Шеткері үйдің жарығы
Шеткері үйдің жарығы
Осы орайда менің ойыма бір ғана кітап түседі. Ол жергілікті балалар жазушысы Көсемәлі Сәттібайұлының «Шеткері үйдің жарығы» повесі, оның өзі – кітапханаларда сирек кездесетін кітаптардың бірі. Осы повесті оқушыларға оқуға беру үшін біз оның көшірмесін жасауға мәжбүрміз, өйткені сатылымда да, интернет желісінен де іздеп табу қиын. Бұл шығарма жастар арасында неге сұранысқа ие деген сұрақ төңірегінде ойланатын болсақ, былай дер едім: – Жастар заман талабына сай ықшам жазылған шығармаларды ұнатады, себебі оқушылар сабақтан тыс көптеген үйірмелерге барады. Ересектердің көзімен қарағанда жастардың өмірі бейғам болып көрінуі мүмкін, шын мәнінде олардың өзіне тән толып жатқан проблемалары бар. Әлеуметтік мәселелерді қозғаған шығармалар оларға жақын болып келеді. – Тағдыр тәлкегіне түскен басты кейіпкердің өмірі оқырмандарды әділеттілік пен әділетсіздік туралы ойландырады. – Шынайы достық қандай болу керек? Ал сатқындық кімге тән қасиет? – Мұғалім қандай болу керек? Ол өз мамандығын дұрыс таңдай алды ма? Мұғалім оқушының бойында қандай қасиеттерін сіңіре білу керек? Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың шегі неде? – Дәрігер қаншалықты өз мамандығына адал болу керек? Шынайы жауапкершілік деген не? Дәрігер этикасы қандай болу керек? Қазіргі дәрігерлер Гиппократтың антын сақтап жүр ме? Әлде ақша табу жолында бәрін ұмытты ма? – Ауыл қарияларының орны қандай? Қоғамдағы тәртіпті сақтау, ауылдастарды адамгершілікке шақыру кімнің міндеті? – Ауыл өмірі мен қала өмірінің айырмашылығы. Білім мен надандық. Мәдениет пен сауатсыздық. Әдет-ғұрып , менталитет, жаңашылдыққа еліктеу. – Қоғамдағы немқұрайлық. Оны қалай жеңуге болады? – Басыңа іс түскен кезде қасыңнан табылатын адам кім? Отбасының маңызы. Ананың сенің өміріңдегі орны. – Өмірден түңілу, тұңғиықтан шығатын жол іздеу, күресе білу, өзің үшін, анаң үшін жеңілмеу. – Осы бір шағын шығарма қаншама ой туғызады, ойландырады, жылатады, немқұрайлы болмауға, қайырымды болуға, қайтарымсыз көмек беруге, жанашыр болуға шақырады. Егер сенің оқыған кітабың сені жылататын болса, ол сенің жүрегіңнің түбінен орын алғаны, ұйықтап жатқан сезімдеріңді оятқаны. Жақсы кітап ол сені мәңгі қолдайтын, қол ұшын беретін, түзу жолға салып, жол сілтейтін, өзімен бірге қызықтырып, сені еш алдамайтын дүние. С енің рухани байлығың. Осыны жастар ғана емес ересектер де білсе ғой. Шын достықтың, ізгі ниеттің, пәк көңілдің, терең ойдың, асыл сөздің қадірін бағалай алмағанымыз ұят.
А.ЕСЕНТАЕВА,
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының
кітапхана меңгерушісі