ЕЛГЕ – ҚҰТ
ЕЛГЕ – ҚҰТ
Ал енді Оралхан Бөкейді жұмысқа қалай алғаны жөнінде Шерағаңның өзі айтып беріп еді. Бас редакторға бөлім меңгерушісі Шығыс Қазақстан облысынан жазылған бір мақаланы әкеп бермей ме? Шерағаң оқып шығады. Сөзі – нық, ойы да – мық шегедей. Мақаланың соңына қарайды, авторы – Оралхан Бөкеев. «Редакциядағылар өңдеп, жөндеп жібермеді ме екен?» деген оймен бөлімнен мақаланың түпнұсқасын алдыртады. Жоқ, ешкім жөндемеген де, өңдемеген де. Содан Шерағаң өзінің орынбасарын шақырып алып: «Сен бүгін Катонқарағайға жүріп кет. Мына жігітті алып кел, біз оны жұмысқа қабылдаймыз», – дейді. Талантты тану өз алдына, сол талантты қалай бағалай, қадірлей біледі десеңізші. Қазіргі күнгі бас редакторлар осылай жасар ма еді? Іздемек тұрмақ, қабылдауына келген адаммен ыңыранып әзер сөйлеседі... ҚазМУ-дің филология факультетінің 5-курс студенті Әбіш Кекілбаевты Шерағаң бірден «Жас Алаштың» сын бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алады. Сонда мүйізі қарағайдай сыншылар мен белгілі қаламгерлер Шерағаңның үстінен Орталық Комитетке (ЦК) арыз жазады «...мұрнын сүрте алмай жүрген студентті бөлім меңгерушісі етіп алды» деп. * * * «Арыз» дегеннен шығады ғой, Шерағаңның үстінен де арыз көп жазылатын. Шерағаңның үстінен ЦК- ға, кейінірек ҚР Президент әкімшілігіне жазылған 18 беттік, 25 беттік, 56 беттік, 70 беттік, тіпті 120 беттік арыздарды да көрдік қой. Сонда не үшін жазылады бұл арыздар? Шерағаңның ұлттың мүддесін көздеп, ұлттың пайдасын ойлағаны үшін. Осы қасиеті үшін, осындай жанашырлығы үшін талай таяқ жеді ғой Шерағаң... * * * Әдетте, біз өте білімді адамдардың қатарына Әлкей Марғұланды, Қайым Мұхаметхановты, Мұхтар Мағауинды, Қадыр Мырза Әліні, Әбіш Кекілбаевты, Сағат Әшімбаевты, Рымғали Нұрғалиды, Азат Сүлеевті, Сәбетқазы Ақатайды, Мекемт ас Мыр захметовті, Құлмат Өмірәлиевті және т.б. жатқызамыз ғой. Және бұл әбден қалыптасқан пікір. Өз басым осы қатарға тағы да екі адамды қосар едім. Оның бірі – Шерхан Мұртаза, екіншісі Жұмекен Нәжімеденов. Мен Шерхан Мұртазаның қол астында 12 жыл, Жұмекен Нәжімеденовтың қол астында 2 жыл қызмет істедім. Сондықтан да мұны білгеннен, көргеннен кейін айтып отырмын. Бұл екеуі де сырт көзге өздерінің білімді екендіктерін байқата бермейтін және оған құштар да емес болатын. Әсіресе Шерағаң. Жорта білмегенсіп «А, а, солай ма? Мен оны қайдан білейін...» деп қойып отыра береді. Шын мәнінде, Шерағаңның оқымағаны жоқ. Білмейтіні жоқ. Патшалық Ресей Қазақстанды қалай отарлаған? Қайтіп бұтарлаған? XVIII ғасырда, XIX ғасырда жазылған, қазіргі күні де сирек мұрағаттарда, сирек қолжазбалар қорында ғана сақталған осы еңбектердің көшірмелерін өз басым Шерағаңнан сұрап алып оқыдым. Мұндай еңбектердің Қазақстанда аты да, заты да жоқ, Шерағаң кезінде Мәскеуде оқыды ғой, сол кезде қолға түсірген сияқты... Бұрындары 1932 жылғы аштық туралы еш жерде жазылмайтын, еш жерде айтылмайтын. Осы алапат ашаршылық жөнінде алғаш рет айтқан, нақтырақ айтсақ, ашаршылық жөніндегі поэманы «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш жариялаған да – Шерхан Мұртаза. