Қашанда жұмысқа жаңашылдық керек
Қашанда жұмысқа жаңашылдық керек
Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, елімізде экономистер, кәсіпкерлер көп. «Шетінен білімді, дарынды. Бірақ олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті жоқ деп айтуға болады», – деген сөзімен де келісуге болады. Күзде Үкіметтің құрамында бірқатар өзгерістер болатынын да естідік. Сондай-ақ Мемлекет басшысының баға белгілеуді бақылау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жаңа ұлттық жобаларды әзірлеу мәселелеріне қатысты тапсырмалары көпшіліктің көкейінен шыққаны анық. Мемлекеттік органдардың елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тиімді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты қатаң сын айтты. Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық. Президент кеңейтілген отырыста жол сапасының нашар болғаны үшін жауаптылардың бәрін жазаға тарту керектігін айтып, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құру қажеттігіне тоқталды. Ірі компаниялардың жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салатыны да айтылды. «Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды», – деді. Сонымен қатар Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралау тапсырылды. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданғанымен, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасының шамалы екенін айтып, әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс деп айтты. Алда өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осындай көрсеткіштерге баса мән берілмек. Шынында да жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Президент бұдан басқа да бірқатар өзекті мәселелерге назар аударып, мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткенін, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы азайғанын, дегенмен кей өңірлерде мұндай оқиғалар көбейгеніне тоқталды. Осы бағытта атқарылатын жұмыстардың кешенді жоспарын жасаған жөн. Жалпы, Мемлекет басшысының кейбір шешімін күтіп тұрған мәселелерді ашық, жетер жеріне жеткізіп айтқаны біраз жұмыстардың алға жылжуына түрткі болады деп сенеміз.
Жұмахан ТӘНКЕБАЕВ,
кәсіпкер,
облыстық мәслихаттың депутаты.
Талас ауданы.