ПИК-тің жұмысы көңілден шықпай тұр
ПИК-тің жұмысы көңілден шықпай тұр
Біз келгелі үйдің жөндеуден өтпеген домофонына ай сайын 250 теңгеден төлеп отырмыз. Үй ауласының тазалығына қарайласып, басқа да шаш етектен келетін шаруаларды реттеу үшін ПИК-ке ай сайын тиісті соманы аударамыз. Тек маусым, шілде айларында төлем жасамадық. Мейлі, өзімізге міндеттелген қарызды төлеуден қашпаймыз, бірақ ондағы аула сыпырушылар үйдің алдын ғана сыпырып, артқы бөлігін тазалауды ескермей отырғаны алаңдатады. Салдарынан пәтер лоджиясының астын біз тұратын подъездің балалары дәретханаға айналдырып үлгерді. Енді жағымсыз иіс үйді жалмап, ас бөлмеге жеткен соң, біз де қол қусырып қарап отыра алмадық. Балалардың әрекетін суретке түсіріп, құқық қорғау органдарына да өтініш қалдырдық. Сол маңда аласа келген жабайы ағаштарға қарап-ақ ПИК-тің тазалыққа салғырт қарайтынын байқауға болады. Енді осы келеңсіздіктер реттеліп, оңынан шешілсе деген тілегіміз бар. Себебі қала тазалығы – жан тазалығы емес пе?!
Маржан ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ,
қала тұрғыны.