Денсаулық

Ұлы мұралар ұрпаққа ұлағат

Ұлы мұралар ұрпаққа ұлағат

Қазақ халқының тарихы небір оқиғаларға толы. Ондай оқиғалар сол ортада өмір сүрген адамдардың жүрегінде өшпес із қалдырып, мәңгі есте сақталып қалады. Ал мәдениет әрқашанда тарихпен тығыз байланысты. Әсіресе қоғамдық өмірдің сан алуан сыры күмбірлеген күй мен шырқалған әндерден өз көріністерін тауып отырған. Ақын- жыраулар көбіне тарихи оқиғалар жайында толғаса, ол жырлар өз заманының шежіресі болып қалғандығы белгілі. Ал аңыз, өлең, музыка ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып отырған.

Қазақтың музыкалық аспаптары өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайтын бірегей мәдени мұрасы. Халқымыздың дәстүрлі музыкалық аспаптарын саралағанда ең әуелі олардың дыбыстық ерекшелігі мен жасалу заты басты назарға алынады. Әрбір аспаптың дыбыстық ерекшелігі олардың белгілі бір ортадағы қызметі мен қолданысының өлшемі болса, жасалу заты сол аспап атауының айқындауышы болып саналады. Еліміздің әртүрлі музейлерінің қорлары мен экспозицияларында қазақтың көптеген көне музыкалық аспаптары сақтаулы. Олардың арасында домбыра, қылқобыз, сыбызғы, шаңқобыз, шертер және тағы басқа музыкалық аспаптар бар. Сол аспаптар арасында қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан көне саз аспабы домбыраға тоқталатын болсақ, домбыра ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды. Әртүрлі е скерткіштерге, сондай- ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында да бірнеше домбыра бар. Атап айтсақ, 1984 жылы музей қорына тапсырылған Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тұрғыны, ағаш шебері А.Түсіповтың қолынан шыққан домбыра, 2003 жылы музей қорына тапсырылған тараздық қолөнер шебері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Қазым Аманқосовтың ұлттық ою-өрнектермен безендірілген емен мен қарағай ағаштарынан бүтіндей ойылып жасалған домбырасы бар. Сонымен қатар 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы жасалған ағаш шебері Ербол Сметовтың қолынан шыққан домбыра да музей қорында сақтаулы тұр. Домбыра – қазақтың қуаныш пен қайғысын бөлісетін, мұңдасар, сырласар жан серігі болып келген және бола да бермек.

Гауһар ҚАРҚЫМБАЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің экскурсиялық

және көпшілікке қызмет көрсету бөлімінің экскурсоводы.