Пилоттық жоба ауылды айналып өтпейді
Пилоттық жоба ауылды айналып өтпейді
Қуаныштысы сол, енді бұл пилоттық жобаға ауылдық округтер де белсенді араласа бастайды. Биыл тағы 10 ауылдық округте жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 миллиард 47,5 миллион теңге қарастырылуда. Елді мекенде шағын және орта кәсіпті дамытуға мүмкіндік беретін жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда. Неге екені белгісіз, қажетті қаражат алуға Шу, Сарысу және Байзақ аудандары асықпай отыр. Өз өтініштерін әлі күнге өткізбеген. Мәселен, Жамбыл, Жуалы және Қордай аудандарындағы пилоттық округтерде сүтті тұрғындардан жинап, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу жұмыстары басталып кетсе, қалған Сарысу, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов, Шу және Мойынқұм аудандарында бұл бағытта жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. Әйтпесе әр ауылда мал бар. Сүт бар. Мұндай жайбасарлықпен ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қашан қамтамасыз етеміз? Аймақ басшысы осыны аудан басшыларына тапсырып, жобаның тұрғындарға қандай пайда әкелетінін тереңірек ойлау керектігін алға тартты. Басқосуда коронавирустық инфекцияның алдын алу мәселелері де қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің мәліметінше, өткен тәулікте коронавируспен 23 адам, пневмониямен 1 адам науқастанып ауруханаға түскен. Бүгінде инфекциялық стационарларда – 30, оның ішінде реанимацияда 3 науқас ем қабылдауда. Одан бөлек, КВИ өршіген жағдайда резерв ретінде 2 760 инфекциялық, оның ішінде 276 реанимациялық төсек орны ашылып, кезең-кезеңмен жұмылдырылатын болады. Өңіріміз «Сары» аймаққа өтетін болса «маска режиміне» көшуге тура келетінін жеткізген Нұржан Нұржігітов барлық сақтық шараларын қазірден қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Облыс әкімі бұған дейінгі тәжірибені пайдалана отырып, әсіресе оңалту орталықтарының толығымен жұмыс істеуі керектігін тапсырды. Жиында мал жайылымы және қолдан ұрықтандыру мәселелері де қаралды. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, жайылым жетіспеушілігін жою мақсатында биыл бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр. Атап айтқанда, жайылым жерлер көлемін 418 мың гектарға ұлғайту қарастырылған десек, оның 107 мың гектары қосалқы жерлер есебінен, 166 мың гектары 5 шақырымдық радиуста орналасқан жерлер есебінен, 146 мың гектары игерілмеген жерлер есебінен қалыптаспақ. – Біз ең алдымен өріс мәселесін шешуге тиіспіз. Мал басы көп шаруалар төрт-түлігін ауыл сыртына жайғаны дұрыс. Бекітілген алгоритм және жайылымдарды пайдалануды реттеудің бес бағыты бойынша жұмыстарды күшейтіңіздер, – деді Нұржан Нұржігітов. Ветеринария басқармасының мәліметінше, қолдағы мал басы тұқымын асылдандыру мақсатында қосымша 8 ауданның 12 елді мекенінде 5 511 басты қолдан ұрықтандыруды жүргізу жоспарланып, осы елді мекендерде аталған басқарма мамандарының қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу басталды және қолдан ұрықтандырушы ветеринарлар бекітілді. Бүгінде облыс бойынша 66,3 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылған. Одан 112,3 мың тонна өнім жиналса, әр гектардан алынған өнім 16,9 гектарына центнерді құрап отыр. Аймақтың барлық аудандарында комбайн тапшылығы мәселесі бар. Облыс әкімі егін орағына жұмылдырылған 539 комбайнның аз екенін, бұл істі ширату үшін комбайнның санын арттыру керектігін алға тартып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Гүлжан РАХМАН