Қайырымын тапса, жан семіреді
Қайырымын тапса, жан семіреді
Ауданымызда үстіміздегі жылдың тоғыз айында статистикалық сараптамаға сәйкес жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайыз болып, жалпы жұмыссыздар саны 750 адамды құрады. Жыл басынан уәкілетті органға 2144 азамат ресми тіркеліп, тұрақты және мезгілдік жұмыстармен қамтылды. Оның ішінде уәкілетті орган арқылы бос жұмыс орындарына 1640 адам орналастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 243, әлеуметтік жұмыс орындарына 45 азамат, кәсіби оқытуға 24 жұмыссыз жолданса, «Жастар тәжірибесі» арқылы 60 жас өз тәжірибесін ұштауға мүмкіндік алды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылар саны 252 азаматты құрады. Жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұрғандар саны – 243.
Еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша осы айға дейін қоғамдық жұмыстағы 2434 жұмыссызға 20970 мың теңге, «Жастар тәжірибесіндегі» 60 жасқа 6740 мың теңге, 45 әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған азаматтарға 2100 мың теңге қаржы бөлініп, еңбекақылары берілді. Ауданда кедейшілік деңгейінен төмен тұратын отбасылардың үлесі 0,4 пайызды құрады. Бүгінгі күнге аз қамтылған отбасылар саны – 206 адамы бар 42 жанұя. Тоғыз ай ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек ретінде 96 отбасының 525 адамына 6396,1 мың теңге қаралып, оның 5975 мың теңгесі төленді. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі балалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы бойынша 1745 отбасының 5470 баласына 76795 мың теңге төленді. Ал, тұрғын үй көмегі бойынша 106 отбасынан өтініш қабылданып, 1804 мың теңге тағайындалып, төленді. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек те тағайындалады. Ол жан басына шаққанда орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызына жетпейтін адамдарға көрсетіледі. Бұл бағытта үстіміздегі жылы «Өрлеу» қанатқақты жобасы енгізіліп, жоба бойынша ауданға республикалық бюджеттен 53766 мың теңге, жергілікті бюджеттен 2700 мың теңге шартты ақшалай көмек бөлінді. Аталмыш шартты ақшалай көмекке 2924 адамы бар 473 отбасы өтініш білдіріп, 31782,8 мың теңге қаражат тағайындалып, жергілікті бюджеттен 2700 мың теңге, республикалық бюджеттен 27141 мың теңге төленді. Одан бөлек, жергілікті өкілді органның шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, яғни, 260 азаматқа 8707 мың теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Біздің бөлімде үйде әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесі бар. Мұнда бөлімше меңгерушісімен бірге 17 маман жұмыс істейді. Олар жалғызбасты қарттар мен басқаның көмегіне мұқтаж жандарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді. Үйде тәрбиеленіп, оқытылатын мүмкіндігі шектеулі 94 балаға 3110 мың теңге жәрдемақы тағайындалды. Аудан бойынша мүгедек азаматтар арнайы әлеуметтік қызметтер мен қажетті құралдар, сауықтыру орталықтарының қызметтері және шипажай жолдамаларымен қамтылуда. Мәселен, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сай, жергілікті бюджет есебінен міндетті гигиеналық құралдарды қажет ететін 85 мүгедек жанның өтініші бойынша 3139,5 мың теңге қаржыға қажетті құралдар әперілді. Жеке көмекшіні қажет ететін 71 мүгедек жанның өтініші қанағаттандырылды. Ал, облыстық басқарма есебінен 73 мүгедекке шипажай жолдамасы, 11 мүгедекке кресло-қорап және жүріп-тұруы қиын І топтағы 11 мүгедекке қолтаяқ, бір балдақ, екі балаға ортопедиялық аяқ киім, бір карсет берілді. Қалған өтініштер негізінде көмектер кезең-кезеңімен көрсетілетін болады. Керімхан Төреқұлов, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.