Атакәсіпке аңсары ауғандар көбейді
Атакәсіпке аңсары ауғандар көбейді
«Құлан» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды жылқы өсіруді қолға алған шаруаның бірі – «Дәулет» шаруа қожалығының төрағасы Көпбосын Сыдығалиев. Қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы Көпбосын шаруа қожалығын 2006 жылдан бері басқарып келеді. Иелігінде 200 гектар егістік және жайылым жері бар. Ол жоңышқа, арпа, бидай, картоп пен күнбағыс өсірумен айналысады. Қожалық Ақтоған ауылында орналасқан. Жаңаталап ауылының тумасы Көпбосын 1992 жылы Жамбыл педагогикалық институтын дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Жаңаталап орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Одан кейін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы болады. Қазір ол Тараз қаласындағы бокс клубында жаттықтырушы. Осы кәсібімен бірге, шаруашылықтың жұмысын қатар алып келе жатыр. Жақында Көпбосын «Қазмикрокредит» ұйымынан алған 9,1 миллион теңгеге 30 бие, 3 айғыр алды. Несиені 14 пайызбен қайтарады. Қайтару мерзімі 8 жыл. – Асыл тұқымды мал өсіру – менің көптен бері ойлап жүрген мақсатымның бірі болатын. Оған «Құлан» бағдарламасы аясында қол жеткіздім. Осы бағдарламаның мәнін, малды қалай алуға болатындығын аудан әкімі Батырбек Құлекеевтің шаруа қожалығы төрағаларымен өткізген жиынында естіп білдім. Бұл менің қызығушылығымды тудырды. Сұрастыра келе жаңа бағдарламаның талаптарын жіті түсініп, құжат жинауға кірістім. Қолымдағы бар малымды, қора жайымды, Тараздағы баспанамды кепілдікке қойдым. Сөйтіп, несиеге қол жеткіздім. Алла қаласа, осы малдың басын едәуір арттырып, шаруашылығымды үлкейтсем деймін. Ұлттық сусынымыз қымыз өндіруді жолға қоймақпын. Десе де алда атқарар шаруа көп. Осы несиені алуға қолұшын берген аудан әкімі Батырбек Әбдірәсілұлына, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарына айтар алғысым шексіз, – дейді Көпбосын. Құжат жинаудың өзіне Көпбосын төрт айын сарп етіпті. Ең бастысы, жарты жолда тастап кеткен жоқ. Бүгінде малы қорада. Жемшөбі әзір. Ол жылқыларды Марат Сыдығалиев пен Бейбіт Әбілханов күтіп-бағуда.
Марат Құлибаев.