Денсаулық

Жаны жайсаң жақсы аға

Жаны жайсаң жақсы аға

Белгілі композитор, көрнекті жазушы, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақанов ағаға 2022 жылдың қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеудесіне «Алтын жұлдыз» таққанына көпшілік куә. Ілия ағаның кіндік қаны тамған жері біздің Сарысу ауданының Ақтоғай ауылының маңындағы Көлмекөл екені белгілі. Дегенмен Ілия аға соңғы жылдары Атырау қаласында тұрып жатыр. Бірақ туған жерімен байланысы еш үзілмеген. Ағайын-жұртпен хабарласып, ел-жұртта болып жатқан жаңалықтар мен заман тынысынан әркез хабардар. Міне, таяуда Ілия аға туған жері Сарысу ауданына атбасын бұрып, 2-3 күн ел-жұртпен қауышты.

Аудан орталығы Жаңатастағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесуі өтіп, аудан әкімшілігі мен жерлестері үлкен құрмет көрсетті. Аудан өнерпаздары композитордың «Жайлаукөл кештері», «Көлме-көл», «Толағай» және де басқа әндерін нақышына келтіре орындап, киелі де қазыналы Қаратау етегін әсем әнге бөледі. Облыстық мәслихаттың шешімімен І.Жақановқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Жерлестерінің ықыласына риза болған Ілия Жақанов «Туған жерден артық еш жер жоқ. Көп нәрсені еске түсіремін. Елге келсем бірге өскен замандастарымды көріп, дидарласып, қалжыңдасып ерекше сезімге бөленемін. Туған жерін сүймейтін, сағынбайтын жан жоқ шығар бұл өмірде Астанада жүрсең де, Атырауда Еділ жағасында, Бурабайда жүрсең де мейлі саған ең бір жақын көрінетін орын бар, ол сен үшін жердің ең сұлуы туған жерің. Маған көрсетіп жатқан ықыластарыңызға шексіз ризамын. Ел-жұрт аман болсын, елде жағымды жаңалықтар мол болсын», деп толқыды. Мәдени іс-шаралар өткеннен соң Ілекеңнің Ақтоғайдағы қара шаңырағына соғып, дастарқан басында бірер сәт әңгімелесуге мүмкіншілік таптық. – Мені Ақселеу Сейдімбеков бірде «Ән іздеген Асан Қайғы» дегені бар. Онысы рас. Ұлттық ән өнерін зерттеу маған бұйырыпты. Бұрындары да Алексей Затаевич, Ахмет Жұбанов, Ақселеу Сейдімбек және басқалар өздерінің мүмкіншілігінше ән, күй тарихтарын зерттеген ғой. Мен де ел-жұртты айлап аралап жүріп, көптеген әндердің шығу тарихын, оның авторларын анықтадым. Жиған-тергендерімді сараптап газеттерге ұсынып келемін, кітаптарым да жарық көрді. Біразы әлі де еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланып келеді, – деп әңгімесін бастады сазгер аға. – Еліміздің Батыс өңіріне қоныс аударуыма сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағанбетов себепші болды. Ол «Батыс өңірдің әндері мен күйлері терең зерттелмей, базбіреулері тіптен ұмыт болып барады. Ілия аға Атырауға келіп, сол істі жандандырсаңыз орынды болар еді. Бізден қолдау болады» деп өтініш білдірді. Сөйтіп Атырауға көшіп келдім. Шынында бұл өңірде мұрты бұзылмаған талай қызықты деректерге, дүниелерге тап болдым. Мысалы, Ресейдің Астрахань жеріндегі қазақтардың өмірі мен өнері жайлы мәліметтер тым аз. Онда 180 мыңнан астам қандастарымыз тұрады екен. Олар өздерінің туған топырағында, атажұртында тұрып жатыр, басқа жерден ауып, босып келгендер емес. 1920 жылы Ресей Федерациясымен шекара бөлісте, негізсіз сонда қалып қойған. Ресей нулы, сулы, жері шүйгін, балығы мол жерлерді өздеріне қалдырып, қазаққа шөл, құм жерлерді беріпті. Бірақ, қазақтың пейіліне жерасты байлығы (мұнай, газ) мол кездесіп, ел ырысына айналып отыр. Астрахань облысының қазақ жері екеніне жер-су аттары да айтып тұр: Ақкөл, Бестөбе, Қарабайлы, Сасықкөл, Құмөзек және т.