- Advertisement -

Іскер әйелдер – бизнес бастауында

505

- Advertisement -

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 40 пайызын әйел азаматтар басқарады. Қызықты қараңыз, жалпы жұмыс істейтін әйелдер үлесі бойынша Қазақстан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында екен. Осылай еңбек күшінің едәуір бөлігін басқарып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған нәзік жандылармен кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы кездесіп, әңгіме өрбітті.

– Бүгінгі қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты, әсіресе қыз-келіншектер, әйелдер тек үйдің ғана тірлігіне емес, саясатқа, кәсіпкерлікке белсенді араласуда. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында да ала дорбасын арқалап, сауда жасаған, азаннан кешке дейін еңбек етіп, балаларын аяқтан тұрғызған біздің қайсар аналарымыз еді. Сіздердің осындай ерен еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Қазір бизнес саласында жүрген қыз- келіншектер жеткілікті. Жұмыс алға басуы үшін, отбасында береке болуы керек. Үйдің де тірлігіне үлгеріп, баланы да бағып, кәсіпті де қоса алып жүрген аналарға рақмет айтамын, – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов түрлі саладағы нәзік жандылардың табанды еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат- міндеттерді бірлесіп орындауға шақырды.

Кездесуде сөз алған облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі орнына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қарқынды түрде алға жылжыған ғасырда ешкімнің қоғам дамуынан қалыс қалуына болмайды. «Білім өмірлік тәжірибемен, қоғамдағы белсенділікпен де келеді. Мұхтар Әуезовтің «ұлт боламын десең бесігіңді түзе» дегені де, сол бесікті тербететін әйелдер рөлімен тікелей байланысты. Ендеше, қай қоғамда да әйелдің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілетудің, ханымдарды кәсіпкерлікке бейімдеудің жөні бөлек екені рас. Қазір жаңа өзгерістер кезеңі. Ортақ істі бастауда бәрімізге бірлік қажет. Біздің көмегімізге зәру қаншама адамдар бар. Біз соларға көмектесіп, басқа да қызметтерді ұсына аламыз. Бастаған кәсібіне қарай бағыт-бағдар береміз. Мұндай жақсы істердің жанынан табылуға әзірміз. Бұл адами құндылықтарды көрсетеді. Біз үшін ең бастысы – осы, – деді кеңес төрайымы.

Өз кәсібін еліміздің аумағында ғана емес, өзге мемлекеттерде де танытып, дамытып отырған мықтылардың ішінде шыны зауытын басқарған нәзік жандылар да бар. Тағы бірі мал азығын дайындайтын жемшөп зауытын басқарса, енді бірі газ және сумен жабдықтауға арналған пластиктен жасалатын құбыр шығаратын зауыттың бас директоры. Сондай-ақ киім дизайны кәсібін қатар жүргізіп отырған қыз-келіншектер де баршылық. Кездесуге келген белсенділер өздерінің тың ұсыныстарын ортаға салып, идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау күтетіндіктерін жасырмады. Аймақ басшысы бұл бастамаларға арнайы грант бөлініп жатпаса да, пилоттық жоба бойынша арзандатылған несие қарастырылатынын айтты.

Әйелдер қауымының ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталған жобаларды бірлесе әзірлеуге дайын екенін жеткізді.

 Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support