Алаяққа алданып, ақшаңыздан айырылып қалмаңыз
Алаяққа алданып, ақшаңыздан айырылып қалмаңыз
«Ауыр санаттағы алаяқтықтың 17-сі ақпараттық технологияны пайдаланумен шет мемлекеттерден жасалған. Мысалы, 9 дерек бойынша Ресейден және 8 жағдайда Украинадан болып отыр. Барлық жайттар бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратурамен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Полиция департаментінде құрылған арнайы жедел-тергеу тобымен осы санаттағы барлық қылмыстық істер зерделеніп, жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге жергілікті 2 азаматтан тұратын қылмыстық топ анықталды. Олар ақшаларды қолма-қол алу үшін басқа азаматтардың көмегіне жүгінген», деген дерек келтіреді. Сондай-ақ азаматтардан алаяқтық жолмен алынған қаржы кәдімгі валютамен емес, криптовалюта түрінде шетел асып жатыр екен. Өйткені кез келген қаражатты мемлекет аумағынан шығару үшін шектік сома бекітілген және оған арнайы декларация толтырылады. Ал криптовалютаға бақылау жоқ. Күнделікті түрлі деректер тіркеліп, азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, алданып қалып жатқан тұрғындар азаяр емес. Белгісіз нөмірден қоңырау түсіп, күдік туғызған жағдайда ол адамдармен сөйлесуді дереу тоқтатып, 102-ге хабар беру керек. Сондай-ақ бөтен адамдарға ешқашан банктік карта, жеке куәлік туралы мәліметтерді және ұялы телефонға келетін SМS кодтарын хабарламау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ интернет алаңдарда (ОLХ, Instagram және т.б.) тауарды сатып алу немесе сату кезінде, алаяқ сізге тауарды сатып алғысы немесе сатқысы келіп, бұл ретте курьерлік жеткізу арқылы рәсімдеуге болатындығын хабарлап, содан кейін сізге сілтеме жолдап тауарды төлеу үшін банк деректемелерін толтыру қажеттігін айтады. Алайда банк деректемелерін толтырғаннан кейін, бірден сіздің банк картаңыздан қаражат алынады. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие. Тараз қаласы Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Бектұрсын Серіков: «Бұл қылмыстарды ашу өте қиын, өйткені қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды. Көптеген карточкалық аударымдар бойынша мұқияттылықты, ақыл-ойдың өткірлігін және көп уақытты қажет ететін көптеген операциялар мен басқа да процедуралық шаралар жүзеге асырылады. Азаматтардың интернет алаяқтық туралы әрбір өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оның барысында біз белгілі бір сот-тергеу практикасын, оларды ашу және тергеу әдістемесін әзірледік. Жасына, жағдайына, ұлтына және басқа да жағдайларға қарамастан кез келген азамат мұндай қолсұғушылықтың құрбаны болып қалуы мүмкін», дейді. Ендеше, интернеттегі алаяқтықтың негізгі түрлеріне тоқталайық: Банктің қауіпсіздік қызметтері – алаяқтар банк клиенттеріне «банктің қауіпсіздік қызметі» немесе «қаржы мониторингі қызметі» деген атпен қоңырау шалып, карта бойынша күдікті операция жасалғаны туралы хабарлайды. Есепшоттағы ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сылтауымен олар шоттан ақшаны ұрлау үшін клиентті бірқатар әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. Сондай-ақ сенімділік үшін олар банктердің және басқа да құрылымдардың ауыспалы нөмірлерінен қоңырау шала алады, бұл ретте арнайы бағдарламаларды пайдаланып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде бола тұра Қазақстан Республикасының абоненттік және стационарлық нөмірлерін пайдаланады. Әрі қарай алаяқтық сызбасы бірнеше сценарийлер бойынша дамиды. Алаяқтар картаның төлем деректерін (16 таңбалы нөмір, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код, сондай-ақ банктен СМС-тен алынған код) немесе жеке кабинетке кіру деректерін алдау жолымен қолдарына түсіреді. Кейде қоңырау кезінде алаяқтар телефонның қорғалуын күшейту сылтауымен арнайы қосымшаны (мысалы, AniDesk, TeamViewer) орнатуды сұрайды, бұл қашықтан кіру және басқару бағдарламасы болып табылады, оның көмегімен жәбірленушінің онлайн-банкінің жеке кабинетіне кіріп, сол жерден өз шотына ақша аудару мүмкіндігін алады. Қашықтан қол жеткізу бағдарламалары қолжетімді барлық ақшаны ұрлауға ғана емес, сонымен қатар мобильді қосымшада