Өз елім – ән бесігім
Өз елім – ән бесігім
Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадіровтың «Өз елім – ән бесігім» атты жеке концертін берді. Концертті «Шалқар» радиосының редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбаевтың жүргізуі де әсерлі болды. Концерт Жанатбектің «Ауылың сенің іргелі» атты халық әнін орындауынан басталды. «Пах, шіркін!» деп қол соқты көрермен. Одан әрі қарай халық әні «Ақбақай» және Қ.Сәтмұханбетованың «Елге сапар» әндері шырқалды. Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», Ғалибек Дербісалиннің «Айнакөл жағасында» әндерін де Жанатбек жанды дауыста, керемет шеберлікпен орындады. Жанатбекті аталған филармония жанындағы Ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Дулат Байзілдаев. Концерт барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз триосы» Ақанның «Балқадиша» әнін тамаша шырқаса, солтүстіктен арнайы келген қобызшы Батырбек Байназаров орындаған «Қаракемер» күйіне (авторы Қуат Шілдебаев) көпшілік ризашылықпен қол соқты. Жанатбектің туған бауыры Манатбек Қадіров те Солтүстіктен арнайы келіп, Тұрсынжан Шапайдың «Бала ғашық» және Балуан Шолақтың «Ғалия» әндерін жүректерге жеткізіп айтты. Мұнан соң Жанатбек Қадіров сахнаға шығып, орыстың халық әні «Ах ты, душечка», Е.Юрьевтың «В лунном сиянии» әндерін тамаша биік деңгейде орындады. Өнер иесі бір сөзбен айтқанда тыңдармандардың құлағының құрышын қандырды. Жас ақын Дидар Басқараевтың сөзіне жазылған Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Қара теңіз» жағасында әні де Жанатбектің орындауында сәтті шықты. Кеш Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім!» әнімен қорытындыланды. Ел орнынан тік тұрып, қол соғып, өнерпазға айрықша құрмет көрсетті. Кеш соңында облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров сөз сөйлеп, концерт иесі Жанатбек Қадіровке құрмет көрсетіп, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың арнайы Алғыс хатын тапсырды.
Есет ДОСАЛЫ