- Advertisement -

Жүріп алмай,бас редакторлық қызметіңе кіріс

123

- Advertisement -

БАТТАЛ ЖАҢАБАЙҰЛЫ,  Жамбыл облысының Құрметті азаматы:  «Жүріп алмай, бас редакторлық қызметіңе кіріс»

Белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың көзін көріп, қызметтес болған жандар бүгінде арамызда көп емес. Солардың бірі – газетіміздің ардақты ардагері, 95 жасқа қадам басқан Баттал Жаңабайұлы. Баттал ағамызға қазақтың маңдайына біткен тағдырлы ұлмен қызметтес болған жылдары жайлы естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.

 – Сіздің Асанбай Асқаровпен бірге қызметіңіз қай жылдардан басталды?

– Асқаровпен бір кеңседе қызмет атқаруым 1960 жылдың орта тұсынан басталды. Ол кісі бірінші хатшы ретінде мені өзінің кеңсесіне алдырып, идеология жөніндегі хатшының орынбасары қызметін атқардым. Идеология жөніндегі хатшы дегеніңіз Асқаровтан кейінгі үшінші тұлға саналады. Жұмысты абыройлы атқарған секілдімін. Өйткені бірінші хатшының маған деген құрметі ерекше болды.

– 1965 жылы облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы Беген Байсақалов қызметінен кеткенде осы орынға бірден сіз ұсынылыпсыз. Қалай қабылдадыңыз? Облыстық партия комитетіндегі қызметіңіз де осал емес еді ғой.

– Сауалың орынды. «Обкомдағы» қызметім өте беделді болатын. Бірақ бірінші хатшы Асқаров 1965 жылы 3 қаңтарда шақырып алып: «Еңбек туы» газетінің бас редакторлығына сені ұсынып отырмыз. Бүгін бюро мүшелерінің ұсынысын тыңдаймыз. Онан соң Орталық комитеттің бірінші хатшысы Дін мұхамед Қонаевтың алдынан өтесің. Қонаев хабардар. 5 қаңтар сол кісінің қабылдауында боласың. Үлкен кісіден шыққан соң, Алматыда жүріп алмай, тез бас редакторлық қызметіңе кіріс» деді. Ол кезде партия басшысының айтқаны – заң. Біздер – партия солдаттары едік. Әр қызметкердегі ұғым осылай болатын.

Асқаров айтты, бюро қолдады. Қонаевтың алдынан өтіп, 6 қаңтар күні бас редакторлық қызметіме кірістім. Міне, осы қызметімді табаны күректей 21 жылға жуық атқардым. Елді де, маған сенім артқан басшыларды да ұятқа қалдырған жоқпын деп ойлаймын. Әсіресе үлкен сенім артқан Асанбай Асқаровқа рақмет.

– Асқаров басшылық қызмет еткен жылдары Жамбыл жерінде қандай құрылыстар жүргізілді?

– Ол кезде Тараз қаласының шағын аудандары салына бастады. Қазіргі кеден департаменті отырған ғимарат салынды. Бірнеше тұрғын үйлер бой көтерді. Ол кісі Шымкенттен гидромелиоративтік институтты алдырды. Оның ректоры Рахмет Жолаев деген кісі болды. Сол «Гидро» институтқа студенттер қ абылдауға арналған комиссияға облыстық партия комитетінің өкілі болып бардым. Байқағаным, жігіттер көп қабылданып кеткен екен. Мен ректорға: «Кілең жігіттер отырған жерде тәртіп босаңсиды. Арасында әр топқа 4-5 қыз керек. Қыздар бар жерде, азаматтар өзін басқаша ұстайды» деп ұсыныс айттым. Ректор осы ұсынысымды қолдап, резервте тұрған 30 қызды институтқа қабылдап жіберді.

Асқаровпен бірге аудан араладыңыз ба? Өзін қалай ұстаушы еді?

– Асқаровпен бірге ауданға жиі шыққан емеспін. Ол кісі өзін қай кезде де қарапайым ұстады. Кемшіліктерді көрсе, оны түзетудің жолдарын іздейтін. Жергілікті басшыларға да айқай емес, кеткен олқылықты ақыл-парасатпен түсіндіретін. Жай ескертуінің өзі сүйектен өткендей өткір болатын. Асекең бізді аудандық конференцияларға өкіл етіп жіберетін. Бірде облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысы Мұқатай Жүрмағанбетов екеуміз Талас ауданына конференцияға бардық. Анау кісі орыс тілді. Ол кезде облыста жиынның бәрі орысша өтеді. Жолда: « Мұха, Талас ауданы– қазақы аудан. Баяндамаңызды қазақша дайындадыңыз ба?» деп сұрадым. Жүрмағанбетов: «Бәке, есіме дұрыс салдың. Бұл жағынан сен маған көмектесші» деді. «Жарайды, қазақша баяндама дайындап қоямын» дедім. Ауданға барғанша ақпараттар алдырып, тергізіп, бірнеше беттік қазақша баяндама дайындап, үлгердім. Жүрмағанбетов сол баяндаманы оқып беріп, жақсы құрметке ие болды. Бұл ретте Асқаров екеумізді әдейі бір ауданға жіберді ғой деймін. Жүрмағанбетовтің орыс тілді екенін ескеріп. Асқаров қандай істі болса да назарда ұстайтын, аңғарымпаз, іскер басшы болды.

– Әсерлі сұхбатыңызға рақмет.

 

Әңгімелескен

Есет ДОСАЛЫ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support