Мәдениет

Маэстро!Нұрлан Байгөзов Құланға келді

Маэстро!Нұрлан Байгөзов Құланға келді

Тұрар Рысқұлов ауданында республикаға танымал өнер адамдарының қатысуымен облысымыздың 75 жылдық мерейтойы аясында жергілікті жерден шыққан өнер адамдарымен кездесу кеші өтті. Құлан өңіріндегі жұрт бүгінде Досымжан Таңатаровтың, Гүлмира Ақүрпекованың, Руслан Мамыттың, Жалғас Толғанбаевтың, Азамат Сатыбалдиевтің, Асхат Қылышбектің есімдерін жақсы біледі. 

Бұл күні кешке Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Францияның «Сизок» халықаралық авторлар қоғамының мүшесі, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, жерлесіміз, тереңөзектік Нұрлан Байгөзов пен Мальтада және Вильнюсте өткен халықаралық байқауларда бірінші орын алған, талантты әнші Тахмина Әшімбекова жерлестерімен кездесуге келіпті. Мәдениет үйіне жұрт көп жиналды. Көрермен қауымның айызын қандырған әндер айтылып, олардың өмір жолы мен шығармашылығы туралы деректер жұрт назарына ұсынылды. Елуден аса эстрадалық, симфониялық, жаздық әндердің авторы, талантты сазгер Нұрлан Байгөзов жерлестерінің алдына шығып, көрерменмен сыр бөлісті. Иә, біз Байгөзовтің шығармашылығымен бұрыннан-ақ таныспыз. Оның әртүрлі аспаптарға жазылған сюиталары мен увертюралары, пьесалары бар. Құлан сахнасында сазгердің «Ғашықтар мұңы» әнін әнші Гүлмарал Қорабаева орындаса, жас әншілер Ақжол мен Жәния оның лирикаға толы саздарын сахнаға шығарды. – Мен осыдан 45 жыл бұрын осы сахнада тұрып, тұңғыш рет ән шырқаған едім, – дей келіп сазгер қолына гитарасын алып, ұлы Ерболдың сөзіне жазылған «Кербезім» атты шығармасын ерекше бір шабытпен орындап бергенде жиналған жұрт ду қол шапалақтады. Ал жезтаңдай әнші Тахмина Әшімбекова сахнаға шығып, Шәмші ағамыздың «Сыған серенадасы», халық әні «Гүлдерайым», тағы басқа әндерді орындағанда жұрт оны ерекше қолпаштап, ризашылығын білдірді.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.