ӘКІММЕН КЕЗДЕСУ: Еркін пікірлер мен ашық ойлар алаңы
ӘКІММЕН КЕЗДЕСУ: Еркін пікірлер мен ашық ойлар алаңы
«Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу» екенін баса айтқан өңір басшысы ең әуелі бірінші жартыжылдықтағы облыстың экономикалық көрсеткішіне тоқталды. Айта кетейік, өңірдің жалпы экономикалық өсімі 104,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштің жақсаруына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй құрылысы, сауда, байланыс салаларында оң динамиканың қалыптасуы себепші болып отыр. Сондай-ақ облыс әкімі 155,8 миллиард теңге инвестиция тартылғанын, 255 миллиард теңгеге көлік қызметі көрсетілгенін және бюджет қаражатының 99,9 пайызға игерілгенін айтты. Ал инфляция деңгейі жыл басынан 110 пайызды құраған. Облыс әкімі лауазымына тағайындалған күннен бері Нұржан Молдиярұлы Тараз қаласы, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жеке-жеке есебін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын саралап шыққанын, барлық аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, негізгі міндеттер мен мүмкіндіктерді пысықтағанын атап өтті. «Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асыру маңызды. Бізде оған барлық мүмкіндік бар. Ендігі кезекте, сол ресурстарды тиімді пайдалана отырып, жұмысты жүйелеу міндеті тұр», деді өңір басшысы. Осы мақсатта 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленген. Жоспар «Инвестициялық жобалар», «Бюджеттік инвестициялық жобалар» және «Жұмыспен қамту» деген үш бөлімнен тұрады. Аталған бағыттар іске асқанда ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында құны 2 триллион теңгені құрайтын 1154 жоба жұмысын бастап, 14,4 мың жұмыс орны құрылады. Байқағанымыз, облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса мән беруде. Ол үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 10 бағытын ұсынып отыр. Олардың қатарында 451 жылыжай кешені, 40 су үнемдеу технологиясы, 37 жеміс және көкөніс сақтау қоймасы, 29 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындары, 9 сүт тауарлы фермасы, 51 мал бордақылау алаңы, 26 құс фермасы, 36 балық шаруашылығы және 32 өзге де шағын жобалар іске асырылмақ. – Ауылдық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі. Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір массив таңдап алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «Бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылатын болады, – деді Нұржан Нұржігітов. Ал бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру аудан, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті екенін қадап айтты. Сондай-ақ өңір тұрғындары тарапынан көп қолдау тауып, үлкен сұранысқа ие болған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба өзінің жалғасын табатын болыпты. Бір ай бұрын облысқа арнайы келген Үкіметтік делегация жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, бұл тәжірибені ел көлемінде тарату ісін қолға алғанын да атап өтті өңір басшысы. Ауыл тұрғындарын, әсіресе малмен айналысатын шаруаларды қатты алаңдататын жайылым мәселесі де назардан тыс қалмады. – Жайылым жерлермен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі прокуратурамен бірлесіп, елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін өткен жылдан бастап 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылы ауылдық округтерге 227,5 мың гектар жер берілді. Ал биыл қосымша елді мекендердің жайылымын ұлғайту үшін 418,4 мың гектар жер учаскесі қосылып берілетін болады. Сондай-ақ қоғамдық жайылымдардағы мүйізді ірі қараларды асылдандыру мақсатында аудан әкімдеріне сол жайылымдарға асыл тұқымды аталық ірі қараларды қосу немесе қолдан ұрықтандыруды жолға қоя отырып, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырдым. Бұған мемлекет тарапынан арнайы субсидия төленеді, – деді Нұржан Нұржігітов. Келесі кезекте кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларын дамыту мәселелері айтылды. Жыл басынан бергі 6 айда кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілген екен. Сондай-ақ екі мыңнан астам азаматқа 3,3 миллиард теңге грант бөлінген. Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында 4 арнайы алаң жұмысы іске қосылған екен. Ал өнеркәсіпті дамыту бағытында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту ісіне мән берілген. «Онда тек химиялық жобалармен шектелмейміз» деген облыс әкімі бүгінгі таңда аталған аумақта 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға күш салып жатқанын жеткізді. Брифингте бюджеттік инвестициялық жобалар да жан-жақты айтылды. Сонымен қатар әкім тұрғын үй мәселесін де тілге тиек етті. Баспанамен қамтудың өзектілігі арта түскенін айтқан ол бүгінге 36 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде, 164 мыңға жуық адам жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер кезегінде тұрғанын жеткізді. Көпқабатты тұрғын үй кезегі негізінен облыс орталығы – Тараз қаласында қалыптасса, жеке тұрғын үй құрылысына кезектілік ауылды жерлерде өсуде. – Баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге көмектесу – мемлекеттің негізі міндеттерінің бірі. Облыста қазір 4388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл оның 3120 пәтерін пайдалануға береміз. Даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың шаршыметр көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 52 миллиард теңгеге 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерімен қамтылуда. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3198 жер телімі таратылатын болады, – деген өңір басшысы биыл пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Әулиеата жастары» жобасын да атап өтті. – Өңірде алғаш рет «Әулиеата жастары» жобасы аясында 500 миллион теңге жеңілдетілген несие қарастырылып, 50 жастың баспаналы болуына ықпал етеді. Бүгінде іске аса бастаған бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады деп күтілуде. Жалпы құрылыс саласына ағымдағы жылы 100 миллиард теңге бюджеттік инвестиция бөлініп отыр, – деді облыс әкімі. Коммуналдық шаруашылық саласы да әкімнің журналистермен болған брифингінде жан-жақты сараланды. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін сапалы ауыз су мен көгілдір отынға қол жеткізу бағытында атқарылатын жұмыс бағытын айтты. – Бүгінге облыстағы ауылдық елді мекендердің 269-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Сондай-ақ биыл қосымша 17 елді мекендегі 10 мың үй газға қосылады. Даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады. Бұл межеге қол жеткізу үшін 62 ауылға су құбырын тартып, 40 ауылдың ауыз су жүйесін жаңғыртып, 31 ауылға су тазалау блок модулін орнатуды белгіледік. Осы жерде айта кетер жайт, бүгінгі таңда облыстағы 36 елді мекенде ауыз су кестемен беріледі. Биылғы жылы аталған елді мекен тұрғындарын тәулік бойы сумен қамту мақсатында тиісті іс-шаралар бекітіліп, нәтижесінде, аталған ауылдардың саны 30 пайызға дейін қысқарады. Сонымен қатар 15 елді мекенге газ тартып, 50 елді мекенге табиғи газ жүйелерін тарту арқылы және 2 автономды газ тарату станциясының құрылысы жүргізіліп, бұл мәселе де оң шешімін табатын болады, – деген жоспарымен бөлісті. Өңір тұрғындарын толғандыратын үлкен мәселенің бірі – жол екені анық. Бүгінгі күні облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызды құраса, елді мекен көшелерінің үлесі 82 пайыз деңгейінде екен. Осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында «Даму жоспарының» аясында 6 миллиард теңгеге 18 жол құрылысы, қайта жаңғырту жұмыстары, 27,2 миллиард теңгеге 104 облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр екен. Сондай-ақ елді мекен көшелерінің үлесін 94,1 пайызға дейін жақсарту үшін 25,9 миллиард теңгеге 726 