Денсаулық

Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың іргетасы

Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың іргетасы

Тіл арқылы өткен тарихқа көзқарасымыз түзеліп, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды. Сондықтан қай салада болмасын ұлттық сананы қалыптастыру жолында тілдің атқарар рөлі өте маңызды. Біздің ана тіліміз де атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Төл мәдениеттің өркендеуі, салт-дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың  бет-бейнесі. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің ана тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу. Осы орайда «Сүйемін туған тілді – ана тілін, бесікте жатқанымда-ақ берген білім»,- деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер айтпаған. Өйткені туған тілін сүймейтін адамнан ертеңгі күні еліміздің туын көтерер нағыз ұлтжанды азамат шықпайды. «Тәрбие басы – тіл» дейді Махмұд Қашқари. Мемлекеттік тілдің шын мәнінде үстемдік етуі үшін талай жұмыс жасалуы тиіс және жасалады да. Тіл мәселесінің айрықша деңгейде көтеріліп жатқанының өзі бұған дәлел. Тіл тағдыры – тұтас ұлттың тағдыры. Бұл тұрғыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы –  тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,- деген екен. Осындай озық ойларды Ата заңымыз да қуаттай түскендей. Яғни Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі», деп атап көрсетілген. Соңғы кездері мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сан салада басымдық беріліп, ауқымды шаралар атқарылуда. Соның ішінде Тараз қаласы №2 сотында мемлекеттік тілді дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі  іс-шаралар  жүйелі жүргізілуде. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары да жолға қойылған. Мәселен, биыл  судья Ғ.Аманбаевтың  «Тілі жоқ ұлттың болашағы бұлыңғыр»,   судья Ж. Рамазанованың «Сот ісін жүргізудегі мемлекеттің тілдің деңгейін 100 пайызға көтеру қажет»,  сот қызметкері А.Алмазбекұлының «Әрбір адам  ана тілінің жанашыры болуы тиіс» тақырыптарындағы мақалалары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сонымен қатар  наурыз айында  Тараз қалалық  № 2 сотында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Ал шілде айында судья Ф.Утешова  «Сот жүйесінде мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбында сот қызметкерлерімен басқосу ұйымдастырды. Жалпы, биылғы алғашқы жартыжылдықта Тараз қаласы №2 сотының кіріс құжат айналымы бойынша барлығы 7260 құжат түскен. Олардың 6139-ы мемлекеттік тілде, яғни ол 84,5 пайызды құрайды. Шығыс айналымына келетін болсақ, есепті кезеңде  9804 құжат әртүрлі мекемелерге жіберілген. Олардың 9771-і мемлекеттік тілде жолданған, яғни 99,6 пайызды құрайды. Ішкі құжат айналымы бойынша барлығы 309 құжат  жіберілген. Олардың 300-і, яғни 97 пайызы мемлекеттік тілде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы мемлекеттік тілдегі құжаттардың санын 100 пайызға жеткізу кезделуде. Түйіндей айтқанда мемлекеттік   тіліміздің мәртебесін арттыру бағытындағы шаралар еселене беретін  болады.  

Ербол Дүйсенбаев,

Тараз қаласы №2 сотының төрағасы