлы қызметтер атқарды. Мен 1977 жылы институт бітіріп қызметке араластым. Бірақ Бөрібаймен қызмет жолымыз көпке дейін түйісе қоймады. Комсомол, партия қызметтерінде жүрдім. Приозерный ауданы, «ХХІІ партсъезд» атындағы кеңшардың озат директоры ретінде Бөрібайдың атағы дүрілдеп жатты. Телеарна, мерзімді басылым беттерінен жиі көрінеді. Иә, осылайша жігерлі жас өзінің адал еңбегімен қызметте сатылап өсіп келе жатты. 1989 жылы ол Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары – облыстық агрокешені бірлестігінің төрағасы қызметіне келді. Кейіннен әкімдік жүйе енгенде Қажымұрат Нағманов – облыс әкімі, Бөрібай Жексембин оның бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдары елімізде жекешелендіру науқаны басталды. Бөрібай Биқожаұлы ауыл шаруашылығы саласының жетекшісі ретінде шаруашылықтардың жекешеленуіне батыл кірісті. Әр шаруаның үлесін еңбегіне қарай әділ бөліп беруге ықпал етті. Елдің үлесін бөлу әділ өткендіктен болар, кейбір облыстар кейіннен Жезқазғанның бұл ісін үлгі ретінде қабылдады. Сол 300 қой алғандар мал санын 3 мыңға жеткізіп, қазір үлкен шаруа қожалығы болып отыр. 30 жылқы алғандардың жылқысы қазір 300 басқа жетті. Осы кәсіпкер азаматтардың бәрі сол кездегі батыл да әділ қадамы үшін Бөрібай Жексембинге әлі күнге риза, рақметін айтады. 1996 жылы Жексембин ҚР Президенті аппаратына жауапты қызметке ауысты. Сол кезде мені облыс әкімінің бірінші орынбасарлығына ұсыныпты. Ұсынысы қабыл болып, мен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып біраз жыл қызмет атқардым.

Қай кезде де Б.Жексембинмен сыйластық байланысым үзілген емес. Бөрібай Биқожаұлы Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарып жүрген кезінде баяғы өзі зоотехник болып еңбек жолын бастаған Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарабұлақ кеңшарына барып, өзі танитын отбасылардың бәрін қалдырмай аралап, амандасып, қуаныштарына ортақтасып, қаралы үйлерге көңіл айтып шыққан екен. Яғни бір күнін сол кеңшарды аралауға арнаған ғой. Сол Қарабұлақтың халқы Жексембиннің осы сапарын әлі күнге жыр қып айтып отырады. «Қандай облыс әкімі кеңшардың қарапайым адамдарына бір күнін арнаушы еді… Рақмет» деп сол күнді ризашылықпен еске алады.

Сәрсен ТӨЛЕТАЕВ,
еңбек ардагері, Балқаш қаласы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support