Бұл маған ғана емес, ұжымға да берілген марапат
Бұл маған ғана емес, ұжымға да берілген марапат
Біз әңгімелескен уақытта оның ұялы телефонында дамыл болмады, бір әріптесі кеңес сұраса, енді бірі тағы бір шаруаларды ақылдасып жатты. Келесі бір қоңырауда әріптесі Т. Рысқұлов ауданынан ауыр сырқаттың жеткізілгенін айтты. Осыдан кейін-ақ ол мен қойған сұрақтарға жауап беріп отырса да, бар ойы жаңа түскен сырқатқа тезірек барып көмек беруде болған сияқты. Сөйтіп, дəрігерді мен де ұзақ ұстамауға тырыстым. Ерланның жұмысы елеусіз емес. Қандайда құрметке лайық азаматтың бұған дейін де бірнеше марапат алған. Ол бұдан біраз бұрын «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған екен. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Құрмет» ордені жоғары награданың алды болып отыр. Бұл марапат оған зардап шеккен қазақстандықтарға үздіксіз медициналық көмек көрсете отырып, төтенше жағдайлар кезінде батылдық пен адамгершілік қағидаттарына адалдық танытқаны үшін берілген. Мамандық таңдау сəтінде, әсіресе мектеп бітірер шақта қиындықтың болмай тұрмайтыны белгілі. Әркім әр қиырға тартады. Осындай жағдайға тап болған Ерлан өз таңдауын жасапты. Әйтпесе ата-анасы оның экономист болғанын қалаған. Бірақ ол медицина саласында жүрген әкесінің қарындасы Гүлмирамен өз бауыры Бибігүл əпкелеріне еліктеп 9 сыныптан соң құжатын Жамбыл медициналық училищесіне тапсырған. Ерлан Тұрсыналыұлы аталған училищені 1993 жылы тəмамдаған соң, оқуын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жалғастырады. Сөйтіп оны 1999 жылы бітіріп шыққан ол бүгінде өзі қызмет етіп жатқан ауруханаға травматолог дәрігер болып орналасады. Ал 2011 жылдан бастап Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат бөлімшесінің меңгерушісі лауазымында қызмет атқарып келеді. «Еңбек жолымда талай білімді дәрігерлерден тәлім-тәрбие алдым», деген ол өз ұстаздары Исатай Миятов пен Мұрат Ыспанбетов туралы жылы пікірін аямады. Олардың көмегімен алғашқы ота жасап, тәжірибе жинап, бүгінде солардың орнын басып отырғаны аға дәрігерлердің өзіне деген қамқорлығының арқасы деп біледі. Енді орта жасқа келіп қалған ол өз ізбасарларын тәрбиелеуде. Қарамағындағы 9 жас дәрігерді осы салаға баулу үстінде. – Соңғы жылдары елде түрлі оқиғалар орын алып, онда медицина саласы қызметкерлеріне көп жауапкершіліктің артылғаны белгілі. Біздің бөлім қызметкерлері сол оқиғалардың барлығында халыққа аяғынан тік тұрып қызмет көрсетті. Қордай оқиғасы, пандемия жағдайы, өткен жылы Байзақ ауданында орын алған жарылыс салдарынан зардап шеккендермен кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алғандарға қолдан келгенше көмек көрсеттік. Аянып қалмадық. Антымызға адал болдық. Өз басым жуырда Президент қолынан алған марапат менің ғана емес, ол ұжымның наградасы деп санаймын. Мұнда әріптестерімнің де үлесі бар деп білем. Бір атап өтерлігі, біздің ұжымда жақсы қасиет бар, өткен оқиғалардың барлығында бәрі бір жұдырық болып жұмылып, аяқтарынан тік тұрып қызмет етті. Байзақ ауданында болған жарылыс сәтінде де ауруханаға түскен жарақат алушыларға əріптестерім шұғыл, ұйымдасқан түрде көмек бере алды. Сол күні ұжым мүшелері қаланың түкпір- түкпірінен 15-20 минутта жиналып, бірнеше тәулік аяқтан тік тұрып, өздерінің ісін абыроймен көрсете білді, – дейді ол. Иә, дәрігерлердің Байзақ ауданында болған жарылыста зардап шеккендерге көрсеткен қызметі мақтауға тұрарлық. Олар сол түні бір сәтте ауруханаға жеткізілген 98 азаматтың барлығына ұжым болып, қамқорлық көрсете білді. Төтенше жағдайда өз іс-әрекеттерімен талай жанның өміріне арашашы болды. «Жарылыс салдарынан жарақат алған өрт сөндірушілер мен сарбаздарға жалғыз травматология бөлімі ғана қызмет көрсеткен жоқ, аурухананың хирургия, ота мен реанимация бөлімдеріне де үлкен күш түсті. Аурухана сол сəтте осындай жағдайға дайын екендіктерін көрсетті. Ерекше атап өткім келеді, төтенше жағдай кезінде өзге облыстағы əріптестеріміз де сәт сайын хабарласып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Соның ішінде Талдықорған облыстық ауруханасының басшылығы «Кел десеңдер, қазір-ақ жетеміз», – деп хабарласты. Аллаға шүкір, елімізде осындай ынтымақтың бары бізді шын қуантты», – деді Ерлан ағынан жарылып. «Уақытымның көп бөлігін жұмыста өткіземін. Жұмыс уақыты аяқталса да жұмыста қалып, жедел түскен сырқаттың жарақатына ота жасауға, басқа да көмек көрсетуге қалып қоясың. Жедел жәрдеммен жарақат адам келіп, көз алдыңда қиналып жатқанда қалай тастап кетіп қаласың. Ондайға адамгершілік арың жібермейді. Отбасым да менің жұмысыма үйренген. Түннің бір уағында жұмысқа шұғыл шақырса да тұрамын да кете беремін. Осыған дейін болған төтенше жағдайлар тұсында апталап, айлап үйді ұмытқан кезіміз де болды. Пандемия тұсында да осылай жұмыс істедік», – деді Ерлан. Бүгінгі таңда Ерланның бөлімінде жылына орта есеппен 2 мыңға жуық сырқат ем алып шығады екен. Бұдан бөлек, бөлім өзге облыстағы жəне аудандық ауруханалардағы əріптестерімен тəжірибе алмасып тұрады. Өткен жылы бөлім қызметкерлерінің қатысуымен екі мыңға жуық ота жасалған. Қазір үш ұл-қыз тәрбиелеп отырған Ерлан балаларының дәрігер болғанын аса қаламайды. Бірақ өздері қандай таңдау жасаса да, қолдайтындығын жеткізді. Марат ҚҰЛИБАЕВ