Денсаулық

Адалдығынан айнымаған

Адалдығынан айнымаған

Ол өнер әлеміне өте ерте келді. Қара домбырасын тастамай арқалап жүретін, өзі солақай сары баланы сахна да жатырқаған жоқ. Інісі Мұхтар екеуі әкем Жаңбыршы құрған «Таңсамалы» ансамблінде өнер көрсетті. Әлі есімде алғаш «Нұр-Мұқасан» тобы домбыраны эстрадаға қосып, онысы қазақ ән әлеміне өзгеше бір реңк беріп, ерекше леп болып ескен кез. Ауылда жүріп-ақ экспериментке барып, тыңдарманның тамсанып айтқан жаңалығын ансамбльге қосты.

Талпынысымен талайды тамсандырып жүрді. Табандылығымен, ізденгіштігімен тыңдарманын баурап алды. Азаматтығы бір бөлек еді. Өнерге деген адалдығынан айнымай өтті. Ауданның мәдениетін көтеріп, өнерін өрістетуге қосқан үлесі көп. – Аудандық мәдениет үйінің жанынан театр ашып, «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдарының сценарийін жазған талантты сатирик Басқар Битановтың туындыларын сахнаға шығара бастадық. Талантты жігіттер мен қыздарды ауыл-ауылдан іздеп, тарта бастадық. Сапардың өнерін сонда байқағанмын. Жүріс-тұрысының, сөйлеген сөзінің өзі еріксіз езу тартқызатын қуақы қалжыңға бір бүйрегін бұрып тұратын. Бірден жұмысқа шақырдым. Басқардың інісі қамшы салдырған жоқ. Әншілік қырынан да жақсы көріне бастады. Ауылдағы кей өнер иелерінің арасында көрерменнің ықыласына ие болып, таныла бастағаннан үлкен сахнаға шығуды жоспарлап, қалаға қарай алаңдап тұратындар болады. Жеттім-толдым деген менмендікпен өрекпіп келіп, адуындылардың ортасына жеткенде өзін-өзі таппай қалатындары да бар. Ал Сапарды үлкен сахнаға қарай шақырса да, ауылдан кетпеді, – дейді облыстың мәдениет саласын басқарған білікті басшы, белгілі композитор Дүйсенәлі Бықыбаев. Өнер иесінің сөзінің жаны бар. Сапар Битанов ауылға деген алғаусыз махаббатынан, елдегі өнерді де дамыту керек деген ұстанымынан айныған жоқ. Аудандық «Құлан таңы» газетінде қызмет еткен жылдарда Сапар Битановтың өнер жолымен жақсы таныс болдым, қайда салса да қайыспайтын қара нар секілді еді. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған театр үйірмесінде елімізге белгілі сатирик Басқар Битановтың сатиралық қойылымдарында басты рөлдерде ойнап жүрді. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры, белгілі актер Мәлік Ақүрпеков Сапар Битанов ауылда жүрсе де, үлкен орталарда есімі жақсы танылған өнер иесі болғанын айтады. «Сапар адамгершілігі жоғары азамат еді. Өнер әлеміне жаңа қадам басқан жастарға қамқор аға болды. Ұлы Ерасыл әкесінің жолын қуды. Бүгінде театрымыздың талантты актерларының бірі», – дейді Мәлік Дүйсебайұлы. Құландық әншілер, өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған Асылбек Үмбеталиев пен Жазира Есболова да Сапар Битановтың жастарға айрықша қамқор болғанын айтады. «Аңқылдаған ақкөңілі алабөтен еді. Кейбіреулердің бойында кездесіп қалып жататын «осы менен озып кетер» дейтін қызғаныш жоқ. Інім, қарындасым деп өзінен кейінгілерді арқасынан қағып, қоштап жүретін. Оның адамгершілігін айналасындағылар жақсы бағалады», – дейді Жазира. Өзін көрсетіп қалғысы келетін өрөкпе мінез Сапар Битановта жоқ еді. Ансамбльге шақырса да, шағын оркестрге қосылып, домбыра шертесің десе сол жерден табылатын. Топтық, ұжымдық жұмыстардан қашпайтын. Кейін облыстық газетке ауысып кеткен жылдарда біршама уақыт Сапар Битановтың өнер жолындағы өзгерістерден сырт қалдым. Бірақ енді-енді желкілдеп өсіп келе жатқан, тура әкесіндей аңқылдаған ақ көңілмен өнер ортасына киіп-жарып кірген ұлы Ерасылдың өнер жолына тілеулес бола бастаған едім. Сапар Битанов ортамыздан ерте кетті. Әйтсе де құландықтардың құлағынан оның қоңыр үні көпке дейін кетпейтіні анық. Оның өнерге деген адалдығы, өнері ұмытылмайды.

 Ардақ СЫРЫМБЕТ.