Денсаулық

Жарқын жүзі мәңгілік есте қалады

Жарқын жүзі мәңгілік есте қалады

Аяулы ана, асыл әже, ардақты ұстаз, білімді басшы бола білген Сара Ақтайқызы ЕГЕМБЕРДИЕВА ағымдағы жылдың 15 шілдесінде 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оқығаны мен тоқығаны, көргені мен білгені, тұжырымы мен түйгені мол білімді жан өзінің бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, қырық жыл бойы ұстаздық етіп, зейнет демалысына шыққан еді. Зейнетке шықтым деп қарап отырмай қоғам өміріне араласып, шаруашылықты басқарып, ел алғысына бөлене білді. Еңбегі де ескерусіз емес. Бұл салада алған марапаты да жетерлік. Сара Ақтайқызы 1943 жылдың 3 маусымында Қырғызстан Республикасы, Калинин ауданы, Новониколаевка ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қырғыз мемлекеттік университетіне түсіп, 1967 жылы осы университетті орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Луговое ауданы №12 орта мектепте мұғалім болып бастаған еді. Бұдан кейін Каменка ауылы, Қарақыстақ селолық кеңесінде екі жыл жұмыс істеп, сүйікті мамандығына қайта оралады. 1970-1978 жылдары Меркі ауданы, Кеңес ауылындағы, 1978-1992 жылдары Плодоягодное ауылындағы №44 орта мектептерінде мамандығы бойынша жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысына шығады. Ал 2007 жылдан бастап күні кешеге дейін «Олжа» шаруа қожалығын басқарып, ұлдарына жол көрсетіп, қожалықтың аяқтан нық тұрып кетуіне үлесін қосты. Өзіндік орны бар «Олжа» шаруа қожалығы жетістіктерімен облысқа да әйгілі шаруашылықтың қатарында. Білім және ауыл шаруашылығы саласындағы жемісті еңбегі үшін алған марапаттары да аз емес. Асыл әженің еңбегі ескеріліп, ол «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалін алған болса, 2021 жылы Меркі ауданының Құрметті азаматы атанды. Сара Ақтайқызы мұсылмандық жолын ұстанып, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. 1997 жылы қасиетті Мәдина мен Мекке қалаларында болып, қажылықтың барлық парызын орындап қайтты. Сара апамыздың топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болсын деп ұл-қызына, туыс-туғанына қайғырып көңіл айтамыз. Анамыздың сүрмеген жасын, көрмеген қызығын артында қалған ұл-қызына, немере-шөбересіне көруді Алла нәсіп етсін. Сара апамыздың жарқын бейнесі мен бала тәрбиесіне сіңірген еңбегі жадымызда, жарқын бейнең жүректерімізде мәңгілік есте қалады.

Еске алушылар: «Меркі-ет комбинаты» ЖШС,

«Олжа» шаруа қожалығы ұжымы,

балалары және немерелері.