жоба іске асырылып, асфальт жабындысы төселмек. Әлеуметтің әлеуеті мен адам капиталын дамытудың негізі саналатын білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары да назардан тыс қалмады. Айта кетейік, әкім бұл салалардың жеткен жетістігінен бұрын туындап отырған мәселелеріне баса мән берді. Мәселе оңтайлы шешілмей, көш түзелмейтінін айтқан Нұржан Молдиярұлы оны шешудің тетіктерін де ұсынды. – Ағымдағы жылы білім саласына 244,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды. Жылдағы мәселе қайталанбауы үшін, мектептердің құрылысын 20 тамызға дейін аяқтап, жаңа оқу жылына толығымен дайын болуы керектігіне назар аударып отырмыз. Сапасыз жұмыс әрі кестеден кешіккен мердігерлер үшін қабылданатын шаралар жеңіл болмайтыны ескертілді, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар облыс әкімі қосымша білім беруге ерекше ден қойылғанын да айтты. 2021-2022 оқу жылында облыстың 76 мектептен тыс мекемелерінде қосымша білім берумен 67796 оқушы, жалпы білім беретін мектептердің 3543 спорт секцияларында 101356 оқушы, барлығы 169152 немесе 71 пайыз бала түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылған. Соңғы уақытта саладағы көтеріліп отырған мәселенің бірі – аз қамтылған көпбалалы отбасылардың балаларын киім-кешекпен қамтуға бөлінетін 32 500 теңгеге қатысты болып отыр екен. 2022 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларды әлеуметтік қолдауға жергілікті бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл мәселеге қатысты Нұржан Нұржігітов: «Еліміз бойынша 6 өңірде осы топтағы оқушыларды әлеуметтік қолдауға бөлініп отырған қаржы көлемі 25-30 мың теңге көлемінде қалыптасқан (Алматы облысы – 25 000, БҚО – 27 000, Маңғыстау облысы – 25 000, Ақтөбе, Қарағанды, СҚО облыстары – 30 000 теңгеден). Облыс бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, бөлініп отырған қаражат жеткілікті деп есептейміз. Әрине, бұл қаржы балалардың қажеттілігін толығымен өтейді деуден аулақпыз. Дегенмен балаларды мүмкіндігінше қолдауға күш салатын боламыз», деген пікірін білдірді. Сондай-ақ бүгінде мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне қатысты да мәселе көп. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшадағы қызмет сапасын арттыруды жүктеген болатын. Балалардың қауіпсіздігін алдыңғы орынға қойған Мемлекет басшысы лицензиялау тәртібін қайта енгізу бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндады. – Мен Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс сапарларымның барысында оқу орындарының асханаларындағы ас сапасы мен мәзірін арнайы тексеріп жүрмін. Кемшіліктер жоқ емес! Соған сәйкес, тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Бұған бейжай қарауға болмайды. Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі. Ал олардың денсаулығының дұрыс қалыптасуы үшін тұтынатын ас мәзірінде ағзаларына қажетті дәрумендер толық болуы шарт. Осыны естен шығармаған дұрыс, – деген өңір басшысы асханаларда жергілікті өндірушілердің өнімдерін, әсіресе бал, сүт өнімдерін пайдалану мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни, жаңа оқу жылында тағам өнімдерін алуда жергілікті өндірушілермен келісімшарттар жасалатын болады. Келесі кезекте денсаулық сақтау саласының мәселелері мен халық саулығы сөз болды. 2020-2021 жылдары елімізде орын алған індет салдары денсаулақ сақтау саласына айрықша көңіл бөлу керектігін көрсетті. Облыс тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында ағымдағы жылдың өзінде 8,2 миллиард теңгеге 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 648,3 миллион теңгеге 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4 пайыздан 38,8 пайызға дейін төмендеген. Медициналық техникамен жабдықтау деңгейі – 88,4 пайыз екен. Осы мақсатқа облыстан 2,5 миллиард теңге бөлініп, қажетті медициналық құралдар алынып, салалық министрлік тарапынан 12 санитарлық автокөлік берілмек. Нәтижесінде, жабдықтау деңгейі жыл соңында 90,9 пайызға жетпек. Жалпы, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдаулар көрсетіліп жатқан жайы бар. Соған сай халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің де сапасы жоғары болуы тиіс. