Қордаланған мәселелер мүмкіндікке қарай шешіледі
Қордаланған мәселелер мүмкіндікке қарай шешіледі
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы №2 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Аумақ тұрғындарының айтуынша, ұзақ жылдардан бері облыс әкімінің бұл округке келуі бірінші рет екен. Осы округтегі №50 орта мектептің мәжіліс залында өткен жиынға Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы, қалалық мәслихаттың хатшысы, қоғамдық кеңес төрағасы, бірқатар басқарма басшылары, құқық қорғау саласының өкілдері қатысты. Жиынды облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы ашып, тұрғындарды тыңдауға келгенін айтты. Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил қысқаша баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, аталған аумақтық округте 48 мың 700 тұрғын бар. Биыл біраз көпқабатты үйге жөндеу жүргізіліп, бірқатар көшеге таза ауыз су жеткізілген. Кіші футбол алаңшалары жөнделіп, 15-шағын ауданда екі дүкен ашылыпты. 6 жоба бойынша көше жолдары жөнделген. Жаңа бой көтерген мектеп нысаны да әне-міне ел игілігіне берілгелі тұр. Мұның бәрі аталған округтегі көңіл тоярлық тындырымды тірліктер болғанымен, тұрғындардың көкейінде сан сауал көп екен. Олар ойын ашық айтуға мүмкіндік алды. Мәселен, Алатау көшесінің тұрғыны Керімбай Қашағанов көшелерінде электр бағанасы мүлдем жоқ екенін, жолдардың өте тар, жарығы жоғын айтса, еңбек ардагері Бекболат Сейдахметов әлі таза ауыз суға жете алмай отырған көшелер бар екенін, үш алқап бойынша мектепке балалар өтетін үш көпір керектігін тілге тиек етті. Округ тұрғыны Жанбайбек Түгелов Мәмбет батыр көшесінің соңында Алматы-Шымкент бағытындағы айналма жол бар екенін, ол тұста не жарық, не ешқандай жол белгісі жоқ екенін айтты. Ол жерде жол апаты жиі болатынын да жеткізді. Осы көше бойына екі аялдама, жаяу жүргіншілер өтетін жолақ, жол белгілері және тротуар керек екен. Тұрғын бұрынғы мал базар болған орын мен соған іргелес 100 гектар жердің бос жатқанына, ол жерде маскүнемдер жүретініне де алаңдаулы. Округтің тағы бір тұрғыны Ұлжан Мұратқызы «Қайнар» алқабына таза ауыз су қашан баратынын нақты сұрап, қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Ал осы аймақтың белсенді ақсақалы Оразбек Өскенбаев аумақтағы 33 көшенің 11-інде электр жарығы жоқ екенін, емхана керектігін қозғады. «Әулиеата-цемент» кәсіпорнын қала шетіне көшіру, осында орналасқан «Эврика» жанармай бекетінен де халық ығыр болғанын айтып өтті. Ойын алаңшасы салынса деді. Тағы бір тұрғын Жамбыл Нұрбаев «Эврика» жанармай бекеті өз үйінен 100 метр ғана, мектеп пен балабақшадан 300 метр ғана қашықта екенін, талапқа сай келмейтінін, жасөспірімдерге қауіпті екенін сөз етті. Округ аумағынан өтетін канал суы биыл төрт рет тасып, іргесіндегі 4-5 үйге едәуір залал келтірген. Жиында бұл мәселе де айтылды. Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Әсет Ақатаев округ аумағынан ағып жатқан «Түйте» каналының қожайындары елге су сатып отырғанын, бірақ канал қамыс пен қоқысқа толы екенін, содан ауру тарап жатқанын айта келіп, каналдың тазалығына және көпір салуға облыстық қазынадан қаржы бөлінуін сұрады. Халықтың талап-тілегін тегіс тыңдаған өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жиында қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Тұрғындардың әрқайсысы өзі тұратын аймақтың тазалығы мен тәртібіне жауапкершілігі болуы керектігін де айтып өтті. – Тараз қаласында жалпы 1400 көше бар. 400 мыңнан астам халық тұрады. Сол көшелердің 45 пайызында асфальт жоқ. Ол дегеніңіз, 600 көше. Аталған көшелердің 70 пайызында электр жарығы жоқ. Мұның барлығы бір күнде, бір жылда шешіле салатын мәселе дей алмаймын. Алдағы 5 жылда жолдың жайы мен жарықтандыру мәселесі толық шешілсе, ол жақсы. Осы талдауға қарап-ақ өздеріңіз шамалай беріңіздер. Бағана «Эврика» жанармай бекетінің тұрғындарға залал келтіріп отырғаны айтылды. Осында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы отыр. Мәселенің заңсыздығы болса анықтап, тұрғындарға мәлімдейтін болады. Округтегі өздеріңіз сөз еткен өзекті мәселенің барлығын рет-ретімен зерделейтін боламыз. Себебі қаланың басқа да аумақтары бар. Олардың да мәселелері аз емес, – деді облыс әкімі. Мұнан соң облыс әкімі бірқатар азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сондай-ақ аталған аумақтық округті аралап, жауаптыларға нақты тапсырма берді.
Есет ДОСАЛЫ