Денсаулық

Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс

Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс

Статистикаға сүйенсек, елімізде әр жылы орташа есеппен алғанда жоғары білім алып жатқан студенттердің 300 мыңы түлеп ұшады екен. Бұл – осынша жас маман еңбек нарығына жолдама алады деген сөз. Ендігі мәселе – оларды жұмыспен қамтуда жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде осы мәселеге айрықша тоқталды. Жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аудару қажет екенін атап айтты. «Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз», – деді Мемлекет басшысы. Бүгінгі таңда Дулати университетінде 15113 студент білім алуда. Соның 4 572-сі биыл қолға диплом алып, үлкен өмірге қанат қағып отыр. Олар тиісті министрліктің тізіліміне енгізілген 172 білім беру бағдарламасы бойынша білім алды. Оның 88-і бакалавриат, 73-і магистратура, 10-ы докторантура бойынша жүргізілді. Соңғы бес жыл ішінде университет 23000-нан астам маман даярлады. Кадр даярлау сапасы олардың еңбек нарығында қажеттілігі жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткіштерімен айқындалады десек, былтыр Дулати университеті түлектерінің 77 пайызы жұмыспен қамтылып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Биылғы бітіруші жас мамандар да еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болады деген сенім мол. Жастарды еңбекпен қамту – уақыт оздырмайтын, кезек күттірмейтін проблема. Ал қолға диплом алып, кәсіпқой маман атанғандардың нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болуы – жұмыссыздықпен күрес мәселесінде қатар жүретін түйткіл. Себебі нарықтық қатынастар кезеңінде жұмыс беруші сапалы білім алған, білікті кадрды талап етуге құқылы. Бұл еңбек өнімділігі әрі мекемелер мен кәсіпорындардың ішкі қорына үнем жасау үшін қажет. Қазір бұрынғы кеңестік кезеңдегідей, одан берідегі тоқырау жылдарындағыдай бір бөлімде бір адам жұмыс істеп, қалған үшеуі соның көлеңкесінде жалақы алып отыратын кез емес. Жұмыс беруші төртеудің орнына білікті екі кадрды ғана қалдырып, қалған екеудің айлық жалақысын қолынан іс келетіндерге үстемақы ретінде қосып беремін десе де еркі. Міне, осындай түйткілдерді ескере отырып, қазір елімізде жоғары білім беру саласында сапалы кадр дайындау үшін 6 бағыт бойынша нақты жұмыстар қолға алынуда. Оның бірі – кәсіби жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту. Сондай-ақ академиялық еркіндікті қеңейту және менеджментті жетілдіру де кезек күттірмейді. Ал білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу – маңызды мәселеге айналды. Жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту, жоғары оқу орындары мен колледждердің әлеуетін арттыру, сапаны қамтамасыз ету жүйесін жақсарту – білім беру ісіндегі сапаға қол жеткізуге бағытталған қадамдар. Бұл бір жағынан біз даярлаған мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, теориялық білім мен тәжірибені қатар игеруге жол ашады. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жыл өткен сайын күрделене түспеуі үшін осындай нақты іс-шараларды жүзеге асырып, нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Жұмыспен қамту дегенде біз әр жылдағы демографиялық өсімді де ескеруіміз керек. Мысалы, Мемлекет басшысы атап өткендей, екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Ал енді сол екі мыңыншы жылғылар келесі жылдан бастап еңбек нарығына шыға бастайды. Сонда бұл көрсеткіш өсе түсетіні анық. Осыны қаперге алып, жоғары білім беруде сұранысқа ие мамандарды даярлауды жаңа қадамдарға баруымыз қажет. – Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Біз жуырда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлдік. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін, – дей келе Президент ел азаматтары да өз кезегінде қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек екенін еске салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің демографиялық, көші-қон, технологиялық даму барысын ескеруді, бұл мәселенің демографиялық және экономикалық қырын бірдей ұштастыруды тапсырды.

Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры.