Денсаулық

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

«АҚ ЖОЛ»

 (2007 жыл) 9 қазан. № 163 ( 16.543). Қазан айының 4-5 күндері Меркі аудандық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 85 жыл толуына орай облысаралық ақындар айтысы болып өтті. Оған Астана қаласының, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының айтулы ақындары қатысты. «Ақ жол» газетінің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет пен ақын Қайырбек Асанов қазылық еткен, екі күнге созылған айтыс қорытындысында бас жүлде – «Волга» автокөлігі Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды. Бірінші орынға берілген екі жүлдені қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен шымкенттік Кәрима Оралова бөлісіп алды. Екінші орыннан жамбылдық Ахметжан Өзбеков пен астаналық Шырынбек Қойлыбаев көрінсе, үшінші орын Ербол Қамбатыров (Жамбыл), Мөлдір Айтбаева (Қызылорда), Гүлнұр Оразбекқызына (Алматы) берілді. Айтыстан есеп «Ақ жол» газетінде «Халық махаббаты жырмен өрнектелді» деген тақырыппен жарияланды. 10 қараша. №181-182. (16.561-16.562). Газет редакторы Мақұлбек Рысдәулет бастаған бір топ ақжолдықтар Меркі кентінде болып, «Ақ жолдың» оқырмандарымен кездесу өткізді. Шара жазылым мәселесіне арналды. Оның нәтижелі өткені туралы есеп газетте «1500 меркілік жаздырып алады» деген тақырыппен жарияланды. (2008 жыл) 24 мамыр. №79-81 (16.671-16.673). Бірінші халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық музыка фестиваліне қатысушылар облыс жұртшылығы алдында өнер көрсетті. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда ұлттық ат спорты ойындарына ұласты. Фестивальдің салтанатты жабылуы Тараз қаласының орталығындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағында өтті. 27 мамыр. №82 ( 16.674). Алғашқы мақалаларын «Ақ жол» газетінде жариялаған ғұлама тарихшы, жерлесіміз, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков туралы мақала «Төл тарихты түлеткен» деген тақырыппен берілді. Авторлары – тарих ғылымының докторы, профессор Асқар Абдуалы мен журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы. 29 қазан. №180 (16.773). «Ақжолтай хабар» айдарымен бірінші бетке «Ақ жол» «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығын алды» деген хабар жарияланды. Онда «Ақ жолдың» Ұлттық сыйлықтың «Ақпараттық қолдаушы» аталымы бойынша жеңімпаз атанғаны жайлы айтылады. Сол тұста баспасөзде жазылғандай, 2007 жылы дүниеге келген «Алтын жүрек» сыйлығы қайырымдылық саласы бойынша Орталық Азиядағы жалғыз сыйлық еді. Оның бас демеушілері: «Алтын қыран» компаниясы, «ПетроҚазақстан» АҚ екені де жазылды. Спикерлер қатарында жоба үйлестірушісі Гүлзат Сақова, режисссер, продюсер Алтынбек Рахметов, тарих ғылымының докторы, профессор Саттар Мажитов, жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров болды. Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде газеттің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулетке «Алтын жүрек» сыйлығы мен арнайы Дипломы салтанатты жағдайда тапсырылды. (2009 жыл) 1 қаңтар. №1-2 (16.809-16.810). Газеттің жаңа жылдағы таралымы – 22153! Бұл өткен жылғыдан көп еді. Басылымның жыл ашар санындағы «Бас редактор сөз алады» айдарымен берілген Мақұлбек Рысдәулеттің «Басты тақырып – адам!» мақаласында 2009 жылдың мерекелі жыл екені, облыстың құрылғанына 70 жыл толуы атап өтілетіні жазылған. «Ақ жол» осынау оқиғаға бір жыл бұрын дайындалды десе де болады. Газет беттерінде әр ауданның тарихы, тұлғалары, табиғаты, бүгінгі тыныс-тіршіліктері тарқатылып жазылды. «Ақ жол» әрқашанда халықтың мінбері болған, солай бола береді де. Бас редактор мақаласының түйіні осы болатын. 15 қаңтар. №7-8 (16.815-16.816). Облыстық «Ақ жол» газетінің қосымшасы, мектеп оқушыларына арналған «Алтын шырақ» журналының алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл жаңалық газеттің бірінші бетінде хабарланды, журнал мұқабасының суреті мен қалай жаздырып алуға болатынын түсіндірген жарнама да қоса берілді. Сол кезгі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің қолдауымен айына бір рет шыға бастаған журнал жас буынның ғылымға, техникаға, өнертапқыштыққа, отансүйгіштікке, білімге, өнер мен әдебиетке құштарлығын арттыру бағытындағы жарияланымдарды көп бере бастады. 25 сәуір. №74-75 (16.882-16.883). «Ақ жол» облыстың рухани өміріндегі үлкен жаңалықты «Шерхан – заңғар Алатауымыз, қасиетті Қаратауымыз» деген тақырыппен мақала жариялап, оқырмандарына жеткізді. Білім және ғылым министрлігінің, Жамбыл облыстық әкімдігінің, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұйғарымымен Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы сараланатын «Шерхантану» орталығының ашылу салтанаты өткен еді. Онда ғалымдар, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметов, тарих ғылымының докторы, профессор Асқар Абдуалы, журналист-жазушылар Бақытяр Әбілдәұлы, Мақұлбек Рысдәулет және басқалар сөз сөйледі.

Дайындаған

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.