б. жүздеген елді мекен бар. Сол аймақта күй өнерінің дүлдүлі Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) дүниеге келіп, өмір сүрген, қазақтың күй өнерін дамытқан. Оның күйші болып қалыптасуына, сол замандағы домбырашы – Ұзақ әсер етеді. Ол жас жігіттің музыкаға деген қызығушылығын, талабын байқап, оған домбыра өнерін барынша үйретеді. Сөйтіп, Құрманғазы 18 жасында ауыл-аймаққа шебер домбырашы ретінде танылып, күйшілік өнерін танытты. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол!», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Күйші жастайынан өз елінің тәуелсіздігі үшін күреседі және сол жолында талай рет түрме тұтқыны болады. 1857 жылы жылқы ұрлады деген желеумен Құрманғазыны түрмеге отырғызады. Сондай кездің бірінде, күйшінің түрмедегі досы, Лавочкинге анасы тамағына болат араны жасырып әкеліп береді. Сонда Құрманғазы, өзін жақтайтын түрме жасақтарының көмегімен түрмеден қашып кетеді. Шаршап, демалуға отырған күйші шабыттанып, «Түрмеден қашқан» күйін шығарады. Екінші рет оны Орынбор түрмесіне қамайды, бірақ генерал-губернатор Перовскийдің қолдауымен құтқарылады. Түрме тақырыбына бірталай күй шығарады: «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «Не кричи не шуми», «Машина». 1880 жылы Астрахань түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Құрманғазы өмірге ғашық күйші болған. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Сол сияқты «Айжан-ай», «Айда бұлбұл, «Алатау», «Амандасар», «Бас Ақжелең», «Демалыс», «Лаушкен», «Ойбай, балам», «Саранжап», «Теріс қақпай», «Ұзақ Ақжелең» күйлері кеңінен танымал. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал-күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты, ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті. Оның артында халық игілігіне жарап 60-тан аса күйі қалды. Оның күйлері, қазақтың мәдениетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Домбырашының шығармалары фильмдерде және пьесаларда қолданылуда. «Өнер – өлмейді» деген пікір, сірә, осыдан болу керек. Құрманғазы Сағырбайұлы Астрахань облысы, Володар ауданындағы «Алтынжар» деген жерде қайтыс болады да сол жерге жерленеді. Жергілікті тұрғандардың сөзіне сенсек, ол өмірінің соңғы сәтінде қасындағыларға: «Менің демалатын кезім таяп қалды. Астымдағы көлігім – атымды жаназама сойып, менің мәйітімді қайыққа тиеп, өзеннің арғы бетіндегі Алтынжарға жеткізіп, жаназама сойылған аттың басын аяқ жағыма қойып жерлеңдер» деп аманатын айтады. Аманаты орындалып, барлық іс-шара күйшінің айтқанындай болады. Уақыт келе бейіт басын шөп- шалаң басып, жермен жексен болып кетеді. Ескі бейітте күйшінің қай жерде жатқаны да белгісіз болып кетеді. Пәленбай жылдар жылжып өткеннен соң, ел есін жиып Құрманғазыны дәріптеп, басына 1996 жылы кесене-күмбез орнатуға келгендер оның қай тұста жерленгенін анықтай алмай дал болады. Сонда ауылдың кәріқұлақ бір қариясы «Баяғыда бала кезімде әкем айтып отыратын, жарықтық Құрманғазының сүйегінің аяқ жағында аттың басының қаңқа сүйегі болу керек. Соны іздеңдер. Сонда табасыңдар», дейді. Сөйтіп, Құрманғазының бейітін тауып алып, оны анықтап, басына көрнекті кесен-күмбез соғады. Бұл күндері сол аймақтың қазақтары даңқты күйші Құрманғазы Сағырбайұлын ардақтап, музей мен мәдениет үйін ашып, конференциялар мен өнер күндерін ұйымдастырып, күйшінің өнерін әркез дәріптеп келеді. Сазгер, ұлы күйші, шебер домбырашы Құрманғазының қазақтың күй өнеріне қосқан еңбегі орынды бағаланып келеді. Алматыда Құрманғазы атындағы консерватория, академиялық ұлттық аспаптар оркестріміз, Атырау өңірінде Құрманғазы ауданы бар. Көптеген қалаларда оның есімі берілген көшелер де баршылық. Бұл оның өнеріне берілген үлкен баға, құрмет, – деп әңгіме сарыны белгілі өнер иелеріне, олардың өлмес, мәңгілік шығармаларына бізді жетектеп жүре берді Ілия аға. Сөз ретінде жергілікті