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін біріншіден, әрине, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Осы орайда емханалардағы жұмыстардың сапасын жақсарту үшін учаскелік дәрігерлердің жүктемесі азайтылып, емханалар мен ауруханаларда «Кері байланыс» бағдарламасы енгізілген. – Даму жоспарымызға сәйкес, «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына 81 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылатын болады. Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Тозығы жеткен 19 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 10 пайызға дейін, типтік емес нысандар саны 90 пайызға дейін төмендесе, медициналық құралдармен жабдықтау деңгейі жақсарады, – деді Нұржан Нұржігітов. Спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға да айрықша ден қойылған. Қазіргі таңда спорт саласында 18 нысан салынып жатса, оның 8-і осы жылы пайдалануға берілмек. Бұл дене шынықтырумен, спортпен айналысатын халықтың үлесін 38,5 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады облыс әкімі. Өңір басшысының сөзінше, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 57,5 пайызға жетеді. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 45 спорт нысанын пайдалануға беру жоспары бар. «Халықтың рухани байлығын арттыруда мәдениет саласының орны ерекше» деген Нұржан Молдиярұлы жоспарға сәйкес өңірде 26 мәдениет нысаны соғылып, ауыл халқының игілігіне берілетінін, 17 тозығы жеткен нысан жөнделетінін атап өтті. – Алдымызда халықтың мәдени іс-шаралармен қамтылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Әлемде орын алған індетке байланысты қоғамдық шараларды кеңінен өткізуге шектеулер қойылып, біраз уақыт саябырсып қалған болатын. Десек те, жыл басынан бері облыста жалпы 500-ден астам мәдени шаралар ұйымдастырылып, оларға 60 мыңнан астам адам қатысты. Биыл мәдениет саласында 1,7 миллиард теңгеге 12 нысан салынуда, 500 миллион теңгеге 6 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Жыл соңына дейін 6 мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Идеологиялық шаралармен қатар, көрнекті және белгілі қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту мәселесі де басты назарда. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы, Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы және тағы басқалар бар. Осы ретте айта кету керек, Халық жазушысы, біртуар тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ескерткіш қою мәселесі қоғам арасында қызу талқыланғаны белгілі. Ескерткішті орнататын жерін таңдау бойынша арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссияға зиялы қауым өкілдері мен кәсіби мамандар енді. Комиссия құрылар алдында бұл туралы зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде айтылды және БАҚ-пен әлеуметтік желілер арқылы хабар берілді. Зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында қатысушылар тарапынан болған ұсыныстар толықтай комиссия тарапымен ескерілді. Ескерткіштің орнатылатын жері бойынша, комиссия мүшелерімен қатар әлеуметтік желіде де ұсыныстар болды. Ұсыныстарды комиссия мүшелері мұқият қарап, шешім шығару үшін дауысқа салды. Ескерткіш орнын таңдау кезінде, ұсыныстардың архитектуралық үйлесімдігі бойынша кәсіби мамандардың да пікірі назарға алынды. Зиялы қауым, қоғам белсенділерінің шешімімен Шерхан Мұртаза ескерткіші облыс орталығының ең үлкен көшелерінің бірі – Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты алдына орнатылатын болды. Комиссия тарапынан дауысқа салуға төрт ұсыныс түсіп, ең көп дауыс жинаған нұсқа қолдау тапты. Яғни, ескерткішті орнату орнын жергілікті атқарушы билік емес, зиялы қауым өкілдері белгіледі, – деп атап өтті өңір басшысы. Келесі кезекте азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі айтылды. – Жұмыссыздық мәселесі қашанда өзекті. Даму жоспарындағы міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендету күтілуде. Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жаңа жұмыс орнына қарай бағаланатын болады. Осы бағытта Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы шеңберінде 11 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3 мыңға жуығы тұрақты. 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83 мың жұмыс орны ашылатын болады, оның 28,3 мыңы тұрақты, 55 мыңы уақытша. Бұл жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік берері анық. Жалпы, облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қолдағы бар мүмкіндіктерге сәйкес терең, егжей-тегжейлі зерделене отырып, әзірленді. Ондағы әрбір көрсеткіш – шынайы. Яғни, жоспар әзір. Енді оны іске асыруға күш салуымыз керек! Мемлекет қолдауының арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз деп сенеміз. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңір экономикасын дамытуға мүмкіндік береді, – деді әкім. Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласына ерекше көңіл бөлетінін айтты. Тараз – облыс орталығы болуымен қатар, өңір айнасы екенін ескерткен Нұржан Молдиярұлы соңғы уақытта тұрғындар тарапынан қалада қордаланған мәселенің көбейіп кеткенін, тұрғындардан тоқтаусыз арыз-шағымдар түсіп жатқанын айтты. Бұл ретте: «Біз қала көркін арттыруға бағытталған имидждік жобаларға емес, қордаланған мәселені шешудің жүйелі жолдарын қарастыруға мән бергеніміз жөн», деп қадап айтты. Бұл ретте көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан шайынды су мәселесін шешу қажеттігі айтылды. Ол үшін тазарту жүйесі бар кәріз құбыры құрылысын бастау қажеттігі туындап тұр. Қаланың ирригациялық жүйесін ретке келтіру үшін алдағы 3 жыл қатарынан жұмыс атқарылатын болады. – 15-ші шағынауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесіне баса назар аударылатын болады. Аталған аудан тұрғындары электр жарығының жиі өшіп қалатынын айтып шағымданады. Тұрғындар ол мәселемен тікелей айналысатын жеке компаниялардан емес, жергілікті атқарушы органдардан көмек күтеді. Демек, біз бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде қала әкімдігіне нақты тапсырма жүктеледі, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ әкім Тараз қаласы көшелерінің 40 пайызына асфальт жол төселмегенін айтып, бұл мәселеге назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл ретте бір рет төселген, жөнделген жолдың екінші рет тағы да қазылып, сапасыздығынан тұрғындарға қолайсыздық тудырмау қажеттігін, ондайға жол бермеуді ерекше ескертті. Әкім сынға алған тағы бір мәселе «Жасыл ел – Тараз» мекемесіне қатысты болды. Мекеме 2021 жылды 445,2 миллион теңге шығынмен аяқтаған. 2022 жылдың бірінші маусымындағы қарызы 353,7 миллион теңгені құраса, несиелік қарызы 2 миллиард теңгеге дейін жеткен. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарына қатысты да мәселе баршылық екен. 2020 жылы басталғанымен, әлі де аяқталмаған, сондай-ақ аяқталғанымен, сапасыз жасалған жұмыстар жетерлік. Бүгінде олардың барлығы жіті тексерілу үстінде. Облыс әкімі Тараз қаласындағы жарықтандыру, саябақтар мен скверлердегі субұрқақтардың ақаулары, кәсіпкерлік нысандары үшін бөлінген жер телімдері сынды басқа да бірқатар мәселелерді атап өтіп, олардың барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Өңір басшысы тоқталған тағы бір мәселе – кадр таңдау болды. – Бұл тұрғыда біз меритократия принципін нығайтуға баса мән берудеміз. Соңғы тағайындаулар соның айғағы. Бұл ретте, басшылық қызметте біршама ысылған, жас, өңірден шыққан азаматтар тағайындалып жатқанын айта кеткен жөн. Талдау көрсеткендей, соңғы үш айда облыстың жергілікті атқарушы органдарында лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, төменгі лауазымдағы 55 мемлекеттік қызметші бос тұрған жоғары лауазымдарға орналасты. 