Денсаулық

Еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды

Еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. Бұл тұрғыда Президент «Денсаулық кілті – дене шынықтыруда. Қайталап айтамын: бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз ету керек» деп атап көрсеткен болатын. Маңызды міндетті жүзеге асыруда спорт саласы қызметкерлеріне де артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы бағыттағы жұмыстарды жолға қоюға аянбай атсалысып жүрген жандардың бірі – облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығы басшысының орынбасары, Құрметті спорт қызметкері Бөрібай Тұраров десек әсте қателеспеген болармыз.

Саналы ғұмырын салауатты өмір салтын нығайтуға арнап, сергектікті серік еткен азамат әңгімені де майын тамызып айтады. Есімінің қойылу тарихы да бір хикая екен. – Мен 1959 жылы 20 мамырда Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында өмірге келдім. Есік алдына отау тігіп жатқан шақ екен. Содан үйдегілер есімімді Қоныстай деп қояды. Үлкендердің қуанышында шек жоқ. Қызық болғанда маған туу туралы куәлік алуды ұмытып кетіпті. Бір ай уақыт өткенде әкем алып-ұшып ауылдық кеңеске барады. Бірақ, баласының атын есіне түсіре алмай қойыпты. Ары ойланады, бері ойланады. Сұрай салатындай қазіргідей ұялы телефон деген атымен жоқ. Кеңсенің алдында басы қатып тұрса Бөрібай есімді таныс инженер кісі кездесе кетіпті. Шіркін, бұрынғының адамдары мәрт қой, сөйтіп құжатқа менің есімімді Бөрібай деп жазып жіберіпті. Дегенмен жақын танитын ел-жұрттың бәрі әлі күнге Қоныстай деп атайды. Бөрібай екенімізді кейін институтқа түскен кезімізде білдік қой, – дейді ақкөңіл ағамыз. Жақынырақ таныса келе оның өз ісіне жан-тәнімен берілгендігін аңғардық. Спорт саласына кездейсоқ келмеген. Әкесі Сейілтай палуан кісі болыпты. «Алма ағашынан ұзап түспейді» дегендей, кейіпкеріміз де қаршадайынан күреске ден қойып өседі. Бұған Жамбыл ауданының Бесағаш ауылындағы әпкесінің қолында өсуі де оң септігін тигізсе керек. Қазақ күресінің кіл мықтылары шыққан ауылда үш жыл оқи жүріп дене шынықтыруға ден қояды. Кейін ауылына қайта оралғанда жаттықтырушы Бақыт Зетов күреске баулиды. Мектеп бітіріп, әскер қатарына шақырылғанда да ептілігімен көзге түсті. Мәскеу, Смоленск және Минскі қалаларында азаматтық борышын өтей жүріп, түрлі сайыстарда топ жарды. Бөрібай Сейілтайұлы 1980 жылы әскерден оралған бойда бірден Алматы мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтына «Дене тәрбиесі және спорт оқытушысы» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң үлкен қалада қалып қоймай, туған жерге тіке тартады. Сөйтіп Жаңатас қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен аға жаттықтырушы болып еңбек жолын бастап, тоғыз жыл бойы тер төкті. 1993 жылы Жаңатас қалалық әкімдігі жанындағы жастар ісі, спорт және туризм басқармасы төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылып, кейіннен осы мекеменің тізгінін ұстады. Білікті бапкер облыстық деңгейдегі мекемелерде де басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты үш бірдей ұйымда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Қай ұжымда еңбек етсе де адалдық ұстанымынан айныған жоқ. Өмірлік мол тәжірибесімен бөлісе жүріп, Олимпиада, Әлем, Азия, ойындарының, Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындауға сүбелі үлесін қосуда. Байрақты бәсекелерде жасындай жарқыраған ізбасарларының қатарында Жәнібек Қандыбаев, Елдос Сметов, Ленария Мангазова, Бейбіт Ыстыбаев, Ардақ Құлжанов сынды сайыпқыран саңлақтардың жөні бөлек. Еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Бөрібай Тұраров әр жылдары лайықты марапаттарға ие болды. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алса, 2019 жылы «Құрметті спорт қызметкері» атанды. Ал 2020 жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен наградталды. Бұдан өзге де Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік. Бөрібай Сейілтайұлы бүгінде үлкен отбасының да алтын діңгегі болып отыр. Құдай қосқан қосағы Жайдары Үсеновамен бірге төрт перзент сүйді. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, 2002 жылы жан жарынан көз жазып қалды. Шиеттей балаларды жеткізу де оңай емес. Үлкендердің батасын алып, беріде Мейіркүл Әлібековамен жұп жарастырды. Қазір ұлдары Асхат, Самат, Саят, Бекзат ат жалын тартып мініп, жеке кәсіппен айналысуда. Самат пен Саят спортта да өз соқпақтарын қалыптастырып, республикалық, халықаралық дүбірлі додаларда алдыңғы қатардан көріне білді. «Әке көрген оқ жонар» деген осы болса керек, сірә. Спорт саласында қырық жылға жуық уақыт қалтқысыз қызмет атқарып, құрметке бөленген кейіпкеріміз бүгінде зейнет жасына қадам басып отыр. Өткенге ой көзімен қарап сәулелі сәттеріне шүкір дейді. Біз де еңбекпен ел-жұрттың ықыласына бөленген азаматқа бар жақсылықты тілейміз.

Бақыт ЖАЛҒАС

Тараз қаласы.