Денсаулық

ЕР АДАМНЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ – кесірлік

ЕР АДАМНЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ – кесірлік

Таңертеңгілік мезгілде әдеттегідей жұмысқа келе жатқанмын. Көліктен түсіп, есік алдына жақындағаным сол еді, өздерінше сықылықтай күліп әңгіме қызығына кірген екі бойжеткен алдымнан кесекөлденеңдеп өте шыққаны. Бұл жай ғана табалдырық емес, университет еді. Халық ерсілі- қарсылы көп жүретін базар немесе әмбебап дүкен болса да ештеңе деп ойламас па едім.

Жалпы әйел затының жас болсын, жасамыс болсын ер азаматтың алдын кескені қазақы әдептілікке жатпайтынын бұрыннан естіп өстік. Ол аз болғандай, ғимаратқа кіре салысымен, жасы қырық-қырық бесті алқымдап қалған бір әйел көлденеңдеп, алдымнан тағы жүгіріп өтпесі бар ма. Мен одан әрі таңғала бастадым. Жас бала болсам бір жөн, жасым алпыстан асқан, ер адаммын, ал олардың алдымнан ойланбастан кесіп өте шыққандарына таңғалмасқа лажым қалмады. Марқұм Бопыш әжемнің: «Жасы үлкен адамдардың, әсіресе ер адамдардың алдынан әйел баласының кесіп өтуі өте өрескел әдепсіз қылыққа жатады, тіпті жасы кіші ер адамның да алдынан өту, сол ер адамдардың жолының кесіліп, жолы болмауына әкеп соқтыруы мүмкін, ал кесіп өткен әйел баласын қырсық шалады», – деп қарындастарым мен келіндеріне ұдайы айтып отыратынын естіп өстік. Бірде, әжем екеуміз көк ешекке мінгесіп, көрші Өрнек ауылының тау бөктерінен ши жұлып әкелуге шықтық. Әжемнің текемет басуға арнайы дайындалатын ши шөптен жасалатын тоқымасын өзінің қолдан тоқитын да өнері бар еді. Көшенің сырт жағын ала тауға қарай бет алып келеміз. Алыстан бір-екі шақырымдай болып қалатын жерден қарагер ат мінген адамның сұлбасы көрінді. Аттың түсі анық көрінгенімен үстінде кімнің отырғанын жыға тану мүмкін емес. Ауылдағы адамдар кімнің қайда жұмыс істейтінін, қандай атпен жүретінін бес саусағындай білетіндігі барлығымызға аян, сондықтан болар ат үстіндегі адамды әжем бірден тани қойды. «Ой мынау келе жатқан Сәптікерім (есімі өзгертіліп алынды) кісінің екінші баласы Жорка ғой (есімі өзгертіліп алынды), жақында ғана оқу орнын тәмамдап, өзіміздің ауылға «шөтшік» (учетчик) болып келген» деп, ешектің басын кілт тартып тоқтатты да, жол шетіне ығысып тұра қалдық. Сөйтіп, атты адам қашан өтіп кеткенше ұзақ тосып тұрдық. Ол да асықпайтындардан болса керек сірә, жылдам өтетін түрі жоқ. Мен тағатсыздана бастадым да: «Әже, ол адам қария емес, жап-жас бала ғой сіздің алдыңызда, жүре берейік те» деп қайта- қайта айта бердім. Әжемнің құлақ асатын түрі жоқ, тұрған орнынан қозғалар емес. «Ол жас та болса туыстарымыздың ішінен шыққан атқа қонар ер азамат, оның жолын мен кесіп тастайтын болсам, менің кім болғаным? Әрі оның келешегі алда, үлкен үміт күтіп отыр одан ата-анасы, керек десең оның жасы кіші болғанымен, ол ер азамат, әрі жолы үлкен» деп маған жекіп тастады. Міне қызық, жап-жас баланы әжемнің жарты сағат күтіп тұруын не деп бағалауға болады? Мұнда халқымыздың қыз-келіншектеріне тән, қазақтан басқа ешбір халыққа бұйырмаған әдептілік пен имандылық жатыр. Әжемнің осы әрекетінің өзі маған өмірлік сабақ болып қалды. Әлі күнге жадымнан шыққан емес. Мен де қазір сол әжемнен көрген тәлім-тәрбиелерімді ұл-қыздарым мен жастарға үнемі айтып келемін. Балалық шағымда есте қалған осы жайды қағазға түсіргендегі мақсатым да сол өскелең ұрпақ бір ғибрат алса деген тілек қана.

Мұратқали ӘБДІМАНАПОВ,

М.Х. Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің

аға оқытушысы.