4 жетекші маман бас маман, 26 бас маман бөлім басшысы, бас инспектор, сектор меңгерушісі, 7 бас инспектор бөлім басшысы, 10 бөлім басшысы аппарат басшысының орынбасары, басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, аппарат басшысы, округ әкімі, 1 орынбасар басқарма басшысы, 3 басқарма басшысы аудан әкімі лауазымдарына тағайындалды. Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріміздің мемлекеттік қызметті атқару барысында олқылықтарға жол беріп жататыны рас. Оны өзім де көріп, біліп жүрмін. Қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Ондағы мақсат – әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз жанұяларға жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру. Сондықтан ауыл, аудан, қала әкімдерінің жұмысын жетілдіруге айрықша басымдық берудеміз. Жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет! Біз оны өзімізден бастауымыз керек. Бөлінген бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстармен шектелуге болмайды. Бюджет қаражатын тиімді игеру – біздің қызметтік міндетіміз! Әкімдер инвестициялар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керек. Бұл олардың жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдерінің бірі. Мұнда басшылар тек мәселені анықтап, көрсетіп қана қоймай, оны шешу жолдарын да қоса ұсынулары тиіс, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Тағы бір маңызды мәселе – ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі осы және халықтың беретін бағасы екенін айтқан өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кездесулер жаңа форматта өтіп жатқанын айтып өтті. Бүгінгі күнге барлығы 412 кездесу өткізілсе, оның 13-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған. Облыстық әкімдікте үш ай бойы үздіксіз әр апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелері қарастырылған екен. Аталған кеңестерде тұрғындар тарапынан көтерілген 28 мәселе қаралған. Нәтижесінде, 25 мәселе шешімін тапса, 3 мәселе шешілуде екен. Сұрақтардың басым бөлігі Тараз қаласынан түскен. – Дер кезінде көңіл бөлінбеуі салдарынан жоғарыда атап өткен «Жасыл Ел – Тараз» бен 15-шағынауданындағы қордаланып қалған мәселелер соның дәлелі. Маған кез келген өзекті мәселе ешбір сүзгіден өтпей, қаз-қалпында ұсынылады. Әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы жазбалардың әрқайсысы бойынша жеке танысып отырамын. Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы айтқандай, біз айқайшылар мен провокаторлардың жетегінде кетпеуіміз керек. Керісінше, объективті көзқарастағы, сын айтса да, конструктивті диалог құруға дайын барша қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруға барымызды саламыз! Кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде алдымен қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек. Шешім қабылдарда олардың ой-ұсыныстарын, пікірлерін ескеру маңызды. Сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайды. Біз өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарымызды жан-жақты көрсетіп, халыққа дұрыс ақпарат беруге тиіспіз. Десе де, бүгінде әлеуметтік желіде жөн-жосықсыз жазғыштар мен негізсіз ақпарат тарататын арандатушылар аз емес. Кез келген мәселенің шешімін байыппен күтудің орнына, облыс әкімдігінің алдына жиналып, аттандауға әуестенген мақсаты бұлыңғыр топтар да кездеседі. Жаңа қоғам құруға ұмтылған мемлекетіміздің басты ұстанымы – заңдылық, әділдік, ашықтық, – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов келесі кезекте журналистер тарапынан қойылған сауалдарға ашық жауап