Денсаулық

Жүз көрерменнен жүз сұрақ

Жүз көрерменнен жүз сұрақ

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында жаңа жоба. «Ақынға 100 сұрақ» форматында, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» жаңа шыққан кітабын насихаттау мақсатында Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында «Поэзияның нәзік гүлі» атты шығармашылық кеш өтті. 

Кеш барысында Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер сол кітап желісімен «Өмір» атты қойылым дайындап, көпшілік назарына ұсынды. «Болашақ» мектеп-интернатының, Төле би атындағы №8 гимназия оқушылары мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша білім алып жатқан білімгерлер кеш барысында ақынның еңбек жолымен танысып, өлеңдерін жатқа айтты. Кездесуде жастар тарапынан түрлі тақырыпты қамтыған сұрақтар тұс-тұстан қойылып, оған тиісті жауаптар алынды. Ақын тосыннан қойылған сан қилы сұрақтарға бүкпесіз, шынайы жауап берді. Риясыз шындық айтылды. Боямасыз байланыс жасалды. Іс-шараның ерекшелігі де осы болса керек. Жиын барысында кітапханада Ғайни Әлімбекованың шығармашылығына арналған кітап көрмесі тамашаланды. Онда ақынның жарық көрген кітаптары, басылым бетінде жарияланған мақалалары мен суреттері қойылды. Кеш соңында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева тамаша кеш үшін рақметін айтып, ақынға сый-сыяпат жасады. «Ақынға 100 сұрақ» жобасы алдағы айларда өзге де ақын-жазушылардың қатысуымен жалғасын таппақ.

Есет ДОСАЛЫ