Балқыбекова бабында еді,бірақ...
Балқыбекова бабында еді,бірақ...
Әрине, әлем біріншілігіне ел намысын қорғауға аттанған спортшылардың қай-қайсысы да жүлдеге таласуға қауқарлы еді. Себебі, Ұлттық құрама сапында бұған дейін де Азия, Әлем чемпионаттарында қоржынға жүлде салып жүрген мығым боксшылар болды. 52 кило салмақта өнер көрсеткен Жайна Шекербекова, Дина Жоламан (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило) және Валентина Хальзова (70 кило) сынды тәжірибелі боксшылар ақтық сынға бір табан жақын қалғанымен, бұл жолы қола медальді місе тұтты. Ал 48 кило салмақта жұдырықтасқан Жамбыл бокс мектебінің түлегі, әйелдер құрамасының капитаны Алуа Балқыбекова болгариялық Севда Асенованы кездесудің бірінші раундында-ақ айқын басымдықпен жеңген. Айта кетейік, қазір Алуа Алматы облысының атынан өнер көрсетіп жүр. Жалпы, жартылай финалдық жекпе- жекке дейін Балқыбекова канадалық Прянка Диллон мен сербиялық Снежана Сильковичті де төрешілердің бірауыздан шешімімен ұтты. Осыдан кейін-ақ бокс жанкүйерлері мен сарапшылары додада Балқыбекова қарсылас шақ келтірмейді деп ойлаған да шығар. Себебі Алуаның кәсіби шеберлігі, айқастағы мәнері, жылдамдығы жоғары деңгейде болғаны рас. Алайда ақтық сында түрік қызы Айше Чагирер төрешілердің шешімімен Алуадан айласын асырып кетті. Есеп 3:2. Кездесудің алғашқы раундында төрешілер бірауыздан Балқыбекованы жеңді деп есептегенімен, отандасымыз бұл басымдықты жекпе-жектің үшінші раундына дейін уыстан шығарып алды. Биылғы Әлем біріншілігінде Халықаралық бокс ассоциациясы жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйақы тағайындаған. Алтын жүлде олжалағандар 100 мың доллар, күміспен күптелгендер 50 мың доллар, қолаға қол созғандар 25 мың доллардан алды.
Сәндібек Піренов