- Advertisement -

Еңбегі ерен «ЕГІЗБАЙ»

182

- Advertisement -

«Егізбай» шаруа қожалығы бес жылдан бері картоп өсірумен айналысып келеді. Бұған дейін жиырма жылдан аса пияз баптаған қожалық қазір егістік алқаптарын әртараптандырған. Қожалық жетекшісі Нұрлан Егізбаевтың айтуынша, шаруашылық биыл пиязды – 45, картопты – 75, сəбізді 6 гектар алқапқа орналастырған.

 Бұдан бөлек, шаруашылықтың 30 гектар бидай алқабы, 10 гектар жоңышқасы бар. Егінмен мал шаруашылығын қатар алып жүрген қожалықтың 600 бас қойы жайлауда. Кәсіпкер мал азығын да осы алқаптардан дайындауда. Бүгінде қожалықтың бар техникасы кәсібіне, шаруасын өрге бастыруға жарап-ақ тұр. Ағын судан да тапшылық көрмеген шаруа жерге ерте орналастырған картобына қазық түсірген.

– Картоп қазу жұмысын биыл да сәтімен бастап кеттік. Жылда ерте пісетін картоптың «Буррен» жəне «Пикассо» сұрыптарын Қарағанды облысынан алдырып, алқаптарға отырғызғанбыз. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімі жиналады. Оның əр гектарынан орта есеппен 300-350 центнерден өнім жинау жоспарлануда, – дейді Нұрлан Егізбаев.

75 гектар алқапқа шаруа 240 тонна картоп тұқымын отырғызған. Оның күтіп-баптау жұмысымен іні және күйеу балалары Мұрат Егізбаев, Құрманғазы Әуелбеков пен Медет Момынов айналысуда. Өздері сушы, өздері механизатор, бесаспап десе де болады.

Шаруа жиын-терінге 40-50 маусымдық жұмысшы тартқан. Олардың әрбірінің күндік табысы 5 мың теңгені құрайды. Диқан картопты 15-20 күнде жинап, аяқтауды көздеп отыр. Алқап басынан жиналған өнім жүк көліктерімен Тараз қаласы мен Алматы және Түркістан облыстарына жөнелтілуде.

Жуырда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те осы шаруаның картоп алқабы басында болып, жұмысымен танысқан. Аймақ басшысы облыста əлеуметтік дүкендердің жұмыс істейтінін, алдымен жергілікті өніммен сол дүкендерді қамту керектігі туралы шаруаға айтқан болатын. Нұрлан Егізбаев өнімінің бағасын нарық бағамынан 10-15 теңгеге түсіріп беріп, әлеуметтік дүкендерді қамтуға келісімін берді. Қазу жұмыстары таңғы және кешкі салқынмен жүргізілуде. Өңірдің өз өнімі алдыңғы кезекте бағаның тұрақтануына сеп болады деген сенім басым.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support