Мал ұрлығы үдеп, суицид тыйылмай тұр

456

Төрт түлікпен жан бағып отырған халықтың әлеуметтік жағдайы да, өмір сапасы мен тұрмысы да сол малдың күйімен, басының артуымен өлшенетіні анық. Бар тіршілігін алдындағы төрт түлігіне арнаған қазақтың малын барымталап кету біз әдеби шығармадан оқығанымыздай қиын-қыстау заманның емес, техника мен технология дамыған, тіпті көшенің әрбір қаңғыбас иті қорғалған бүгінгі кезеңнің өзінде тыйылмай тұр.

Мал ұрлығының алдын алу мен оны іздестіру жұмыстарын жеңілдету үшін мемлекет тарапынан полиция қызметкерлеріне қажеттінің барлығы алынды, толық қамтамасыз етілді. Бірақ толыққанды нәтиже болар емес.Неге?

Ауылдағы ағайынның жанайқайы облыстық әкімдіктің арнайы жиынында да баса айтылды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құқықбұзушылық жөніндегі облыстық кеңес отырысында мал ұрлығының тыйылмай тұрғанын, осы ретте барлық тиісті азаматтар жұмылып жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.

Өңір басшысының «Неге кейбір аудандарда мал ұрлығы дерегі азаяды, ал кейбірінде көбейеді? Мысалы, Жамбыл ауданында екі есе артқан» деген сауалына Жамбыл аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Талғатбек Тәтенов оған тұрғындардың түнгі уақытта малды қараусыз қалдыруы мен салғырттығы себеп екенін айтып жауап берді.

Облыс әкімі қатаң сынға алып, бұл бағыттағы жұмыстары нәтижесіз аудандар ретінде Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Жамбыл аудандарын атап өтті.

Ал қараусыз қалған малдың кесірінен орын алып жатқан қайғылы жағдайлар өз алдына үлкен мәселе. Бұл жерде мал иелерінің жауапсыздығын жоққа шығара алмаспыз. Жуырда ғана Қордай ауданы аумағында орын алған үлкен жол-көлік оқиғасы да жол бойына шығып кеткен жылқының кесірінен болып отыр. Осы ретте, малды бағу мен көбейту, оны қорғау бар, сондай-ақ оның жауапкершілігі зор екенін де азаматтар естен шығармағаны абзал.

Кеңес отырысында құқықбұзушылыққа қатысты көптеген мәселе көтерілді. Оның ішінде интернет алаяқтық, телефонға қоңырау шалып, азаматтардың қаржысын қолды қылу деректері, жекенің мүлкін ұрлау, жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігі, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен суицид және басқа да мәселелер бар.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет», деп атап көрсеткен дерегі жан-жақты талқыланды.

Облыстағы суицид көрсеткішінің артуы Шу, Талас аудандарында орын алған өкінішті жағдайлардың есебінен болып отыр. Шу ауданында жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу дерегі 140 пайызға, ал Таласта 133 пайызға артқан. Сондай-ақ Жуалы ауданында 50 пайыз және Тараз қаласында 7 пайызға көбейген. Суицидке барған 6 жасөспірімнің бесеуі 15 пен 18 жас аралығында болса, біреуі 14 жаста болған. Олардың үшеуі әлеуметтік жағдайы жақсы, біреуі төмен және екеуі орташа отбасында тәрбиеленген.

Осыған байланысты білім, денсаулық, ішкі саясат басқармалары мен полиция департаменті бірлесе отырып әрекет етуі керектігі айтылды. Жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарының да жайын сөз етті.

– Ағымдағы жылы 8 маусым мен 31 қазан аралығында алғаш рет Қорғаныс министрлігінің пилотсыз ұшу аппараттары тартылуда. Олар жедел алдын алу іс-шарасы кезінде жабайы қарасораның қарқынды өсетін аумақтарды қашықтықтан барлауды іздестіру іс-шараларын ұшу арқылы жүзеге асырады. Осылайша, өткен мерзімде 33 ұшу іс-шаралары жүргізілді, – деген ол профилактикалық жұмыстар үшін қосымша 10 миллион теңге қаржы сұрады. «Биылғы жылы түрлі профилактикалық іс-шараларды өткізу, оның ішінде есірткі тұтынудың салдары және оның заңсыз айналымына қатысты бейнероликтерді дайындап «LED» экрандар арқылы көрсету, жастар арасында өткізілетін түрлі іс-шаралар (байқау, акция, спорттық іс-шара, викторина және т.б.) жүргізу барысында берілетін сыйлықтарға (грамота, кубок, сертификат, медаль, бас киімдер және т.б.) 10 миллион теңге қаражат бөлу мәселесін облыстық бюджеттік комиссиясының қарауына ұсынуыңызды сұраймын» деген өтінішіне облыс әкімі қаржы бөлуді қолдайтынын жеткізді.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.