Дәрігерлер беделі неге төмендеп барады?
Дәрігерлер беделі неге төмендеп барады?
Бірақ науқастың туыстары мен күйеуі «жас ананың жатырын алып тастады, оның болашағына балта шапты» деп ота жасаған дәрігерлерді кінәлап, билік иелеріне арызданып, орталық теледидарға дейін өздерінің ішкі қыжылын жеткізеді. Теледидар қызметкерлері де оқиғаның анық-қанығына жетпей, сол хабарды орынсыз бүкіл жұртқа таратып, қазіргі қоғамдағы дәрігерлерге деген теріс пікірге май құйғандай болды. Неге? Көпшіліктің медицина қызметкерлеріне деген қазіргі көзқарасы жыл өткен сайын қоюланып бара жатқанын көріп отырмыз. Барлық кінәні дәрігерлерден іздейтін теріс пікір қоғамымызда терең қалыптасуына әлгідей шикі хабарлар, әлеуметтік желілер мен газеттердегі кере-қарыс мақалалар себепкер болып отырғаны медицина қауымын алаңдатады. Талап қойған жақсы, орынды да болар, бірақ шектен шығу, яғни тырнақ астынан кір іздеу дұрыс па? Кімде қателік болмайды? «Отырса – опақ, тұрса – сопақ» дегендей қара қою бояуды медицина қызметкерлеріне жаға бергеннен қоғам не ұтады? Онсыз да дәрігерлік мамандықтың бедел-берекесі кетіп, елімізде 15 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр емес пе? Қоғамның қыспағына орынсыз түскен дәрігерлер қалай қызметінен абырой алады? Былтыр өзге елдерге (Ресей Федарациясына, Германияға, АҚШ және т.б.) 900 дәрігердің қоныс аударуының басты себебі осы дәрігерлерді орынсыз қаралау, сотқа беру, ұрып-соғып кету, атып кетуден емес пе екен? Медицина қызметкерлеріне деген алакөздік, мейірімсіздік, талас-тартыс, дау-дамай қоғамда неге тым өршіп барады? Неге дәрігерлердің беделін тым түсіріп жібердік? Әңгімемізге себеп болған жоғарыда келтірілген Түркістандағы перинаталдық орталықта орын алған оқиғаға кері оралайық. Жүктілік кезінде қан құрамындағы қанды ұйытатын тромбоцит пластинкалары бар болғаны 21 (нормада 200-400) болып әбден әлсіреп, титықтап келген әйелде кез келген уақытта (босанардың алдында, босанған сәтте) қан кету факторы басым болғандықтан дәрігерлер консилиумы ота жасап (Кессер тілігімен), бала мен ана өмірін сақтап қалу керек деген шешімге келеді. Ол жайында науқас келіншектің туыстары мен күйеуіне хабардар етіп, «тәуекел!» деп отаға алады. Кессер тілігі көмегімен 21 апталық жас шақаны аман алып қалады. Бірақ жасалған отаға қарамай қан кету басталып, оны тоқтатамыз деген әрекеттері (қан құю, тоңазытылған плазма – СЗП және де басқа дәрі-дәрмектер) дәрігерлерді қатты састырады. Ота столындағы әйелдің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер жатырды алып тастауға мәжбүр болады. Әйтпесе, сол сәттерде әйелдің өмірі қыл үстінде еді. Дәрігерлердің сол жанқиярлық әрекеттерінің арқасында ғана жас келіншек аман қалады. 8 сағатқа созылған ота кезінде дәрігерлердің жан қиналысын, жүрек пен жүйкесіне түскен ауыртпалықты, стресті тек дәрігер-оташылар ғана түсінеді. Дәрігерлердің білімі мен тәжірибесі жетпей жас әйелдің жатырын алып тастады деу түсінбеушілік, зор қателік. Дәрігерлер мұндай сәттерде екі жанның (ана мен жас сәбидің) өмірін сақтап қалуға міндетті. Тек сол принциппен сондай тактиканы таңдап алды. Енді келіп, олардың жанқиярлық еңбегін жоққа шығарып, орынсыз қаралап-кінәлап, ел алдында масқаралап, беделдеріне дақ түсіру білместік. Қазіргі біздің қоғам мен қалыптасқан орта базбір фактілердің анық-қанығына жетпей-ақ, білімдерінің таяздығынан айқай-шу шығарып, әлеуметтік желіге салып, тіпті