- Advertisement -

Қалдықтар да кәдеге асады

253

- Advertisement -

Қоршаған ортаға шыны сынықтарының тигізетін зияны көп. Күнделікті тұрмыста пайдаланатын шиша құтылардың кейде аяқасты сынып, шашылып жататынын көреміз. Кейде жөн-жосықсыз тасталған шыны ыдыстар орман қорлары мен табиғат аясында түрлі өрттің тұтануына да себепші болып жататыны бар. Оны кәдеге жарату Таразда былтырдан бері қолға алынуда. Бұл іске бастамашы болған «Достық и Компания» ЖШС.

Цехтың жұмыс бастағанына екі жылға жуықтады. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкілерін өндіру ісі жақсы жолға қойылған. Зауытта тәулігіне 30-35 мың банкі шығарылады. Яғни, банкінің 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам жұмыс істейді. Ондағы бір желі сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкілерді шығаруға арналған. Биыл оның екінші желісі іске қосылып, екінші желі сыйымдылығында 2 мен 3 литр аралығындағы банкілер шығарылуда.

Серіктестік директорының өндірістік орынбасары Мұрат Қаңлыбаевтың айтуынша, зауыт өндіріс көлемін арттыру үшін өткен жылы «Даму» қоры арқылы «Халық банкі» АҚ-нан 175 миллион теңге несие алып, өндіріс қуатын тәулігіне 70 мың дана банкі шығаруға арттырған.

– Зауыт банкілерді кең ассортиментте шығара алады. Жиынтықтар формаларының жеткілікті таңдауы бар. Өндірілетін өнім сапасы бойынша «Консервіленген тамақ өнімдеріне арналған шыны ыдыс» формасы мемлекеттік талаптың барлық стандартына сай келеді. Кәсіпорында шығарылатын өнімге Еуразиялық экономикалық одақ сәйкестігі туралы декларациясы бар. Бұл банкілерді Кеден одағы елдеріне өткізуге мүмкіндік береді, – дейді Мұрат Қаңлыбаев.

Зауыт ауласында бір айға жететін шикізат қоры жинақталған. Цех басшысы Есберген Еламанов шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты.

– Біз бір тәулікте 40 тонна шикізатты шыны сынықтарымен қосып балқытамыз. Күнделікті халық тұтынатын бөтелке құтысы, есік және терезе сынықтарын, айна мен басқа да шыны қалдықтарын қаланың түкпір- түкпірінен жинатамыз. Өзге облыс орталықтарынан жинатып, жүк көліктерімен тасымалдап аламыз. Осы арқылы табиғатқа, жасыл белдеу қалыптастыруға өз үлесімізді қосудамыз десек те болады.

Біріншіден, қала көшелерінде, табиғат аясында шыны ыдыстары қалдығының азаюына себепші болсақ, екіншіден оны қайта өңдеп, банкі жасап шығамыз. Алдымен шыны ыдыстарды арнайы тазалаудан өткізіп, құм мен соданы, басқа да қоспаларға араластыра отырып ұнтақтаудан өткіземіз. Одан кейін ол шикізат 1500 градустағы балқыту пешіне түсіп, 102 тонналық ваннада қайнап, балқып шығады, – дейді цех басшысы.

Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкілер құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтін де көзбен көрдік. «Цех жұмысы тоқтап қалмас үшін бір ай бұрын бір айлық шикізат қорын дайындап аламыз. Құмнан бөлек, бөтелке, шиша қалдықтары республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналып, осында жеткізіледі. Қор жинақтау мәселесі шешімін тапқан», – деді ол.

Дайын өнім Қырғыз және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда. Ал зауыттың Қазақстандағы негізгі тұтынушысы – Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу зауыттары. Қазір көкөніс пен тосап жабу кезеңі басталғандықтан шиша сынықтарынан дайындалған банкілер шыққан-шыққандай үлестіріліп кетуде. Консервілеу зауыттарынан тапсырыс алған зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеуде.

 

 Марат Құлибаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support