- Advertisement -

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» қоғамдық қорының жоба-жоспары қандай?

93

- Advertisement -

Қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» атты қор құрылып, қалталы азаматтар ақша аудара бастаған еді. Міне, содан бері қор атаулы көмек көрсету және даму бағдарламасын іске асыру бағытында жұмыс істеп келеді. Бүгінде қордан көмек сұрағандардың ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар көп. Дегенмен қор ең алдымен ерекше қабілеті бар балалардың аяққа тұрып кетуіне барынша ықпалдасуда. Бұл расында «Балалар жылы» аясында қолға алынған қайырымды іс деп білеміз.

Күні кеше облысқа «Қазақст ан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева келіп, қордың жоба-жоспары, бағыты туралы кеңінен айтып берді. Жалпы облыста ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала болса, оның ішінде 2786 баланың мүмкіндігі шектеулі. Аймақтағы 444 мектепте 1262 бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сол с екілді 4 арнайы түзету мектеп интернатында 501 бала бар. Халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел отырысында әуелі сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі ерекше қабілеттілігі бар жастар туралы, сондай-ақ атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.

– Облыста ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін жобалар әзірленуде. Атап айтқанда, мектептен тыс және мектепішілік олимпиадалар өткізетін облыстық орталықты қайта жаңғыртып, ерекше қажеттілігі бар балаларды сол орталықта бейімдеу жобасын әзірлеу жоспарланған. Аталған орталықта кемістігі бар балаларға арналған 1500 орын және 100 орындық жатақханаға қосымша ғимарат қарастырылуда. Сондай-ақ Тараз қаласында аутизм және оңалту орталығына қосымша ғимарат пен жатақхананың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы жобалардың құны 1 миллиард теңгені құрамақ. Осыған орай аталған мәселелерді қор тарапынан шешуді ұсынамыз,–деді облыс әкімі.

Бұдан соң «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева қордың алдағы жобалары мен бағдарламалары және алты айдағы жұмыс ауқымы туралы баяндады.

– Қор ресми тіркелген күні-ақ жұмысын бастап кетті. Сол күннен үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізіп тұрамыз. Елімізде 25 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар болса, оның ішінде мыңға тарта ұйым белсенді жұмыс істейді. Қорға ел бойынша 40 мыңға жуық азамат өтініш тастаса, соның 1800-ден астамы Жамбыл облысынан түскен. Біз сол өтініштерді жік-жікке бөліп, саралап қарадық. Айтқым келгені, қордың ақшасына несие жабылмайды және той- томалаққа көмек сұрағандарға көмек көрсетілмейді. Көмек тек шын мұқтаж жандарға көрсетіледі. Біз әуелі құқық қорғау органдарының қатарында жүріп, оқыстан қаза тапқан азаматтардың отбасына 7 миллион теңгеден аудардық.

Сол секілді ауыр жараланған азаматтардың отбасына да қаржылай көмек көрсетілді. Елдегі жоғары оқу орнында білім алатын төмен отбасыдан шыққан студенттерге грант берілуде. Олардың басым көпшілігі тұрмыс жағдайына байланысты үлгерімі нашарлаған студенттер. Сол секілді денсаулық сақтау саласында туғанда көру қабілетінен ажыраған нәрестелердің еміне, тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға жәрдемдесудеміз. Бұдан өзге тамыр потологиясы бойынша сырқаттанған балалардың да өтінішін қуаттап отырмыз. Кейінгі жылдары аутизммен ауыратын балалар да көбейіп келеді. Сондықтан біз сегіз өңірде реабелитациялық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Сол орталықтың бірі Тараз қаласында ашылады. Бізде медицина саласындағы тәжірибелі мамандар көптеген ауруды емдеуге қауқарлы. Сондықтан реабелитациялық орталықтарда қызмет көрсету сапасына Еуропадағы елдер секілді айрықша көңіл бөлгеніміз жөн, – деді Ләззат Алтынбекқызы.

Расында ашылғанына жылға жетпеген қордың жұмысы туралы әлеуметтік желіде де алып-қашпа әңгімелер айтыла бастады. Дөңгелек үстел отырысында қоғам белсенділері қор басшылығына ашық сұрақ қойып, тиісті жауап алды.

Жиында өңір басшысы ауылдық жердегі білім сапасын қала деңгейіне жеткізу мәселесін қаузап, қордың осы жұмыстарға араласқанына ризашылығын білдірді. Нұржан Нұржігітов қордың көмегімен жыл сайын бір ауданда мектеп ашып, мұғалімдерді арнайы оқудан өткізу мәселесін қолға алу туралы да ұсынысын айтты. Бұдан соң аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы Ләззат Алтынбекқызына алғысын айтып, қормен байланысты одан әрі нығайту мақсатында меморандумға қол қойды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support