тележурналистеріміз де кез келген шала істі іліп алып, көпшілік алдында ұпай жинауды әдетке айналдырды. Одан олар не ұтады? Өздерінің білімі жетпесе, алдын ала әр нәрсенің қыр-сырын білетін санасы бар мамандармен кеңесіп, келісіп алғандары артық бола ма? Неге жерден жеті қоян тапқандай алақандарын шапалақтап, қолдарына ілінген істің ақ-қарасына көз жеткізбей әлеуметтік желілерге, телеканалдарға жария етуден жалықпай келеді? Өсіп келе жатқан жастар ертең дәрігерлік мамандықты таңдайды деп ойлайсыз ба? Дәрігердің жұмысы онсыз да жеңіл емес, жауапкершілігі тағы бар. Күндіз алдына келген науқастардың шағымдарын тыңдап, ауруын анықтап, ем-дом жүргізсе, кешке стационардағы ауруларды бақылауға түнгі кезекшілікке қалады, түнде түскен науқастарға дәрігерлік көмек көрсетеді, уақыт күттірмейтін дертке жедел хирургиялық ота жасайды. Сол ауыр еңбегі үшін мардымсыз айлық алады. Оның да отбасы, бала-шағасы бар, оларға да көңіл бөліп, сабағын оқытып, жөнді киім кигізіп, жоғары білім беру, тәрбиелеу ата-ананың мойнында. Күн көрісіне әзер жететін айлық табысы оның барлық қажеттілігін жаба ала ма? Сәл мүлт кетсе болды, «Гиппократқа ант берген, неге оны жөнді орындамайды?» деп байбалам салып, жерден алып, жерге саламыз. Ол дәрігерлік диплом алып тұрып: «өмір бойы мойныма кедейшіліктің қамытын киіп, жоқшылықтан, жетіспеушіліктен қиналып, азаптанып өмір сүремін» деп ант берген жоқ болар. Неге онда дәрігерлерге әркез сын көзбен қарап, тырнақ астынан кір іздеп, қаралауға, арыз жазуға, билікке телефон шалып шағымдануға, тіпті сотқа сүйреуге дайын тұрамыз? Жұртшылық арасында «дәрігердің алақанына ақша салмасаң жөнді қарамайды» деген түсінік желдей есіп жүр. «Жел болмаса, қамыстың басы тербелмейді» дегендей онысы да рас болар. Оларды сондай жағдайға жеткізген қоғамымыздың өзі емес пе? Айлық табысы жөнді болса, біреудің 10-20 мың теңгесіне кім қызығады? Ойды ой қозғайды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде (22 маусым 2022 жыл) журналист Қымбат Тоқтамұрат «Мемлекет қамқор болса, медицина сапалы болады» деген мақаласында «Бала кезімізде мұғалім мен дәрігерден артық мамандық жоқтай көрінуші еді. Ал қазіргі балаларға дәрігер бол десең, ат-тонын ала қашады. Адамзатқа ең қажетті мамандықтың еліміздегі қадір-қасиетін осыдан-ақ бағамдайсың. Мұғалімдердің мәртебесі айқындалды, әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Есесіне дәрігердің статусы мен жағдайын әлі күнге дейін жақсарта алмай отырмыз...» дей келе қазіргі медицина саласының кемшіліктеріне, сапасына тоқталады да «бұл, айналып келгенде, дәрігерлердің беделінің төмендеуіне әсер етуде. Жалпы дәрігердің беделі дегенде бұл іспен алдымен құзыретті орган – Денсаулық сақтау министрлігі шындап айналысу керек» деп орынды байламға келеді. Мақала авторы, мұғалімдердің белсенділігі арқасында олар мәртебелерін айқындап, табыстарын едәуір толықтырды, ал дәрігерлер – аса белсенді халық емес, әлеуметтік желілерде көріне бермейді, мәселелерін ашық айта бермейді деп дәрігерлердің өзін кінәлайды. Онысына толық келісуге болады. Медицина қызметкерлерінің қазіргі күйі, әлеуметтік жағдайы шынында да мәз емес. Жұмысбастылық пен қағазбастылықтан бас көтере алмай отырған дәрігерлер қалай белсенді болады? Сондықтан болар базбіреулер: «сендер адамды емдейсіңдер ме, әлде қағазды емдейсіңдер ме?» деп сөзбен қағып, мысқылдайтындары бар. Олары да жөнді. Жылдан жылға қағаз толтыру, есеп беру, мәлімет беру медицина саласында көбеймесе, азаяр емес. Олардан басқа әр жаңа министрдің жаңа реформалар талабы да титықтатып барады. Қазір адамға емес, қағазға сенетін заман болып тұр. Құдай дәрігерлерге қуат берсін, жүйкесі жұқармасын, төзімді денсаулық берсін. Әйтпесе, американдық зерттеушілердің мәлімдеуінше, сол экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жоғары мемлекеттерде хирургтардың 50 пайызы зейнет жасына жетпей өмірден озады, немесе инфаркт, инсульт тәрізді ауыр дерттермен ауырып, мүгедек болып қалады екен. Ал біздің елде одан еш кем түспейтіні белгілі. Оны кім зерттеп, кім көңіл бөліп жатыр? Шындықты айтқан ләзім, бұл күндері ауыл тұрғындары өздеріне қажетті медициналық көмектен мақұрым қалды. Жыл өткен сайын ол жақсарудың орнына төмендеп барады. Өйткені ауылдық, аудандық ауруханаларда дәрігерлер жетіспейді, қажетті диагностиалық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Қалаға келсе оларды емханалар мен ауруханаларда күтіп тұрған медицина қызметкері жоқ. Сарсаңға түскен науқас мемлекеттік емдеу орындарынан күдер үзіп, 4-5 күндік кезекті күтпей жеке медициналық клиникаларға, диагностикалық орталықтарға өз қалтасынан ақша төлеп қаралуға мәжбүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) жақсылығын әзірше халық көріп, сезініп отырған жоқ. Оның қызметінде әлі кедір-бұдыры, қатпар тұстары, түсініспеушілік аз емес. Әйтпесе неге өткен жылы МӘМС қоры 2,3 миллиард, ал Денсаулық сақтау министрлігі 7,4 миллиард теңгені игермеген? Билік иелері «қаржы жоқ, қаржы жоқ» деп шырылдағанда етектері жасқа толады? Неге иек астында болып жатқан былықты көрмейді? Иә, сақтандыру қорында ашықтық жоқ, әлі де халыққа жұмбақ дүние мол. Оны да зерттеп, зерделеп жатқан билік иелері, министрліктегі шенеуніктер жоқ. Тек жоғарыға жалған мәлімет беруден, қағаз толтырудан қолдары босамай келеді. Әлгі, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» нағыз өзі болып тұр. Қай қалаға барсаңыз бұл күндері мемлекеттік емдеу орындарына қарағанда, жекеменшік медицина мекемелері сан жағынан басым. Олар да мемлекеттен миллиондаған теңге алып, мемлекеттік медицина мекемелерімен тайталасып отыр. Жақсы, сауатты, тәжірибесі мол дәрігерлерді өздеріне шақырып, айлықтарын көтеріп, дәрігерлік көмекті жақсартуға, пациенттерді өздеріне көбірек тартуға үнемі әрекет жасап келеді. Онысы да дұрыс шығар. Бірақ «қазандағы ботқаға», яғни бөлінген мемлекеттік қаржыға таласып, «үлкен қасығын» жалпы қазандағы ботқаға салғанмен бірдей емес пе? Оған қоса медициналық көмекті ақшалай көрсетіп, онсыз да қиналып, сіңірі созылып жүрген пациенттердің қалтасын қағу емес пе? Неге жыр болған әлеуметтік міндетті медициналық қордың мүмкіндігін пайдаланбасқа? Неге қорға үлес қосқан пациент қажетті ем ала алмайды? Мұндай саясатпен қызмет ете берсек мемлекеттік медицина мекемелері бірте-бірте құлдырып, біразы құрдымға кетпей ме? Неге мемлекетіміздің мүмкіндігін пайдаланып, медицина қызметкерлерінің жалақысын, жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салмайды? Медицина қызметкерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесі көп жағдайда неге шешілмей келеді? Ертеде, бір ұсынысымызда жаңадан салынып жатқан аурухана маңында міндетті түрде ақ халатты қызметкерлер тұратын жатақхана салыну керек деген болатынбыз. Бірақ «баяғы жартас сол жартас» болып, ол іс құлаққа жетпей, алға баспады. Неге? Олай