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков кезінде 1932 жылғы аштық туралы «Күләндам» атты поэма жазған, бірақ еш жерде басылмай қалып қойған. Осы поэманы Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетінде» жариялады ғой. Бұл 1985 жылы еді. Ал енді өзгелер білмесе білмеген де шығар, бірақ Шерағаң 1932 жылғы аштық туралы, оның себеп-салдарлары туралы, мұның артында кімдердің тұрғаны жөнінде, осы аштықта қазақ байғұстың шыбындай қырылғаны жөнінде, аштық туралы Тұрар Рысқұловтың Сталинге арнайы хат жазғаны және осыған қосымша тағы да қазақтың бес азаматының Сталинге хат жазғаны («Бесеудің хаты») жайында егжей-тегжейлі білетін. Әрине, мұның бәрі – жабық тақырып, тыйым салынған тақырып, солай бола тұрса да Шерағаң өз бетінше ізденіп, мұның бәрін баяғыдан бес саусағындай біліп, көңіліне әбден тоқып алған-ды. Білген кісі, білімді кісі әманда өзіне-өзі сенімді. Білгендіктен де Шерағаң аштық туралы поэманы жариялады да жіберді. Мәселен, қазіргі күнгі бас редакторлар неге шындықты, қоғам шындығын жариялай алмайды? Өйткені бұлардың басым көпшілігі білімсіз. Қоқырайып төрде отырғаны болмаса, өрелері де – таяз, білімдері де – саяз. Білімсіз адам ешуақытта орнықты шешім, баянды байлам жасай алмайды. Көзі де, көңілі де алаңдап тұрады. «Әлде қалай болып қалады...» деп жоғары жаққа қарап жалтақтайды да отырады... Шерағаң сонымен қатар түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, саха, қарашай, малқар, құмық, ноғай, көкоғыз және т.б.) тарихын, тақылетін, тұрмыс-салтын, тағдырын кәсіби маманнан кем білмейтін. Кезінде Мұстафа Шоқайдың «Түркі халықтары шоқтай боп бірігуі керек. Біз біріксек қана отаршыл Ресейге төтеп бере аламыз. Әйтпесе, Ресей біздің әрқайсымызды жеке-жеке жұтып қояды» дегені, онан кейінгі Тұрар Рысқұловтың «Түркі тілдес түгел бол!» дегені де мәлім. Шерағаң да осыны ұстанды. «1920-1930 жылдар аралығында Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Түрікменстанның басшылары мен зиялылары бір-бірімен жиі кездесіп, жиі кеңесіп, жиі араласып тұрған. Қазір осы дәстүр үзіліп қалды» деп қатты өкінетін Шерағаң. Сөз арасында айта кеткен орынды шығар, Шерағаңның түркітілдес халықтардың ішінде достары да көп еді. Татар жазушысы Туфан Минуллинмен жақсы араласты. Шыңғыс Айтматовпен де телефон арқылы ұзақ сөйлесіп, ой бөлісіп отырғанын талай көрдім. «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болып тұрған кезінде Ермұрат Бапиды (Ермұрат Бапи де – Шерағаңның шекпенінен шыққан, мектебінен өткен азамат) Башқұртстанға жіберді. «Башқұрттар туралы жазып кел!» деп. Ермұраттың башқұрттар туралы мақаласы жарық көргеннен кейін редакциялық жиында Шерағаң: «Біз Башқұртстанның астанасын «Уфа» деп жазамыз. Ал Ермұрат «Өбе» деп жазыпты. Өйткені, башқұрттың өздері өз астанасын «Өбе» дейді. «Уфа» дейтінді орыстар шығарған. «Өбе» деген не сөз? Бұл «Оба» деген сөз. Қазақта да «Қособа», «Бесоба» деген жер атаулары бар ғой. Бұл да сол сияқты. Тіпті «Ақмола» дегенің де айналып келгенде осы «оба», «мола», «қорым» дегеннен шыққан....», – деген-ді. Ермұрат Бапиден кейін мені жіберді. Өзбекстанға. Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде де мені Өзбекстанға екі рет жіберген-ді. Біз көршілес тұрсақ та, өзбек халқын әлі жете білмейміз. Өзбектер – тек түркі мәдениетін ғана емес, сонымен бірге бойларына қалалық өркениетті, әсіресе «мәхалла мәдениетін», Шығыс өркениетін, мұсылман өркениетін мейлінше сіңірген халық. Содан да болар, өзбектер қазақтарға қарағанда әлдеқайда еңбекқор, әлдеқайда ұйымшыл, әлдеқайда ауызбірлікшіл. Біз сияқты өзгелерге еліктеп-солықтауға да құмар емес. Уақытша науқандарға да бой алдырмайды. Бірін-бірі күндемейді, бірін- бірі етектен тартып, біріне-бірі ор қазбайды... Шерағаң да «өзбектердің біз үйренуге лайықты жақсы халықтық қасиеттерін, ұлттық үлгі-өнегелерін жазып кел!» деп тапсырма береді. Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, онан кейін «Қазақстан» телерадио корпорациясының президенті кезінде Өзбекстанда тілші ұстауға тырысты. Тек Өзбекстан ғана еме с, Шерағаң түркітілдес мемлекеттерде, атап айтқанда, Татарстанда, Башқұртстанда, Саха елінде (Якутия), Түрікменстанда, Қырғызстанда, Түркияда, Әзірбайжанда, Кавқаздағы түркі республикаларында меншікті тілші ұстауға барын салды. Бірақ жоғары жақты көндіре алмады, олар «қаржы жоқ...» деп безеріп отырып алды. * * * Шерағаңның «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бiр кем дүние» атты кiтабына қысқа да нұсқа ой толғаулары топтастырылыпты. Мысал үшiн осы кiтаптан «Жекеше көне ме?» деген шағын ой-толғауды тұтас келтiре кетелiкшi: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла! Өз пайдаң соның iшiнде. Бiрақ, бәрi солай ойламайды ғой. Бiр кем дүние!» Ендi «Сорлы» деп аталатын қып-қысқа ой-толғауға үңiлейiкшi: «Өзгенiң көлеңкесiнде тұрғанның өз көлеңкесi болмайды. Өз көлеңкесi болмаса – өлгенi». «Намыс қайда?» деген шағын ой- толғауын да қысқартпай сол күйiнде оқып көрелiк: «Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi алдымен бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл- ойымызбен, iс-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын бiлiп қойғанымыз жөн» (Ататүрiк). Ал бiзде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тiптi Парламенттiң өзiнде, сенаты бар, мәжiлiсi бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тiлiне қарсы дауыс бердi. Ал дәл осы Парламент қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл деп шешiм қабылдаған болатын. Бұл не сонда? Депутаттардың басым көпшiлiгiнiң кешегi өз шешiмiне қарсы шыққаны қалай? Жоғарыда Ататүрiк айтқан ұлттық қасиеттердiң мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиеттiң, ұлттық