егер мұндай өнім клиентке ұсынылса, алдын ала мақұлданған несие алуға, содан кейін қарыз қаражатын шығарып алуға көмектеседі. Сондай-ақ қоңырау кезінде алаяқтар өз құрбандарын банкоматтан ақша алуға және оларды «қаражатты құтқару» үшін арнайы шотқа аударуға көндіреді. Сатып алу туралы хабарландыру – интернетте алаяқтар көптеген жарнамаларды оқып, зерделейді. Жәбірленушіні таңдап, сатып алушы ретінде мессенджер арқылы хат алмасады және сатып алуға келіседі. Ақша аудару үшін алаяқтар сілтеме жібереді. Бір қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ басқан кезде пайдаланушы фишингтік сайтқа өтеді. Бұл сайтта банк картасы, CVV-коды, ЖСН көрсетілген сауалнаманы толтыру және ақша аударымын күту ұсынылады. Алайда банк карталарынан деректемелерді толтырғаннан кейін ақшаны рұқсатсыз алу жүргізіледі. Жоғарыда көрсетілген деректемелерді алып, алаяқтар қолда бар барлық ақшалай қаражатты карт-шоттардан лезде ұрлайды. Бұл жағдайда сайт бірнеше секундтан кейін бұғатталады және із қалдырмайды. Әлеуметтік қызметтер арқылы тауарларды жарнамалау және сату – алаяқтар «ОЛХ», «Крыша.кз», «Колеса» және басқа да әлеуметтік желілерге қолда жоқ тауарлар туралы, оның ішінде автомашиналарға қосалқы бөлшектерге тапсырыс беруге және тағы басқа нарықтағыдан төмен тартымды баға бойынша (алдын ала төлем немесе толық сома алынғаннан кейін жоғалып кетеді) хабарландырулар қалдырады. Сатып алушыдан алдын ала төлем жасауды сұрайды, себебі бұл өнімді тағы бірнеше адам сұрап тұр деп сендіреді. Мұндай жағдайда сатушымен бейнеқоңырау құралы арқылы хабарласу немесе осы тауардың түпнұсқалығына көз жеткізбестен алдын ала төлем жібермеу ұсынылады. Онлайн-несиелерді рәсімдеу – алаяқтар әртүрлі жолдармен, соның ішінде үшінші тұлғалар арқылы оларға әлдекімдер ақшалай қаражатты аударуы тиіс, алайда өздерінің банк картасы жоқ немесе уақытша бұғатталған деген сылтаумен толық банктік деректемелерді (банк картасының нөмірі, ЖСН, жеке куәліктің нөмірі) алады. Толық деректемелерді алғаннан кейін ұялы байланыс құралдары арқылы немесе дербес компьютер арқылы құрбандардың атына онлайн-кредиттер рәсімдейді. Пәтерлерді тәулікке немесе ұзақ мерзімге жалға алу – пәтер жалдау нарығындағы алаяқтар пандемияны да өз мақсаттары үшін пайдаланды. Интернетте «жалға алу алаяқтары» деп аталатындар белсенді бола бастады. Олар фотосуретте керемет жөндеумен және сенімді клиенттерді тарту үшін өте тартымды бағамен пәтердің әдемі жарнамасын көрсетеді. Мысалы, премиум пәтер пандемияға байланысты эконом бағасымен ұсынылды. Осыдан кейін алаяқтар әлеуетті клиенттерден пәтерді брондау үшін шағын соманы банк картасына аударуды сұрайды. Төлем жүргізілгеннен кейін жалға алушы мұндай пәтерлердің жоқ екенін немесе мекенжайы жалған екенін анықтайды. Шотты ауыстыру – алаяқтар басқа да психологиялық әдістерге жүгінеді. Мысалы, ақша пакеттері (әрине, жалған) және қымбат автомобильдер (әрине, өздерінікі емес) бар фотосуреттер. Көбісі төлқұжат фотосуреттерін кепілдік ретінде жібереді. Тек төлқұжаттағы адамның алаяққа ешқандай қатысы жоқ, бұл басқа біреудің құжатының суреті. Әлеуметтік желілердегі парақшаларда қанағаттанған клиенттердің көптеген пікірлері бар. Бірақ оларға сенбеуі керек, бұл жалған беттер, әсіресе мақтауға арналған пікірлер үшін жасалған. Сәтті жылжыту туралы пікірлер жалған екенін есіңізге саламыз. Интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтау керек: – өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпиясөздерді, тіпті егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз; – жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе кішігірім шрифтпен жазылғанды оқыңыз; – тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз және жай ғана елемеңіз – осылайша сіздің ақшаңыз бүтін болады; – тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз; – белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз; – тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз; – байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз; – өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарында микро қарызды рәсімдеуі мүмкін.
Маржан РАҚАЙ