Табиғатқа қастық қылу тыйылар емес
Табиғатқа қастық қылу тыйылар емес
Құрылған жылдан бергі уақытта мекеме инспекторлары заң бұзушылармен аяусыз күресіп келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен мекеме 95 рейд жүргізіп, нәтижесінде 107 әкімшілік хаттамасын толтырған. Ал жыл басынан бері 63 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға 112 хаттама толтырылып, 1 348 250 тенге айыппұл салынды. Оның бүгінде 945 620 теңгесі өндірілген. Бұдан бөлек мекеме директоры Әліби Сағындықовтың айтуынша, бұл рейдтік іс-шара кезінде қаруды заңсыз алып жүру фактілері де орын алған. – Жүргізілген рейдтер барысында Заң бұзушылардан тәркіленіп алынған 54 аңшы мылтығының 49-ының заңсыз иемденгені анықталды. Қарулардың барлығы аудандық полиция бөлімшелеріне өткізілді. Сөйтіп 54 азаматқа аң аулау қағидасын бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Табиғатқа тигізген залалы үшін оларға 645 мың теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді, – деді ол. Сондай-ақ мекеме басшысы өткен жылы балық аулауға шектеу қойылған аралықта жүргізген рейдтер барысында да заң бұзушылықтар анықталғанын айтты. Атап айтсақ, балық аулау үстінен ұсталған 45 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекет пайдасына 708 мың теңге қаржы өндірілген. Талас және Байзақ аудандарында ұйымдастырылған іс-шаралар аясында жедел қызмет инспекторларының Қызыл кітапқа енген бұлдырық құсы мен қарақұйрық аңын атқандарды ұстағанын ерекше атап өткен жөн. Ұсталғандардың бірі құсты атқаны үшін 709 мың теңге айыппұл арқаласа, қарақұйрықпен ұсталған азаматқа қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен 3,3 миллион теңге айыппұл салынып, өндірілген. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданы «Қоңырбай» қыстауының маңында 1 азаматтың заңсыз жабайы доңыз атқаны анықталып, оған 694 мың теңге айыппұл салынды. Былтыр Қызыл кітапқа енген жануарларды аулау оқиғалары Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм, Байзақ аудандарында тіркелген еді. Биыл мұндай жағдайлар бірқатар аудандарда қайталанып отыр. Мекеме басшысының айтуынша, Шу ауданында 2, Талас ауданында 1 жабайы қоян атқаны үшін үш азаматқа хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Аңшы мылтықтары тәркіленіп, аудандық полиция бөлімшесіне өткізілген. Меркі ауданында бір азамат заңсыз құралдармен балық аулағаны үшін екі орындық қайық, 1 дана тор және шанышқы тәркіленіп, мекеме инспекторымен акт толтырылып, Меркі аудандық полиция бөліміне заңды шешім қабылдау үшін өткізілген. Мойынқұм ауданында, «Андасай» ерекше қорғалатын табиғи аймақтан 3 дана жабайы үйрек атқаны үшін бір азаматқа хаттама толтырылып, құжаттар Мойынқұм аудандық сотына жолданған. Бұдан бөлек Шу ауданында, Тасөткел өзені бойында бір азамат заңсыз құралдармен, рұқсатсыз, үлкен көлемде балық аулағаны үшін 1 дана қайық, тор тәркіленіп, аудандық полиция бөліміне заңды шешім қабылдау үшін өткізілген. Сондай-ақ Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөлді өзара байланыстыратын (прорама) өзендерінде және оның құймаларында 1 наурыздан 1 шілдені қоса алғандағы тыйым салынған мерзімде қармақпен заңсыз балық аулағаны үшін 37 азаматқа хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды. Орман қоры жерінен, орман билетiмен ғана жол берілген учаскелерде заңсыз саңырауқұлақ жинаудың 13 дерегі тіркеліп, ескерту жұмыстары жүргізілген.
Марат ҚҰЛИБАЕВ