композитор, күйші, әнші Мәді Шәутиев туралы да біраз тың мәліметтер айтылды. – Мәді Шәутиев 1909 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Саудакент (Байқадам) ауылының жанындағы Игілік елді мекенінде дүниеге келген. Ұлы жүздің Бәйдібек бабадан тараған Ыстының Тілік руының ұрпағы. Табиғат берген дарын иесінің тағдыры жеңіл болмаған. Әкесі Шәути ерте өмірден озып, Шәлібек атасының қолында өсіп, жетіледі. Туғанынан зерек болып өскен ол алты жасында арабша хат танып, шебер қолдары домбыра мен сырнайды меңгеріп, нақышына келтіре терме мен әндер орындай бастайды. Жігіттік шағы 1930-1933 жылдардағы ашаршылыққа дөп келіп, одан кейінгі 1941-1945 жылары болған Ұлы Отан соғысының шарпуы жас Мәдінің өміріне елеулі әсер етті, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Он алты жасында шешекпен ауырып, екі көзден айырылып, зағип болып қалады. Кездескен қасіреттің барлығы жиыла келе жүрегін жаралап, шығармашылығына әсер етпей қоймады. Өңірге аты шыққан Қосқұлақ Пірімбет деген күйшіден ол тәлім алған. Пірімбет күйшінің кім болғаны туралы дерек жоқ, тек «Қосқұлақ» деген оның ел-жұрт қойған лақап аты екенін білеміз. Ұстазы оған күймен қатар жыршылық өнерді де үйреткен, соның арқасында жеткіншек Мәдіні қалың елі хисса-дастандарды мол білетін жыраулығымен де таныған. Зар заманның зардабына ұрынып, өмір қиындықтарының өткелінен өткен Мәдінің күйлерінен, жыр-термелерінен сол ауыр кезеңдер мол орын алды. Айтушылардың сөзіне сенсек, ол отыздан астам күй шығарып, ел арасында сазгер-күйші, жыршы ретінде Қаратау өңірінде танылды. Уақыт өте келе ауыл төңірегіндегі той-томалақ, жиындар Мәдісіз сирек өтетін болды. Қолына қоңыр үкілі домбырасын, немесе гармонын алып дүйім халық алдында күмбірлетіп күй шертіп, төгілтіп ән-жыр айтып шеберлігімен елді тәнті етті. Жас кезімде өнерлі жан Мәді Шәутиевтің қасында біраз мезгіл бірге жүрдім. Оның шығармаларын нотаға түсіріп, кейінірек республикалық радиодан бердік, ұлттық радио қорында біраз еңбектері сақталған. Заманының дәулескер күйшісі, жыршысы атанған Мәді Шәутиевті тек оның өскен аймағының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы, ортақ тұлға деп қабылдаған жөн. Оның бізге жеткізген күйлері өзіндік шежіресімен, ұлыстық ірілігімен құнды болып қала бермек. Жерлесі, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы Мәдінің өнерін кейінгі жылдары зерттеп, естелік-кітап жазып, Игілік аулына оның ескерткіш-бюстін орнатты. Онысына өнер адамына жасаған қамқорлығына үлкен рақмет. Ел арасында әлі де жалпы жұрт біле бермейтін талай өнерлі адамдар бар ғой. Солардың шығармаларын көпшілікке жеткізіп, есімдерін жаңартып отырсақ несі артық. Ел арасында әлі де көпшілікке белгісіз болып келе жатқан қаншама өнер адамдары жүр, қаншасы белгісіз күйде өмірден өтті... Көне өнердің мұрасы жоғалмаса, іздеусіз қалмаса дейміз ғой, – деп ауыр күрсініп, сөзін қайырды Ілекең. Әңгімеге жергілікті қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин араласып: – Ілеке, мен шеркештер шежіресін жинау мақсатымен еліміздің Батыс өңірінің біраз жерін араладым. Шынымды айтсам, оған өмірімнің 9 жылы кетті. Сонда Каспий теңізі жағасындағы Форт-Шевченкода болғанымда, украиндық белгілі қаламгер, ақын, этнограф, суретші, қайраткер, өз халқының патриоты Тарас Шевченконың музей-үйіне бас сұқтым. Мені таңғалдырғаны, украиндықтардың жерлестеріне деген аса құрметі. Сіз де ол музей-үйде болған шығарсыз? – Иә, бірнеше рет болдым. Тарас Шевченко туған елінен аластатылып, 1850 жылы әскери қызметке алынып келе жатқанында Орал қаласынан Каспий теңізінің жағасындағы құйынында құм ойнаған, меңіреу Ново-Петровск фортына (Маңғыстаудың Түпқараған мүйісіне) бара жатқанын біліп, сәмбі талдың (вербаның) екі шыбығын ала кетеді. Тұрағына барғаннан кейін кепе үй қазып, оның жанына әлгі шыбықтарды қадап, күтімге алады. Сол шыбықтар уақыт келе зәулім, қуатты, салалы дараққа айналады. Жергілікті тұрғындар Т.