Ауыл аспанында әсем ән қалықтады
Ауыл аспанында әсем ән қалықтады
Облысымыздың 75 жылдық мерейтойы аясында өнер иелері туған жерлеріне ат басын бұрды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ерекше дауыс иесі Сәуле Желдібаева Абай және Көктөбе ауылдарының тұрғындарын айрықша қуанышқа бөледі. Дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев әулетінің ибалы келіні, сол шаңырақтың сәні Сәуле Өткелбайқызы бүгінде Астана қаласындағы өнер ошағында қызмет атқарып жүр. Ұл-қызымен қоса, өнер жолына бағыт алған көптеген жастарға қолдау көрсетіп келе жатқан ол Астана қаласындағы «Ерке сылқым» продюсерлік орталығына жетекшілік етуде. Мерекеге орай арнайы ауыл жұртымен дидарласуға асыққан әнші алдымен Абай ауылында болды. Ауыл мектебінде қонақты қарсы алған абайлықтар өнерпазға зор ілтипат танытып, ерекше ықыластарын байқатты. Ол оқушылармен сұхбаттасып, өнер жолында қалыптасудың қыр-сырымен бөлісті. Сондай-ақ, бірнеше ән шырқап, көрермендердің көңілін жадыратты. Абай атындағы орта мектеп директоры Төрехан Азаматов ауылдастары атынан әншіге алғысын жеткізіп, ізгі тілектерін жаудырды. Мейманның бұдан кейінгі кездесуі Көктөбе ауылында жалғасын тапты. Дәл осы Көктөбенің келіні болғандықтан әрі әншінің өнеріне бас иген мұндағы көпшілік те оны ыстық ықыласпен қарсы алды. Өнердегі алғашқы қадамынан бастап, қазіргі жетістіктерін кеңінен көсілтіп әңгімелеп берген әншіні көктөбеліктер ұйып тыңдады. Әрине, ән орындап беруді ұмыт қалдырмаған Сәуле Желдібаеваға ауыл әкімі Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат депутаты Алтыншаш Үсенбаева қазақы құрметпен сый көрсетіп, алғыс білдірді.
Шулықтар бұл күні туған жерге тағзым ете келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Майра Нұркеновамен, композитор, әнші, продюсер Кенжебек Омаровпен де кездесті. Қонаев ауылының қос тумасы өз ауылдарында, аудан орталығында ұйымдастырылған жерлестермен жарқын жүздесу кештеріне қатысты.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.