Денсаулық

«Бабамның көзі - жылылық табам жусаннан»

«Бабамның көзі - жылылық табам жусаннан»

Сәт Мәлібекұлы – өңірімізге танымал ұстаз- ақын. Ол қырық жыл Шу ауданы, Ақсу ауылындағы Ж.Баласағұн орта мектебінде мұғалім болып еңбек етті. Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен дәріс берді. Оған қоса аталған ауылдан Азиза Аманбай, Әділет Медетқұл, Альбина Зұлбұхар секілді жас ақындардың шығуына себепкер болды. Осы кезге дейін Сәт ақынның «Әнші Рахыш – менің туған бауырым», «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды» атты жыр кітаптары жарық көрген. Бір ерекшелігі алғашқы кітабына белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлдихан Қалдыбаевалғысөз жазса, кейінгі кітаптарына танымал жазушылар, әдебиетте өзгеше қолтаңбасы қалған Елен Әлімжан мен марқұм Несіпбек Дәутайұлы жақсы пікірін білдірген екен. Жақында Сәт Мәлібекұлының төртінші жыр кітабы жарық көрмекші. Баспаға дайындалып жатыр. Ол кітапқа жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы алғысөз жазған. Өңір әдебиетінің алыптарын мойындатқан Сәт ақынның бір топ жырларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.Даламда қалам мен кетпей Жетекке алып, апарар ертіп, жыр ғашық, Мені іздесең ерінбей достым қырға шық. Жат ойға еріп таңданба сонда, таңданба, Көзімді көріп, даламмен тұрған сырласып.  Таңданба маған, осылай күнде тілдесем, Білмейсің барын, сиқырлы әуез –гүлде сен. Мұңдарын тыңдап, шашылған қурап қурайдың, Тербесе самал, сыбызғы болып үндесем.  Жастықтың әнін естимін өскін көгінен, Қайсарлық көрем шілдеде піскен шөбінен. Бабамның көзі – жылылық табам жусаннан, Сезінбей жүрген жандардың мына көбінен.  Төбешік көрсем келердей бабам тіріліп, Қолымды жайып, отыра қалам жүгініп. Жерлерін қорғап, үстінен аттың бір түспей, Бастарын имей көрсетіп өткен ірілік.  Бала болып кетіп елуден асқан шағымда, Жетердей қуам жиекті басқан сағымға. Жаныммен сезем даламда жүр деп, даламда, Ұстатпай жүрген мұратым және бағым да.  Талдырған тіпті құстың да ұшқан қанатын, Ғажап қой шіркін, ғажап қой шіркін, дала тым. Анаңдай туған жатқаны төсеп мамығын, Аяқтан мұнда пенделер жоқ қой шалатын.  Тамсана қарап, мақтауға өзін сөз жетпей, Шетсіз де шексіз көкжиегіне көз жетпей. Көркіне құлап қиялым кетсе алысқа, Көңілім гүлдеп, даламда қалам мен кетпей.  width=

