Денсаулық

Анасының бүйрегін ұлына ауыстырып салды

Анасының бүйрегін ұлына ауыстырып салды

Жуырда Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында донорлық бүйректі ауыстыру бойынша жоғары технологиялық ота жасалды. Трансплантация – бір адамның ағзасын (оның ішінде бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, т.б.) немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салу. Бұл өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі.

– Аталған ауруханада хирургтар жаңа құрал-жабдықта рды пайдалана отырып, таңғаларлық ота жасады. Онда 22 жастағы бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауыратын пациентке, 56 жастағы анасының сау бүйрегі салынды. Бүйректі транспланттау бойынша хирургиялық араласуды Нұр-Сұлтан қаласынан келген трансплантологтың қатысуымен қалалық көпбейінді ауруханасының хирургтары мен урологтары 5 сағат ішінде орындап шықты. Донорға транспланттауды жүргізу алдында үйлесімділікке, отаға дайындыққа иммунологиялық тестілерді қоса алғанда, мұқият инструментальды және зертханалық тексерулер жүргізілді, – деді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Қалалық көпбейінді аурухана – құрамында нефрология және гемодиализ бөлімшесі бар облыстағы ең ірі медициналық ұйым. Ағымдағы жылы бүйрек трансплантациясы бойынша мұндағы 2 маман біліктіліктерін арттырып келді. Облыс бойынша бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда, оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент бар. Трансплантацияланатын бүйрегі бар пациенттер арасында 61 ересек адам бар. Ағзаларды транспланттауға арналған «күту парағында» облыс бойынша бірнеше пациент тіркеліпті. Атап айтсақ, 6 адам бауыр, 103 адам бүйрекке кезекте тұрса, оның 9-ы бала. Сондай-ақ жүректі ауыстыруды қажет ететін 3 пациент бар екен.

Марат ҚҰЛИБАЕВ