Денсаулық

Халықтар достығы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Халықтар достығы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы «Саяси реформа жағдайындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдірудің негізгі бағыттары» деп аталды. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Сондай-ақ облыстық Қазақстанхалқы Ассамблеясының мүшелері, ардагерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері,        этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, медиаторлар мен БАҚ өкілдері ортақтасты.

Сессия әуелі төрт секция жұмыстарының өтуімен басталды. Секция жиындары «Жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайтудағы БАҚ пен азаматтық қоғамның рөлі», «Ұлтты ұйыстырудағы мәдениет пен тілдің рөлі», «Жастар Ассамблеясы – жастар бастамаларын дамыту жөніндегі бірлестік», «Жаңа Қазақстан және Қазақстан халқы Ассамблеяны жаңғырту» тақырыптары бойынша өтті. Сессияның пленарлық отырысын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ашты. Өңір басшысы баяндамасында өзге ұлт өкілдерін қолдауға арналған айқын бағыттарды айта келіп: – Еліміздің Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында аталған ұйымның біздің бейбітшілік пен келісім саясатымыздың берік институционалдық тірегі болып қала беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі үш басымдығын анықтады. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси реформаларды іске асырудағы рөлін күшейту, ақпараттық жұмысты күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық әлеуетін жандандыру мен құқық қорғау қызметін күшейту. Біздің өңірде жұмыс жүргізіп отырған Ассамблеяның да ұзақ жылдарда жинаған тәжірибесі мол. Жаңа бағыттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі мақсаты – қазақстандық патриотизмді жетілдіріп, Жаңа Қазақстандағы қоғам құндылықтарын жаңғырту. Бұл ретте біздің өңірдегі жұмыстардың белсенді болуы маңызды. Осы орайда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері жұмысты ширатуы қажет. Атап айтқанда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық кеңестердің төрағалары мен мүшелері ауылдарға барып кездесулер ұйымдастырып, қоғамдық тыңдаулар өткізгендері жұмыс қарқынын арттыра түсетіні анық. Ауылдағы тұрғындармен және жастармен кездесулер өткізу – маңызды міндет. Осы ізгі мақсат жолында баршаңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді. Мұнан соң марапаттау салтанаты өтіп, бірқатар белсенді азаматтар облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алды. Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков те бірқатар үздіктерді Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарды жариялады. Сессия жұмысын облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы қорытындылай келіп: «Алда біз атқаратын жұмыстар өте ауқымды. Оны назардан шығармауымыз қажет. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан», – деді.

Есет ДОСАЛЫ