Шевченконың сол кепешік үйі мен сәмбі талдарды кейін ерекше күтімге алып, украиндық азаматтардың қолдауымен әдемі, көрнекті музей-үйге айналдырады. Ақынның еккен ағаштары уақыт талабына көніп, қартайып, қурайды. Бірақ, оның жанында саялы көптеген жасыл ағаштар бой көтерген. Украиналық туристер атбасын бұрып, жерлестерінің қиын кезеңде тұрған, тіршілік еткен жеріне арнайы соғып, тағзым етуді ұмытпайды екен. Әлгі қураған ағаштың бір жаңқасын өздерімен алып кетуді арман санайды. Міне, ел азаматына, өз ұлтына деген құрмет осындай-ақ болсын! Халқының құрметіне, елінің ардақтысына айналған адамда қандай арман бар! Қазақта «қара шаңырақ» деген ардақты да киелі сөз бар. Әзіргі көпшілік «Сарысу өңірінің Швейцариясы» деп жүрген Ақтоғайдағы мына үйіміз біздің қара шаңырағымыз. Бұл үй мен үшін ерекше орын. Бұл үйде анам мен інім тұрды. Анам көз жұмғанша, одан кейін ұзақ жылдар інім бала-шағасымен осында болды. Балалары өсіп, ержетіп, білім алып әр қалада қызметте жүр. Кенже ұлы астанада болатын, соның бала-шағаларына қараймыз деп бірер жыл бұрын сонда қоныс аударды. Енді, қара шаңырағымыз бос тұр, көршілер, ағайындар көз салып отырады. Жазда, демалыста келіп, бір-екі күн аунап-қунап қайтамын. Ауыл сыртындағы бейітте әкем, анам, ағам Қордаш мәңгілік құшағында жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын келіп, ағайындардың көмегімен Қордаш ағамның басына кесене тұрғыздым. Қара шаңырақ, оған деген сүйіспеншілік қай жерде, қай елде жүрмейін әркез жүрегімнің бір бұрышында тұрады. Сірә, ол әр саналы пендеде болатын табиғи дүние. Иә, сөзден сөз шығады, ертеректе көрші қырғыз ағайындарға барып-келіп жүргенде естіген бір оқиға есіме түсіп отыр, енді соны айтып берейін. Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығы қарсаңында бір топ жапондық журналистер жазушының өмірі жайлы деректі фильм түсірмек болып оның туған жері Алатаудың Манас шыңы бөктеріндегі Шекер айылына (Қырғызстанның Талас облысы) келіп, оның өскен мекенін, үйін түсіргісі келеді. Жергілікті әкімшілік Шыңғыс ағаның туып-өскен ескі тапал, төбесін қамыспен жабылған шатырсыз, көріксіз үйін киноға түсіруді ыңғайсыз санап, басқа бір көрікті үйді көрсетеді. Сонда жапондықтар: «Жоқ, болмайды, бұл үйдің жаңа үй екені көрініп тұр. Бізге Айтматовтың бала кезінде тұрған бұрынғы үйін көрсетіңіздер», дегеннен соң ғана оның ертеден келе жатқан көріксіз тоқал үйін көрсетуге мәжбүр болады. Сонда жапондықтардың қуанғандығын көрсеңіз. Тапал үйді айнала жүгіріп кинокамераға түсіріп, мәз-мәйрам болады. Міне, шындықты, шынайылықты, натурализімді жандары жақсы көретін халықтың тарихқа деген көзқарасы! Боямалы өмір, алдау, арбау, жалған сөйлеу қазіргі мына ортамызды шырмауықтай аяусыз орап, тұншықтырып барады. Оған қашан тоқтау болатынын бір Алла біледі, деді Ілия Жақанов Қаратаудың қатпар-қатпар қыраттарына түсе бастаған кешкілікті көлеңкелерге ойлы көздерімен зер салып... Сол кеште бас қосқан топ өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың аузынан шыққан талай қызықты мәліметтерді ойларына тоқып, рухани байып, ерекше риза болғанына куә болдық. Сазгердің әрбір әңгімесі бір кітапқа жүк боларын ұқтық. Қазақтың «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра, ақылдас, ой бөліс» деген сөзінің растығына көзіміз жетті.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Үшбас ауылы, Сарысу ауданы.