болмаса, мемлекетіміз қамқор болмаса, медицина сапалы болады деп ойламайық. Көпшіліктің айтуынша, қазіргі жас дәрігерлердің білімі төмен, клиникалық сана-ойлары таяз, бір кабинеттен екінші кабинетке жұмсап, пәленбай анализдер мен диагностикалық құралдарға жүгіндіріп, ауруларды зар қақтырады деп ренішін білдіріп, оңды-солды кінәлап жатады. Оның себебі неде? Әрине, университеттерде терең білім алмай, ақылы-төлемді курста оқып, жүрдім-бардым оқитын жастардан ертең қандай дәрігер шығады? Ертеректе Алматыда дәрігерлер білімін жетілдіретін арнайы институт бар еді. Билік иелері оны саудаға, талан-таражға салып, ары тартып, бері тартып жүріп, 50 жылдан астам қызмет еткен оқу орнын жауып тынды. Білімді, білікті, тәжірибелі профессорлар мен доценттер басқа орындарға ауысып кетті. Сөйтіп, құлақ сұрап барып, мүйізінен айырылған ешкінің күні болды. Енді дәрігерлер білімін қайда жетілдіреді? Әзірше бұл көпшілік алдында тұрған жұмбақ сұрақ. Әйтеуір, халыққа әжептәуір қызмет етіп тұрған мекемені жауып тастауға, таратып жіберуге осы біз қамшы бастырмайтын болдық. Қазіргі Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері немен айналысып, халық денсаулығын жақсартуға қандай жақсылық жасауды жоспарлап отыр екен? Оларды дәрігерлердің бүгінгі жалпы жағдайы толғандыра ма? Егер олар ойламаса, кім ойлайды? Қашан дәрігерлердің еңбегі орынды бағаланады? Әрине, жылы орында «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз», деп томпиып уақыт өткізе беруге болар, бірақ судың да сұрауы бар емес пе? Жылы орында отырған шенеуніктер елдің жағдайын қашан түсінеді? Команда болып келіп, команда болып кетіп жатқандардан халыққа не қайыр? Пәленбай уақыттан бері «Басты байлық– денсаулық» деп ұрандатып келе жатсақ та шешіліп жатқан мәселе аз, ал проблемалар шаш-етектен. Оны ескеріп жатқан жан жоқ. Барлығы қызметте уақытша отырғандай пейілде, қалғып-мүлгіп жүр. Уақытын өткергенге мәз. Оныменен қайда барарымыз, қайдан шығарымыз белгісіз. Шерағамыз, қайраткер Шерхан Мұртаза айтқандай, «Бір кем дүние»... Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ахуалды жақсарту мақсатында Жаңа Қазақстан құруды жиі айтып келеді. Сөзден нақты іске көшкеніміз керек-ақ. Күні кеше, яғни 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елімізде орын алып отырған көптеген кемшіліктерге тоқталып, медицина саласын да біраз сынға алды. Әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қызметкерлеріне шүйлікті. Өйткені жиналған қордың қайда, кімге, қанша мөлшерде кетіп жатқаны жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан көпшілік оның қызметіне үлкен күдікпен, күмәнмен қарайды. Оны әділ, орынды сын деп қабылдағанымыз жөн. Шынында, әттең, халыққа медициналық көмек әзірше ойдағыдай болмай тұрғаны көпті толғандырады. Мына жалғанда адам денсаулығынан, адам өмірінен қымбат не бар? «Жақсыдан түңілмейік, ертелі-кеш жақсы заман келер» деген үмітпен халық көпшілікті сабырға шақырып, өздерін жұбатуда. Сол жарқын заман ертерек қоғамымызға енсе екен шіркін деп кейде бір сәт арман-қиялға берілеміз. Ақжелеңді абзал жандарға деген қоғамдағы көзқарас өзгерсе екен деген ой да бізді жиі мазалайды. Лайым, дәрігерлер мен медбикелердің күндіз-түнге қарамай, уақытпен еш санаспайтын жанқиярлық еңбегі орынды бағаланып, олардың беделін көтеруге сіз болып, біз болып атсалысайық!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Тараз қаласы.