Қуанышқа кенелткен Көксай каналы
Қуанышқа кенелткен Көксай каналы
Көксай каналы біз үшін тіршілік нәрі. Осы канал суымен ауданымыздың Ақтөбе, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің дихандары егінжайларын суғарады. Мұнда ауыл дихандарының суғармалы 1684 гектар алқабы бар. Бұрын Көксай каналының 12,5 шақырымы көрші Қырғыз Республикасының аумағымен өтетін. Жол-жөнекей қырғыз бәйкелері жаз бойы канал суына ортақтасып, төменде отырған бізге су жетпей қалып, таршылық көруші едік. Соның салдарынан соңғы бес-алты жыл көлемінде жақсы өнім жинай алмадық. Осы мәселені аудандық, облыстық деңгейде көтеріп, облыс әкіміне шықтық. Біздің көтерген мәселе облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, Үкіметке қайырылған болатын. Ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мың алғыс. Біздің Қырғызстанға суға тәуелді болып отырғанымыздан хабардар екен. Ұсыныс-тілегімізді жерде қалдырмады. Жаңа канал салуды ұйғарып, Үкіметке тапсырды. Үкіметтен 5,3 миллиард теңге қаржы қаралып, өткен күзде канал құрылысы басталған-ды. Оның құрылысын «Сұңқар» мен «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізді. Тау етегіне 18 шақырымға диаметрі 120 сантиметрлік темір құбыр тартылды. Каналға кіреберістегі биік төбені жарып жол салды, құбыр тартты. Сондай-ақ, тау суын ысырапсыз пайдалану мақсатында ені – 100, ұзындығы 200 метр, тереңдігі 5 метрлік бассейн салды. Жақында жаңа салынған құбыр мен егістікке су түсті. Жобада құбырмен секундына 3,5 текше метр су жіберу көзделсе, әзірге секундына 1,8 текше метр су келуде. Тәуелсіздіктің арқасында суға деген тәуелділіктен де арылдық. Осы жобаны Үкімет назарына ұсынып, аудан дихандарына қолдау көрсеткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа да ризамыз. Көктемде Кәрім Нәсбекұлы Көксай каналына арнайы сапармен келіп, канал жұмысымен жан-жақты танысты. Қайтар жолда «Зылиха» шаруа қожалығына соғып, бізбен осы каналдың суы жайлы дидарласқан еді. Сонда облыс басшысы осы жазда өз суымызға өзіміздің иелік ететінімізді нық сеніммен айтып, картоп алқабын көбейту туралы ұсыныс жасаған-ды. Біз облыс әкімінің сөзін жерге тастағанымыз жоқ. 150 гектарға картоп егуге уәде еттік. Сол уәдеде тұрдық та. Жазда ол алқаптар Көксай каналының суын ішті. Бүгінде ойдағыдай өнім аларымызға сеніп отырмыз. Бізге қамқорлық көрсетіп, күні-түні Көксай каналының құрылысы тез бітіп, суын дихандарға жеткізіп беруге атсалысып жүрген аудан әкімі Батырбек Әбдірәсілұлына айтар алғысымыз да зор. Міне, бүгінде аудан дихандары картоп алқаптары мен бау-бақшаларына су жеткізіп, жаңа каналдың да игілігін көре бастады. Бұл қамқорлыққа біз іспен жауап бергелі отырмыз. Мен бұған дейін де аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының жаңа 50 тұлғасының бірі ретінде аудан дихандарының мұң-мұқтажы мен проблемасын көтеріп келгенмін. Әлі де осылай жұмыс жасай беремін. Ұсақ шаруа қожалықтарын бірігуге, сөйтіп жаңа техника алып, жаңа технологиямен тірлік істеуге, жер мен суды барынша үнемді пайдалануға үндеп жүрмін. Өзімнің шаруа қожалығыма келсем, енді біз картоп алқабын бұдан да ұлғайта түсеміз. Басқа шаруалар да осылай шешіп отыр. Жаңа канал суғармалы алқапты екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді деп санап отырмыз. Бұл барша Жуалы жұрты үшін үлкен игілік.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының жаңа 50 тұлғасы.