Денсаулық

Батырдың анасына құрмет

Батырдың анасына құрмет

Ерлік ешқашан есеппен жасалмайды. Ерлік іс сын сағатта шын батырдың бойынан туса керек. ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, қарулы қылмыскерлермен айқас кезінде жұлыннан зақымданып, арбаға таңылып, осы ауыр жарақат салдарынан кейінірек көз жұмған полицей Бекжан Тіленшиев – нағыз батыр. Ол берген Антына адал болып, арнайы қарулы жасақты да күтпей, үш қандықол қылмыскермен жалғыз арпалысты. Нәтижесінде қылмыскерлердің біреуі оқиға үстінде мерт болып, екеуі ұзамай қолға түсті.

Кім біледі, Бекжан қарулы жасақты күткенде, қылмыскерлер ізін суытып кетер ме еді? Бәлкім, басқа бейбіт тұрғындарға да ажал төндірер ме еді? Сондай қауіпті топпен жалғыз айқасқан Бекжандікі – шын ерлік. Бұл жөнінде облыстық «Aq jol» газетінің биылғы жылдың 25 маусым күнгі санында «Батырлықтың үлгісі– қайран Бекжан» атты көлемді мақала жариялап, ерлікті бағалауға деген ниет танытқан едік. Бекжанның батырлығын бағалау жөнінде бастама көтерген едік. Жақында батыр Бекжанның анасы Гүлзағипа Тіленшиевке облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералиннің қолы қойылған «Ана шапағаты» төсбелгісі табыс етілді. Төсбелгі мен куәлікті облыстық жол полиция ардагерлер кеңесінің төрағасы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Мұрат Ақылбаев салтанатты түрде тапсырып, Отанға қорған ұл туған анаға жұбату сөзін арнады. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданының құрметті ардагері Әмірқұл Райқұлов, полиция саласының Құрметті ардагерлері Оразбек Таласбаев пен Құттыбай Беркімбаев, полиция ардагері Аралбек Тоңбаев және Бекжанның бауыры Жеңіскүл Тіленшиева ерліктің қашанда ескірмейтіні туралы толғана сөйледі. Полиция ардагерлері бар болғаны 27 жасында өшпес ерлік жасаған батыр Бекжан Тіленшиевтің есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде де ой қозғады. Атап айтқанда, ерліктің ерен үлгісі Бекжан Тіленшиевті ең жоғары мемлекеттік марапатқа ұсыну, оған ерлік жасаған қаласы Тараз шаһарынан немесе туып-өскен жері Шақпақ ата ауылынан көше атауын беру, Бекжан Тіленшиевтің ерлігін жоғары және арнаулы оқу орындарында, туған өлкесі Жуалы ауданының мектептерінде насихаттау және патриоттық кештер өткізу туралы айтты. Марапат соңында батырдың анасы Гүлзағипа Тіленшиева марапаттап жатқан ұйымға, оған себепкер болған кісілерге алғысын білдіріп, рақмет айтты. «Атағы мен марапаты емес, Бекжан балам өмірде аман болса деп едім. Алла ісіне амал бар ма? Ол ортамызда жоқ. Бекжан – біздің шаңырақтың ғана емес, елдің баласы. Халықтың баласы. Оның атын халық өшірмейтініне сенемін», деп көзіне жас алды. Біздің көңілімізде батыр Бекжан Тіленшиевтің ерлігі лайықты бағалануы тиіс. Оған қандай мемлекеттік марапат берілсе де артық емес деген тілек тұрды. «Aq jol» газеті Бекжан батырға қатысты мәселелерді қашанда назарда ұстайтыны анық.

Есет ДОСАЛЫ.