Бірегей бағдарламаның берері мол
Бірегей бағдарламаның берері мол
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыты да сол, ұлттық мұраларымызды, құндылықтарымызды әспеттеп, қайта жаңғыртуға бағытталған. Саяси, экономикалық реформаларда еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Енді расында келешек ұрпаққа рухани тәрбие беріп, салт-дәстүрлерімізді, мемлекеттік тілімізді, мәдениет пен әдебиетімізді жаңғыртуға үлкен басымдық бергеніміз дұрыс-ақ. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Бағдарлама аясында бүгінде маңызы жоғары бастамалар іске асып, жемісін берді. Оларды санамалап тауыса алмаспын. Бағдарлама аясында балалар өзінің туған өлкесінің тарихын терең танып біліп, мәдениет, әдебиет, спорт саласындағы өз ісінің майталмандарымен жүздесті. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз де осы. Ертең озат ағаларының жетістігін көріп өскен бала, телеарнадағы жалған кейіпкерлерді емес, өз өңіріндегі ағаларға қарай бой түзейді. Тасын түртсе, тарихы көрінетін киелі Әулиеата жері ұлттық мұраларға, жәдігерлерге бай өлке. Оның үстіне киелі топырақтан жыл сайын тарихи маңызы жоғары бұйымдар табылып жатады. Ауласын қазып жатып, құнды жәдігер тауыпты деген сарындағы ақпараттарды талай естідік. Міне, сол жауһарлардың барлығы «Көне Тараз» кешеніндегі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық музейінде сақтаулы. Тараздың тарихын арнайы көруді мақсат тұтқан туристер саны да жыл сайын артуда. Демек, біз де туған өлкеміздің тарихын терең біліп, соны жастарға насихаттаудан танбауымыз қажет деп ойлаймын. Әрине, облыстағы білім мекемелері бағдарлама аясында балаларды Тараздың тарихымен танысуына арнайы алып келуді дәстүрге айналдыруда. Бұл расында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстардың бір шеті ғана. Сондықтан баянды бағдарлама аясында Тараздың тарихы бұдан да таныла түсетініне бек сенімдімін.
Жанна ХАЛЫҚОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті, «Әлем тілдері» кафедрасының аға оқытушысы.