*** Далам сенде еншім бар алынбаған, Топтап санап демеймін малыңды алам. Дүниең де керексіз берсең болды, Жүрегімде маздайтын жалын маған.   Мансап қуып мен емес салпақтаған, Жігіттерден қорланам жалтақтаған. Өжеттігін тарту ет қыран құстың, Мінез бермей мықтыдан қорқақтаған.   Жас кездегі мойындап кемдігімді, Табыс күтем әр күннен мен бүгінгі. Шыдас бермес талабым өзіме де, Қисаң болды аздаған кеңдігіңді.   Балапан да көп жатпас ұясында, Армандарым бет алған қия-шыңға. Қайран қалам сендегі дарқандыққа, Пейіліңді сұрайын, қиясың ба?   «Салғанына тағдырдың төзесің де, Шыдамдылық керек»-дер сөз есімде. Бойымдағы кемшіннің толтыр бәрін, Салмақтылық жетпей жүр сезесің бе.   Жауап таппай жүрмін көп сұрақтарға, Ой бөлісер төсіңде қырат бар ма. Жомарттыққа сендегі сеніп қалғам, Сыртқа кетпей ауылда тұрақтарда.   Мен үшін қала бөтен Пейілің орап ап барсам жалаң, Шат бесікке бөлейсің дархан далам. Білем сенің аналық махаббатың, Кетпес қылып ауылға арқандаған.   Жетегінде үміттің қуған арман, Менің-дағы кезім бар Шуға барған. Тез зерігіп сауықтан қаладағы, Қашып шығып кеткенмін думандардан.   Бір-ақ күнде басқам да желігімді, Сағынышқа толтырып көңілімді. Тез жетуге асыққам өз далама, Қалдырғандай дәл жарты бөлігімді.   Басқалардың асқарлы тауларына, Көз алартпай жемісті бауларына. Күзетшің боп жүрмін мен бабалардай, Бермей өткен сүйем жер жауларына.   Іңкәрлігім өзіңе ала бөтен, Жұмақты іздеп таппаспын далама тең. Барда шығар таусылмас қызықтары, Сонда-дағы мен үшін қала бөтен.   Күзгі көрініс Жаз екен ғой келген бұл күз дегенің, Енді маған ұстатар іздегенім. Қырда жүрсем жетем деп арманыма, Жастығымнан қолымды үзбегенім.  width=  Құрық салам даламның тағысына, Жұрт таңқалар көсіліп шабысына. Жылқылар көп бәрі де мініс көрген, Аяқ артпан ауылдың жабысына.   Ерттеп мініп ойнаймын ат жалында, Көңілі өспес дәл бұлай патшаның да. Бас үйреніп тарпаңым бастыққан соң, Тек бұлақтан су ішер баптарымда.   Еріп жүріп өмірдің ағысына, Қосып көрем тұлпарлар жарысына. Ауылдастар отырар тақым қысып, Озып келсе ел ортақ табысына.   Қол бұлғайды сағымдар Маған деген бар білем көп тілегі, Шуағына шомылтып көк күледі. Жадау тартқан жүрекке жылу беріп, Аймалаған жанымды өпті лебі.   Сайын далам қорғаным, қамалым ең, Көңілімді тербедің самалыңмен. Сұлулығың тамсатқан желік берді, Мен қасына қайғының қамалып ем.   Қол бұлғайды сағымдар жиегіңде, Қарау жақса жұқпайды күйе кімге. Шалыс басып сүрінген тентегіңді, Құлатпадың өзің көп сүйедің де.   Өзің оят, ой қумай қалғыдым ба, Аунап-қунап сергиін шалғыныңда. Бей-жай мені қалдырма сен әйтеуір, Арман көбін білесің балғыныңда.   Жас шағымда көп жайды екшемедім, Менің де бар өмірден көксегенім. Не деп жауап қайтарам, айтшы далам, Іс тындырмай жүрсің деп сөксе белің.   Күлкі сепші Далам барда бұл жоқтық бөгесін бе, Егініңді себісем егесің бе. Қаңтарылған соқаңды жер айдайтын, Өгіз болып тартайын жегесің бе.   Дәнің едім жеріңе себілетін, Жаңбыр болам көгіңнен төгілетін. Күй кештің-ау ауылым қабырғасы, Ақын емес тастың да сөгілетін.   Күндер артта өртеген өзегімді, Отқа жақтық көмір деп тезегіңді. Жылдар бойы түнерген қабақтарға, Күлкі сепші шуақ ап кезегіңді.   Үміт артқам көктемнің келісіне, Мал шығыпты қуанам өрісіңе. Бітік шыққан күздікті көрген ағам, Мақтаныштан сыймай жүр терісіне.   Бақ ұшып жүр ауылдың төбесінде, Бабалардың әруағы жебесін де. Сең бұзылған көктемнің шуағынан, Сейіліпті нарықтың көбесі де.   Қыраттағы ой Тағы да шықтым қырыма, Азаннан тұрып қой айдап. Қана алмай дала сырына, Келемін іштей ой ойлап.   Алдынан шығып қайырмай, Жібердім бәрін еркіне. Сұқтана көзді айырмай, Қараймын дала көркіне.   Жүрейін тұрмай мен енді, Қойларым кетті бел асып. Самалы құшты денемді, Омырауды жел ашып.   Жиегін басып сағымдар, Жайқалған сансыз гүлдері. Даламда менің бағым бар, Басайын қадам ілгері.   Өз далам тербеп келемін, Жолымды кескен қарсақ қой. Жақсы күн алда сенемін, Ауыл боп бірге барсақ қой.   Сағынышым жүр менің Басып жүрмін туған жер топырағын, Аунап та алам, қаласам отырамын. Тереңдегі тамырдан өніп-өскен, Бұтақтарым жаюда жапырағын.   Дей алмаймын, жер көрдім тау асып ем, Тыныстаймын ауылдың ауасымен. Шүйгін шөбін айтпайын талынан да, Тәніңдегі дертіңе сауасың ем.   Көптен көрмей жүздескен құрдасымдай, Ақтарылып күнде кеп сыр жасырмай. Басын иіп далама махаббатым, Сағынышым жүр менің бір басылмай.   Көңілімді көтерем қырға шығып, Төселеді кілемдей жыр шашылып. Уақыт тауып ерінбей теріп алған, Өлеңдерім газетте жүр басылып.   Арқа тұтып ой, белін, жар, сағасын, Кеңге салған бір жанмын арқа-басын. Туған жерім, еліммен аман болса, Базарымның білем мен тарқамасын.  width= Өзіңнен көрсем қызықты Бұлаңдаған төсіңде еркең едім, Шексіз сүйіп өзіңе еркеледім. Махаббатқа толтырған жүрегімді, Кім-кімің де таңғалар көрсе менің.   Жетеледің, жеткіздің, жетектедің, Төрге шықтым, кеше ғой етекте едім. Өзің болып қарадым ұсақтарға, Қалмай жүрсе соңымнан өсек менің.   Қуат бердің кеудеме өршең менің, Дән біткенді қырыңнан терсем дедім. Сөйтіп жүріп әкемнен көрмей қалған, Бар қызықты өзіңнен көрсем дедім.   Шексіздігің көзімді талдырардай, Жаяу жүрмін құмарды қандыра алмай. Іске барсам анамның сүті кешпес, Далам сені ұятқа қалдырардай.   Ертең күйін кешпейін «кезбе шалдың», Тұлпар мінгіз қажетсіз өзге малың. Ат ойнатып шығайын қыр басына, Біреу болып келмейді сөзге қалғым.  

Сәт МӘЛІБЕКҰЛЫ,

ақын.

Шу ауданы.