намыстың өлгенi ғой. Мiне, бұл – нағыз қасiрет! Бiр кем дүние». Шерхан Мұртазаның мысқалдай ғана ой-толғаулары өте жеңiл оқылады. Әрине, бұл – жазушының шеберлiгi. Бiрақ осы мысқалдай ой-толғаулардағы астарлы емеурiннiң өткiрлiгi сондай, етiңнен өтiп сүйегiңе жетедi. Шерхан Мұртазаның халықтық қалпымыз бен болмысымыз, ұлттық келбетiмiз бен намысымыз жөнiндегi ой- толғаулары неге өтiмдi? Неге бойлауық? Сорғышқа төгiлген сиядай неге санамызға бiрден сiңiп қалады? Әрине, бұл жерде жазушының шеберлiгi (форманың ұтқырлығы, ой мен мазмұнның бiрлiгi, көп айтудан гөрi дөп айтуға ұмтылу, тереңдiк, тұтастық және тағы тағылар) жөнiнде бiраз әңгiме де қозғауға болар едi. Бiрақ бiз мұны қоя тұрып, Шерхан Мұртазаның жоғарыдағы ой-толғауларының неге өтiмдi һәм бойлауықтығының көп себебiнiң бiр ғана себеп-сырына тоқталамыз. Егер парақұмар бастық өзiнiң қоластындағыларға: «Адал болыңдар, әдiл болыңдар, таза болыңдар! Пара алмаңдар!» десе, не болар едi? Бастықтың бұл сөзiне құлақ асу былай тұрсын, оның қарамағындағылар мен қоластындағылар iштерiнен мырс-мырс күлер едi. Неге? Өйткенi «сөз бен iстiң бiрлiгi» деген қасиеттi ұғым бар. Халық ақымақ емес, сөзi мен iсi, пiкiрi мен пиғылы екi бөлек адамды ешуақытта тыңдамайды және сыйлай да қоймайды. Тұлғалық қасиетi, яғни тұлғаға тән қасиетi жоқ адамның (сөзi мен iсi екi бөлек адамның) аузында дуа да болмайды. Аузында дуасы жоқ адамның сөзi де адыра қалады. Айдалаға кетедi. Ал ендi Шерхан Мұртаза қай жерде жүрмесiн, қандай қызмет атқармасын, ұлттың мұң-мүддесi үшiн арыстанша арпалысты. Өзiнiң қажыр- қайратын, жiгерiн, намысын, бiлiм-бiлiгiн осы қасиеттi де киелi жолға бағыштады. Қасым Аманжоловтың «Жау жолына атам сенi, бомба бол да, жарыл жүрек!» дегенi сияқты... Сөзi мен iсi бiр жерден шығатын тұлғаның да уәжi өтiмдi келедi. Аузының дуасы бар мұндай азаматты оқырмандар да iлтипатпен сүйiне, тұшына оқиды. Шерағаңның «Бiр кем дүниесiнiң» өтiмдiлiгiнiң бiр себебi де осында жатқандай. * * * Тегiнде бар, топырағында бар, санасында бар азамат азбайды һәм айнымайды (дүниенi бүлдiретiндер де – тегiнде жоқ тексiздер мен топырақсыздар ғой). Бүкiл күш-жiгерiн, бiлiмi мен бiлiгiн, керек десеңiз, ақшасын да, басқасын да ұлтын өрге сүйреу үшiн жұмсайды. Мұндай азаматтар – ұлтының ырысы, елiнiң құты. Шерағаң да осындай ұлтқа – ырыс, елге – құт бола бiлген сиректер мен iрiлердiң сойынан. Шерағаңның ұлтқа сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Өз басым Шерағаңның қайраткерлiгi мен азаматтық биiктiгiн тек Алаш қайраткерлерiмен (А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Т.Жүргенов және т.б.) ғана салыстырар едiм. Одан төмендесек, Шерағаңа обал болар едi. Өзiне емес, әрине. Еткен еңбегiне. Төккен терiне. Мемлекетшiлдiгiне. Мектебiне. Ұстаздығына. Көшбасшылығына. Iрiлiгiне. Азат мiнезi мен бостан рухына. Тағлымына. Өнегесiне. Отаншылдығына. Ең бастысы, күрескерлiгiне!