берді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: – Құрметті Нұржан Молдиярұлы, Сіз бүгінгі баяндамаңызда өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталдыңыз. Жүзеге асып жатқан игі істерден хабардар болдық. Облыста жас кадрларды, жаңашыл азаматтарды қызметке апару жағы да көңіл қуантады. Жақында Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарына жас азаматтар аудан әкімі болып тағайындалды. Менің ендігі айтатын ұсынысым бар. Біріншісі, біздің өңірден спорт саласында, оның ішінде бокс саласында 2004 жылдан бері Олимпиада чемпионы шықпай отыр. 2005 жылдан кейін Кадеттер арасында әлем чемпионы, 2015 жылдан бері Азия чемпионы шыққан емес. Оның себебі неде? Оның бір себебі – спорт басқармасының басшысы ірі жарыстарға өзі барып, спортшыны қолдауы керек. Жанашырлық танытуы тиіс. Бізде осы жағы жетіспейді. Ал кейбір спорт мектептерінде 20-30 жылдан бері директор болып отырған азаматтар бар. Олардың да қызметін реттейтін уақыт жеткен секілді. Осы жағын ескерсеңіз дұрыс болар еді. Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Осы 2004 жылдан бері неге бізден Олимпиада чемпионы шықпай жатыр деп өзіміз де ойланамыз. Ал спорт мекемелеріне қатысты мәселелердің бар екені рас. Біз ол мәселелермен жұмыс істейміз. Сіз айтқан ұсыныстарды алдағы уақытта басшылыққа алатын боламын. Азамат ЕСАЛЫ, облыстық «Мерзім» газетінің бас редакторы: – Менің сұрағым мәдениет саласына қатысты. Облыста үлкен өнер ұжымдары жұмыс істейді. Ол жерлерде бірнеше кәсіби әншілер бар. Солай бола тұра Таразда айтулы жиын өтсе, әнші біткенді сырттан алдырады. Оларға 1 немесе 2 миллионнан гонорар төленеді. Сондай-ақ мәдениет саласында басқа да мәселелер бар. Мысалы, бұрынырақта жаздым, сіздің алдыңызда тұрған микрофонды 2 миллионға жалға алған. Қазынаның ақшасын осылай оңды-солды шаша беруге бола ма? Одан кейін, мәдениет саласында отыз жылдан бері директор болып отырған кісілер бар. Атап айтқанда, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының директоры отыз жылдан бері тапжылмай директор болып отыр. Осы жағы қаншалықты дұрыс? Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Әлбетте, қазына қаржысын бекерге жұмсауға болмайды. Өзімізде де шеберлігі жоғары әншілер бар. Өзім қатысқан жиындарға сырттан ешқандай әнші шақырылған жоқ. Алдағы уақытта да солай болатын шығар. Әсіресе миллиондап ақы төлеуге жол бермейтініміз анық. Ал отыз жылдан бері бір орында басшы болып отырған азамат жайлы мәселені аталған басқарма басшысымен талқылаймыз. Оның қаншалықты жұмыс атқарып отырғанына қарай шешім қабылдаймыз. Негізі, қай салада да ұзақ жылдан отырған директорлар бар. Білім саласындағы директорларды 7 жылда ауыстырып тұруды ұйғардық. Мүмкін басқа салаға да осы шешім қажет болар. Ал мемлекеттік қызметте басшылық қызмет – 4 жыл. Онан соң облыс әкімінің шешімімен тағы екі жылға қалдыруға болады. Онан соң тағы 2 жылға ұзартуды Ұлттық комиссия шешеді. Кейбір басшылардың ұзақ отыруы заң аясында осылай шешіліп отырады. Дегенмен сіз көтерген мәселелер назарымызда болады. Есет ДОСАЛЫ, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі: – Құрметті Нұржан Молдиярұлы, былтыр қуаңшылық салдарынан мал азығының тапшылығы сезіліп, айтарлықтай мәселе туындады. Ал биыл мал азығының алғашқы орымдары жиналды. Жалпы түсім көңіл көншіте ме? Биыл мал азығын әзірлеудегі баға деңгейі қандай? Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Былтырғы жылы қуаңшылық кәдімгідей әсер етті. Аудандарға судың жеткізілуі де төмен болды. Соның әсерінен жем-шөптің бағасы шарықтап кеткені жасырын емес. Сол қиын жағдайға қарамастан, облыс шаруалары бір жылға молынан жететін мал азығының қорын жинап алды. Керісінше, Мойынқұм ауданының аумағынан орылған шөп өзге облыстарға да жөнелтілді. Оның үстіне қыс жайлы болып, мал онша қолға қараған жоқ. Бір ауданда ғана малдың көбірек қолға қараған кездері болды. Өзге аудандар үшін қыстың қолайлы болғаны рас. Ал биыл жауын-шашын да мол, шөптің шығымы да жақсы. Сондықтан мал азығының бағасы былтырғыдан 3 есе төмен. Оның үстіне былтырғы жиған шөптің едәуір бөлігі артылған. Ол да қосымша шөптің қоры екені анық. Сондықтан мал азығын әзірлеуде ешқандай мәселе, алаңдаушылық жоқ. Талғат НҰРХАНОВ, облыстық «Аr-Аi» газетінің аға тілшісі: – Жақында облыс әкімдігінің алдына 50-ге жуық тұрғын жиналып, үйірме жұмыстары жөнінде наразылық білдірді. Біраз шу шықты. Жалпы өңірде «Арт спортты» қолға алу жалғаса ма? Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Бұл мәселе біздің назарымызда. Кезінде біршама кәсіпкерлер өздеріне шамадан тыс жүктеме алған. Қағаз жүзінде жоспар жасап, іс жүзінде үйірме жұмыстары өтпеген. Соның салдарынан бірнеше кәсіпкер бұл бағыттан өз еріктерімен бас тартты. Себебі жұмыстарын жолға қоя алмаған. Мысалы, кейбір жерде бір оқушы тәулігіне 4 рет түрлі үйірмелерге қатысады деп ақпарат берген. Оның екеуінде мемлекеттік, екеуінде жекеменшік үйірмелерге барады деп тіркелген. Сонда ол оқушы қай кезде негізгі сабағын оқиды немесе қай кезде демалады деген сұрақ туады? Істің шикілігі өз-өзінен осылай ашылып отыр. Енді нақты істің адамдарымен жұмыс жүргіземіз. Ерман ӘБДИЕВ, журналист: – Биыл қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, облыс орталығында абыз тұлғаның ескерткіші бой көтермек. Бұдан бөлек, орталық алаңдағы «Баспасөз үйіне» жазушының есімі берілді. Алдағы қыркүйек айында Шерағаңның 90 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өте ме? Бұл айтулы шараның ұйымдастырылуы қай деңгейде? Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің корифейі Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тек қана облыс әкімінің аппараты жауапты болмауы керек. Таутұлғаның мерейтойын лайықты өткізу бәріміз үшін абырой. Себебі Шерағаң барша қазаққа ортақ азамат. Бүгінгі таңда Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұжымы белсенділік танытып, қаламгер туралы кітап шығаруда. Бұған қосымша ретінде аталған оқу ордасында «Шерхантану» орталығы ашылмақ. Халық жазушысының Жуалы ауданы, Талапты ауылында тұрған үйі мәдениет басқармасының теңгеріміне берілді. Дәл қазір онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта музейге айналатын бұл қарашаңырақ қабырғалы қаламгердің өмірінен сыр шертетін естеліктерге толы. Бұл өз кезегінде жазушы шығармашылығымен сусындап өскен жастардың рухани тұрғыда дамуына оң әсер етіп, қалыптасуына зор септігін тигізбек. Шерағаңның 90 жылдығы аясында 28 қыркүйек күні республикалық ғылыми-практикалық конференция өтсе, келесі күні 29 қыркүйекте облыстық «Ag jol» газетінің 100 жылдығы тойланады. Рухани қос шараны қатар өткізудің де өзіндік себебі бар. Өздеріңізге мәлім, Шерағаң қазақ журналистикасында да өзіне тән қолтаңбасы бар айтулы азамат. Ал облыстың бас басылымы «Ag jol» газетінің редакциясы өңір журналистерінің қарашаңырағы саналады. Исламбек ДАСТАН, «Тұран инфо» ақпарат агенттігінің жетекшісі: – Өзіңіздің тікелей қоластыңызда еңбек ететін Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қашан жұмысқа шығады және оның жұмысына өзіңіз қандай баға бересіз? Нұржан НҰРЖІГІТОВ: – Жылқыбаев алдымен еңбек демалысын алды. Одан кейін өзінің денсаулығына байланысты ақысыз демалыс алды. Франция және Грузия мемлекеттерінде болды. Қазір қай жақта екенін білмеймін. 22 шілде күні жұмысқа шығуы керек. Ал жұмысына бағамды баяндамада атап өттім. Ол жерде Тараз қаласында қаншама уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселелер бар екені, жүйелі түрде шешілуі керектігі айтылды. Риналь РАХМАТУЛЛИН, облыстық «Jambyl TV» телеарнасының тілшісі: – Аймақ экономикасын аяғынан тік тұрғызып, өзіміздің өңірді өзгелерге танытамыз десек, онда туризм саласын дамытуды мықтап қолға алу керек-ақ. Бұл