Денсаулық

Қанат отбасы бизнесін дамытуда

Қанат отбасы бизнесін дамытуда

 Бүгінде «Қоңыртөбе» шаруа қожалығы – егін және мал шаруашылығын қатар алып келе жатқан ірі агроқұрылымның бірі. Қожалық жетекшісі Қанат Наушабаевтың айтуынша, шаруашылықтың иелігінде 250 гектар егістік жер бар. Онда арпа, бидай, мақсары, көпжылдық шөптер орналастырылған.

Қожалық төрт түлікті Қоңыртөбе ауылының батыс бетіндегі Бөкейтаудағы жайлауда ұстап отыр. Қазір шаруа оның қыстық мал азығын дайындауға білек сыбана кірісіп кеткен. Шаруашылықтың техника паркі де жыл сайын жаңаруда. Өткен жылы қожалық «МТЗ- 952» маркалы доңғалақты трактордың 3-еуін өз қаржысына сатып алыпты. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы техникаларына берілетін субсидияның да шарапатын сезінген шаруа ол тракторларға 9 миллион теңге көмек алған. «Бұл да болса үлкен жеңілдік», дейді шаруа. Бұдан бөлек, қожалық былтыр «ҮТО» маркалы қытайлық жүктиегіш және Беларусь Республикасында шығарылған шөпті турап, майдалауға арналған трактор тіркемелерін де алдыртыпты. Бүгінде арпа-бидай орағына «Нива» комбайны жарап-ақ тұр. – Қожалықта 150 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 50-і сауын сиыр. Күнделікті 600-700 литр сүт сауылып, оны аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» мен Тараз қаласындағы «Көкжиек» ЖШС-на өткереміз. Сүтке де тиесілі субсидияны алып отырмыз, – дейді Қанат Наушабав. Шаруашылық ет өндірісін де мықтап қолға алған. Жыл бойы бордақы алаңынан мал үзілмейді. Қазір қорада 60 бас бұқа байлаулы тұр. Қыста 50 басқа дейін жылқы бордақыланады. Оның етін Шымкент қаласындағы ет комбинаттарына өткеруде. Қожалық жетекшісінің жұбайы Гүлмира Наушабаева шаруашылықта сауыншылар бри гадасының жұмысын үйлестіруде. Ұл-қыздары да өздеріне қолқанат болып, ортақ кәсіптің өрге домалауына өз үлестерін қосуда. Атап айтсақ, үлкен ұл Ерболат мал бордақылау, одан өндірілген өнімді өткерумен айналысады. Сонымен бірге Қарасаз ауылындағы жанармай құю бекетін басқарады. Ортаншы ұл Дінмұхамед – орманшы. Жұмыстан қолы қалт еткенде, шаруашылық жұмысына көмек береді. Ал кенже ұл Бейбарыс – оқушы. Жазғы каникулын егін басында өткізеді. – Еңбектің арқасында тапқан табысымызға техникаларымызды жаңартып, отбасы бизнесін дамытудамыз. Сонымен бірге тұрақты жұмысшыларымызға да жағдай жасап, оларға да қарайласып отырамыз. Алға қойған мақсатымыз көп, соның бірі сүт және ет бағытындағы өндірісті ұлғайту, – дейді Қанат Қамбарұлы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы.